Жаңадан не пайда болды?
«Бәйтерек» күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін келушілеріне өз есігін ашты. Монумент жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 5 қаңтардан бастап жабылған болатын.
Ғимаратқа реставрациялық жұмыстар жүргізіліп, ішкі безендірілуі өзгертілді
Ішіндегі мәрмәр тақтайшалары, сатылы баспалдақтар ауыстырылып, объектінің металл конструкциялары жемірілуге қарсы затпен боялды. Санитарлық тораптар, витраждар алмастырылып, объекті құрылымының жоғарғы жағы күшейтілді. Бұдан басқа, қолданылатын материалдан бастап жаңадан ашылған кофехана, кәдесый салоны және киім шешетін орынға дейінгі ішкі безендірілуі өзгертілді.
Жеке LED-экраны бар заманауи өнер галереясының ашылуы,сонымен қатар фойеге үлкен майыстырып жасалған LED-экранның орнатылуы жаңашылдық әкелді. Күмбез астында ұшып жүрген таңғажайып Самұрық құстарының бейнесіндегі аспа шам пайда болды. Енді мүмкіндігі шектеулі адамдарда ескерткішке өте алатын болады.
Монумент туралы
Ескерткіш қазақстандықтардың өміріндегі жаңа сатының нышаны болып табылады
Ғимараттың ең үстіңгі деңгейі 97 метрде Нұрсұлтан Назарбаевтың оң қолының баспа-таңбасы бар «Аялы алақан» көркем композициясы орналасқан. Биіктік 1997 жылды — Астананы жаңа астана етіп жариялауды білдіреді.
Бұдан басқа, келушілерге ыңғайлы болу үшін кіру билеттерін сату бойынша терминалдар қойылған. Кіру бағасы: 15 жасқа дейінгі балаларға — 300 теңге және ересектерге — 700 теңге. Жұмыс уақыты 10:00-22:00-ге дейін.