Елімізде «Бизнес бастау» жобасы аясында 30 мың ауыл тұрғыны кәсіпкерлік негіздеріне оқытылады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Атамекен» ұлттық палатасының өкілдері мәлімдеді. Олардың айтуынша, биыл жоба аясында 6 мың адам өз ісін бастап немесе кәсібін кеңейтуі тиіс. Былтыр бұл бағыттағы оқыту курстары 80-нен астам ауылдық елді мекенде өтті. Нәтижесінде өзін-өзі еңбекпен қамтыған адамдар саны еселеп артқан. Айта кетейік, «Атамекен» палатасы былтыр мектеп бағдарламасына «Кәсіпкерлік пен бизнес негіздері» атты пән енгізуді ұсынған болатын. Сол арқылы алдағы қыркүйек айынан бастап жас ұрпақты арнайы әзірленген оқулықпен оқыту басталады.
Дерек көзі: 24.kz