Танымал болып келе жатқан қазақстандық музыканттар ән жазу тәжірибесімен бөлісіп, қайдан шабыт алатындарын айтып берді.
Айдын Кітапқали, 23 жаста, қаласы — Атырау, музыкант, @aidhn
Бәрі қалай басталды
Үш жасымда алғаш рет қолыма домбыра алған едім. Міне, содан бері музыкамен айналысып келемін. Отбасымда музыканттар жоқ, бірақ атам сыбызғыда, ал әкем гитарада ойнаған. Осылайша, мен шығармашылық ортада өстім.
Шығармашылық пен шабыт туралы
Мектепте оқып жүрген кезімде әндерді диктофонға жазып, достарыма тыңдауға беретінмін, бірақ олар күлді. Сондықтан мен музыкамен айналысатын орта іздедім. Кейінірек тұңғыш QYZY’ альбомын шығардым.
Менің авторлық музыкадағы жолым 11-сыныптан басталды. Ақшама гитара сатып алғандықтан, мектеп бітіру кешіне де бармадым.
Музыка — үлкен ғылым. Әртүрлі эмоциялар ән жазуға үлкен шабыт береді. Әндеріммен жақсылықты, шындықты, жылулықты жеткізгім келеді.
Қазақстандағы музыка индустриясының дамуы туралы
Қазақстанда музыка индустриясы белсенді дамып келеді. Жаңа есімдер пайда болып жатыр. Мен тұратын қалада музыка әсіресе жақсы дамуда.
Атырауда KILEŃHUB қауымдастығы құрылып жатыр. Бұл кез келген аймақта музыкамен айналысуға болатындығының бір дәлелі.
Қазіргі жұмысы және жоспарлары туралы
Болашақта альбом шығарсам деймін. Жоспарымда үлкен сахналарда өнер көрсету де бар. Бұдан бөлек, жақын арада жаңа әндерімді шығарамын.
Шығармашылығын ұсынатын 3 үздік музыкант:
— Lizzy McAlpine
— Jeltoksan
— Men I Trust.
Медет Сағынбек, 22 жаста, қаласы — Алматы, музыкант, @sagynbek_medet
Бәрі қалай басталды
Мен Тараз қаласынанмын. Қазіргі таңда музыкамен айналысамын, Алматыда тұрамын.
Әнді бала кезімнен айтамын. Отбасымда музыкамен айналысқан ешкім жоқ, бірақ әкем жақтың туыстары актерлер мен аспапта ойнайтын музыканттар, ал анам жақтан ақындар болды.
Шығармашылық пен шабыт туралы
Өскен сайын, бұл саланың менікі екеніне сенімді бола бастадым. Басқа салада жұмыс істеген болар едім деп ойламаймын.
Музыка — менің жүрегім, күнде көріп, сезінетінім. Шабыт көбінесе айналамдағы адамдардан келеді.
Тыңдармандар әндерімнен өздеріне бір нәрсе тапса екен деймін. Себебі әндерімде махаббат пен өмір бар. Мен үшін ең бастысы, олар әндерімді тыңдай отырып, өз проблемаларын ұмытуы.
Қазақстандағы музыка индустриясының дамуы туралы
Қазақстан тәуелсіздік алғанына 31 жыл болды. Көп уақыт өткен жоқ, сондықтан жақсы дамып жатырмыз. Жылдар өте жақсы болады, өйткені бізде өсуге мүмкіндік бар.
Шығармашыл адамдар — ерекше санат. Біз жүзге, ұлтқа бөлінбейміз. Бізге тек музыка керек. Шығармашылық мамандықтардан аулақ болу керек дейді. Бірақ егер бұл толқынға түссең, тым кеш, себебі шығармашылық сізді таңдап қойды.
Қазіргі жұмысы және жоспарлары туралы
Жоспарым өте көп. Ең алдымен көбірек тыңдарман жинасам деймін.
Шығармашылығын ұсынатын 3 үздік музыкант:
— Tancho — жас әнші, бірақ жуық арада танылады деп ойлаймын.
— Мирбек Атабеков
— Қазыбек Құрайышов. Ол жақсы әндер жазып жүр, сондай-ақ дауыс тембрі әдемі.
Ақсұлтан Ислам, 22 жаста, қаласы — Алматы, музыкант, @aqsultaan
Бәрі қалай басталды
Бала кезімнен өнерге құштармын. Музыка әлемінде жүргеніме үш-төрт жыл болды.
Шығармашылық пен шабыт туралы
Ән жазып жүргеніме бес жыл болды, бірақ оларды жақында ғана шығара бастадым. Еңбек жолын бастағанда өз қиындықтары болады. Мысалы, аранжировка жазу үшін көп ақша керек. Қаржы жағынан бұл қиын.
Музыка — менің әлемім. Ән арқылы шынайы Ақсұлтанды көрсетемін. Музыка жазғанда басымнан өткен оқиғаларды айтамын. Көптеген әндерде менің оқиғам бар. Сезім туғанда шабыт келеді.
Қазақстандағы музыка индустриясының дамуы туралы
Қазақстанда музыка жақсы дамып келеді. Тыңдаушылардың талғамы да дамуда. Халықтың қолдауы, әндерімізге берген бағасы бізді, яғни музыканттарды ерекше қуантады.
Қазіргі жұмысы және жоспарлары туралы
Қазіргі таңда Медетпен фит шығаруды жоспарлап жүрміз. Оны шығарған соң өз әндерімді шығара бастаймын.
Шығармашылығын ұсынатын музыканттар
Мен досым Tanchousky-дің шығармашылығын ұсынамын. Оның өнерге деген талғамы ерекше.