Кенжебек Нұрдолдай — қазақстандық жас әрі дарынды музыкант. Ол музыкалық мансабын қалай бастағанын, ән мәтінін жазу кезінде неден шабыт алатынын және жақын болашаққа не жоспарлағанын айтып бөлісті. Толығырақ бүгінгі материалда.
Кенжебек Нұрдолдай, 22 жаста, қаласы — Алматы, музыкант, @mr.kenjebek
Бәрі қалай басталды
Мен Павлодар мен Астананың арасында, Ерейментау өңіріндегі Еркіншілік ауылында дүниеге келдім. Балалық шағым сонда өтті, кейін Қарағандыдағы нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернатқа түстім. Сол жерде білім алдым.
Музыкаға бала кезімнен әуес болдым: магнитофон, кассеталарды жақсы көретін едім. Әкем бойымдағы осы қабілеттерді байқап, түрлі байқауларға қатысуыма себепші болды. Бастапқыда мен үшін ойыншық түріндегі ұтыстар мотивация болды. Бірінші орындарға мен жұмсақ күшік ойыншығын, LEGO конструкторын алдым. Бұл көңілді әрі қызықты еді.
2009 жылы интернатқа оқуға тапсырғанымда әкем өмірден озды. Отбасыма көмектесу үшін 11 жасымнан әртүрлі жерде жұмыс істедім, тіпті диск те саттым. Балалық шағымның осымен өткенін, жағдайымды жасау керектігін түсіндім. Үйдегі жағдай жақсарып, бәрі тұрақтанған кезде, 13 жасымда қайта музыкамен айналыса бастадым.
Шығармашылығы пен шабыт туралы
Менің музыкам лирикаға толы, оның жаны бар. Мен өз басымнан өткен нәрселер туралы ән айтамын. Яғни өмірде болған шынайы оқиғаларды бағалаймын. Кезінде тіпті хип-хоп, андерграунд рэпке де қызыққан едім. Сонымен бірге әрқашан жақсылық жағында болдым.
Мен ешқашан хитке айналсын деп музыка жазбаймын
Мен ешқашан хитке айналсын деп музыка жазбаймын. Барлығын шын жүрегіммен жазамын. Әніме өмірлік оқиғалар арқау болады, солардан шабыт аламын. Ғашық болсам, ғашық болып қалдым деп, біреумен айырылысып кетсем, айырылысу туралы әндер жазамын. Өмір туралы ойланып, әлемге айтарым бар болса, соны да жазамын.
Ойымда адамдарды мүлде басқаша елестетемін. Мен оларды мультфильм кейіпкерлері ретінде көремін, тіпті ойша санамда бояймын. Әр адам түсі бойынша бөлінеді. Міне, әндерімде осыны сипаттауға тырысамын.
Менің музыкам дамып келеді. Ол неғұрлым саналы және түсінікті бола түсті. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмын. Әндерімнің ішіндегі ең қатты ұнайтыны — «Бақытты бол». Ол басқа әндеріме ұқсамайды, тіпті оны ерекше дер едім. Бұл әнде мен өзімді басқа стильмен орындап көрдім. Маған ұнағаны — әннің барынша саналы болып шыққаны.
Концерт кезінде мен үшін ең бастысы — өзімдегі энергияны басқаларымен бөлісу
Концерт кезінде мен үшін ең бастысы — өзімдегі энергияны басқаларымен бөлісу. Адамдар әнімді тыңдап, одан ләззат алуы керек. Бұл — менің мақсатым. Менің әндерім жайбарақат айтылғанымен, оларда аздап рок-драйв бар. Сондықтан мен концерттерде жан-тәніммен беріліп ән айтып, келушілердің көңілінен шығуға тырысамын.
Ағымдағы іс-шаралар мен жоспарлары туралы
Менде шамамен 80-90 тректей шығарылмаған көп материал бар. iCloud мұрағатында 2014-2015 жылдары жазған әндер топтамалары бар. Мен тағы бір EP-альбом шығаруды жоспарлап жүрмін.
Мен өзімді әртүрлі стильде сынаймын: кантри, поп-рок, дрим-поп. EP KEZEN-нің қалай дамып келе жатқанын бақылап жүрмін. Халықтың арқасында танымал болдым, сондықтан олардың пікірімен санасамын. Бұл — маңызды аспект.
Ақыл-кеңес
Жаңадан бастап келе жатқан музыканттарға музыканы жан-тәнімен беріліп жасауды ұсынамын. Хит жазуды ойлаудың қажеті жоқ. Табыс — түсініксіз нәрсе. Кейде күтпеген жерден келеді, сондықтан оған сенбеңіз. Барлығын тек шын жүрегіңізбен жасаңыз.