Біз «Бірлік» Қазақстан-Швейцария қауымдастығының тең құрылтайшысы — Сәуле Хофермен таныстық. Ол қауымдастықтың қалай пайда болғанын және оның мақсаты қандай екенін айтып берді.
Сәуле Хофер, Цюрих қаласы, «Бірлік», @kazakhswiss Қазақстан-Швейцария қауымдастығының тең құрылтайшысы
Бәрі қалай басталды
Ұйымның үш құрылтайшысы бар: Нұргүл Жақыпбай, Сәуле Хофер және Руслан Тоқболат. Біздің Швейцарияда тұрып жатқанымызға 10 жылдан асты. Осы жылдар ішінде біз қазақ диаспорасының өміріне белсенді атсалысып келеміз. Дегенмен 2020 жылдың 30 мамырынан бастап қауымдастықтың концепциясын қайта қарастырып, қауымдастыққа «Бірлік» деген атау бердік. Осылайша отандастарымыздың басын қосатын бірлестікті ресми түрде тіркедік.
Мақсаты туралы
Біз коммерциялық емес ұйымбыз. Нұргүл, Руслан үшеуміз ерікті түрде жұмыс істейміз. Бірақ диаспора бізді белсенді түрде қолдап отырады.
Шетелде тұрғандықтан, ұлттық бірегейлігіңді сезіну және ана тіліңмен, мәдениетіңмен байланыста болу өте маңызды. Сондықтан біздің қауымдастық қазақстандықтардың арасында оң пікір алып, Берндегі ҚР Елшілігінің қолдауына ие болып отыр.
Қазақтар Швейцарияға қоныс аударған кезде біз олардың бұл жақтың өміріне бейімделуіне, интеграциялануына көмектесеміз. Отандастарымыз бізбен оңай байланысуы үшін әлеуметтік желілерде белсендіміз. Сондай-ақ ортақ чаттарымыз да бар.
Басты мақсатымыз бен идеямыз — Швейцарияда өсіп келе жатқан өскелең ұрпақтың ұлттық тамырынан ажырамауы.
Қауымдастықтың қызметі туралы
Қауымдастығымыз құрылған екі жылдың ішінде бірқатар іс-шаралар өткіздік. Пандемия кезінде біз Қазақстаннан келген дәрігерлерге көмек көрсеттік, сондай-ақ жас медицина студенттеріне шәкіртақы бердік.
Наурыз мерекесін жыл сайын өткізіп тұрамыз. Елшіліктің қолдауымен «Домбыра фест» және Абай өлеңдерін шетелдіктердің оқуын ұйымдастырдық. Қайырымдылық шараларына қатысып, Ақтөбе қаласындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға жаңа жылдық сыйлықтарын жолдадық.
Басты мақсатымыз бен идеямыз — Швейцарияда өсіп келе жатқан өскелең ұрпақтың ұлттық тамырынан ажырамауы
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай біз Қазақстанның Швейцариядағы Елшілігімен бірлесіп, Цюрихте жарыс ұйымдастырдық. Түскен қаражат Талғар қаласындағы «Ақжол» орталығына церебралды сал ауруына шалдыққан балаларды оңалтуға аударылды.
Қауымдастыққа мүше болу үшін не істеу керек
Біздің қауымдастық тек қазақстандықтардан ғана тұрмайды. Бізге қосылу үшін Швейцарияда тұруыңыз жеткілікті, себебі іс-шаралар офлайн форматта өтеді және мүшелік жарналарды төлеуіңіз керек болады.
Жоспарлары жайлы
Біз Швейцарияда мәдениетімізді таныту үшін этникалық музыкалық концерт ұйымдастырғымыз келеді.
Швейцарияда тұратын қазақстандықтар Қазақстан жастарының дамуына қандай үлес қоса алады деген ойдамыз. Осы бағытта жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз.