Жибек Кулумбетова, 13 жаста, туған жері — Алматы, спортшы, @zhibek_bjj
Өзім және қызығушылықтарым жайлы
Менің сүйікті ісім мен хоббиім — джиу-джитсу. Бұл спорт түрі өмірімнің өзгермес мәніне айналды. Екі жылдан астам Алматы облысында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы залда дайындаламын. Бұл уақыт аралығында көптеген республикалық және халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырынан көріндім. 12 жасымда спорт шеберіне үміткер атанып, екі дүркін әлем чемпионы болдым.
Мені спортқа берудің алдында анам джиу-джитсу туралы ғаламторда көп оқыды. Бұл спорттың ерекшелігі — онда ұру жоқ, сондықтан қыздарға қатыса беруге болады.
Мен осындай тез уақыт аралығында биікке көтерілемін деп ойлаған жоқпын. Ең алғашқы жаттығудан бастап өз алдыма мақсаттар қоя бастадым.
Ең алғашқы жаттығудан бастап өз алдыма мақсаттар қоя бастадым
Бұл спорт шахматқа ұқсайды. Ол жерде логикалық тұрғыдан ойланып, алдын ала жоспарлау керек. Ата-анам менің денсаулығым мықты болатындай спорт түрін таңдаған. Оларға сол үшін алғысымды айтамын.
Спортты таңдау жайлы
Спорт оқуыма кедергі келтірмейді. Мектепте үздік оқимын, сыныбымның старостасымын. Жарыстар кезінде сабақты өткізетінім бар. Мұндай кезде қосымша сабақтарға барып тұрамын. Егер қаласаң, барлық жерге үлгеруге болады.
Маған әлемді шарлай алатыным ұнайды. Осы жолы екі рет Абу-Дабиде болдым. Өз жеңістеріммен мақтанамын. Ол үшін жаттықтырушым Нұрсұлтан Орынбасаровқа алғысым шексіз. Менің тәлімгерім қашан да ісіне жан дүниесімен беріледі.
Маған әлемді шарлай алатыным ұнайды
Спортшылар арасында мені ұлдардың тобында жеңіске жетіп жүретінім ерекшелендіреді. Мен үшін бұл қосымша мотивация, ұлдармен жарысудан қорықпаймын. Спортта қыздар да ұлдардан кем емес жетістікке жете алатындарын дәлелдегім келеді.
Өмірлік стилі жайлы
Мен үшін бастысы — өз-өзіме, достарыма, отбасыма адал болу. Сондай-ақ оқуыма да адалмын, сүйікті ісіме 100% өзімді арнаймын.
Бос уақытымда отбасыммен шәй ішкенді, спортзалға, жаттығуға барғанды ұнатамын.
Мен үшін бастысы — өз-өзіме, достарыма, отбасыма адал болу
Бос уақытымды спортқа және оның айналасындағы жаңалықтарға арнаймын. 2018 жылы джиу-джитсу Азия ойындарында жарыс тізіміне енді, ал 2022 жылы ол осы чемпионатта ресми спорт түрі болатынын білемін. 2024 жылы бұл спорт түрі Францияда өтетін Олимпиадаға енетініне сенемін. Мен үшін бұл өзекті мәселе.
Мен осы спорт түрі бойынша жарыстар өткізетін барлық елдерге баруды армандаймын. Онда елдің туын мақтанышпен көтеріп, әнұранды шырқап, жүлделі орындарға ие болғым келеді. Бұл ерекше мақтаныш сезімі.
Музыка және әлеуметтік желі жайлы
Мен теледидар қарамаймын, ал музыкадан танымалдарын ғана тыңдаймын.
Ғаламтордың жақсы, жаман жақтары барын түсінемін. Сабаққа ақпартты тез табу үшін қолданғанда жақсы. Ал жаман жағы — көзін нашарлап, көп уақытын кетеді. Ғаламторды бос уақыттарымда ғана пайдаланамын.
Instagram-блогты анам екеуіміз жүргіземіз. Оқырмандар қалдырған пікірлерді әрдайым оқуға тырысамын. Анам «оқырмандардың жақсы ниеттері әрдайым орындалады» дейді.
Маған туған тілімде үлкен мәтіндерді жазу ұнайды. Әлеуметтік желілерде достарымды, танымал адамдарды оқимын.
Не шабыттандырады
Маған жаттықтырушым шабыт береді. Одан үлгі аламын. Ол маған керек болатын білім береді.
Менің арманым — Азия және Олимпиада чемпионы болу, елімнің туын көтеру. Ол үшін жаттығуларымды өткізбей, мақсатыма тыңғылықты дайындаламын.