Демалысын қызықты өткізгісі келетіндерге, заманауи өнерді, жергілікті брендтерді және ерекше іс-шараларды іздейтіндерге арналған Алматыдағы 10 орын.
«Дом 36», @dom36.kz
Шығармашыл жандарға арналған әлеуметтік-мәдени кеңістік.
Бұл — байланыс орнатуға, бос уақыт өткізуге болатын және дамуға, жұмыс жасауға арналған алаң. Жобаның міндеттері — мәдени іс-шараларды ұйымдастыру, шығармашылық индустрияны, шығармашылық қоғамдастықтарды, сондай-ақ әлеуметтік және жастар кәсіпкерлігін дамыту.
Tary, @tary.coffee
Tary — ұлттық тағамдары бар кофехана. Мұндағы мәзірде «Быламық» ботқасы, түйе сүтінен әзірленген балқаймақ қосылған панкейк, суық көже, тары чизкейгі және т.б. ұсынылған.
«Сандық»,@sandyq_restaurant
«Сандық» — ұлттық тағамдар мейрамханасы. Мекеменің интерьерінде Оңтүстік Қазақстан облысының бірегей тұрмыстық бұйымдары пайдаланылған. Мәзірде қазақтың көне рецептісі бойынша дайындалған тағамдар бар.
Tenir Eco Hotels, @tenir.ecohotels
Әлемдегі ең биік таулы жердегі қонақүйлердің бірі. Ол теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте, Іле Алатауының баурайында орналасқан. Бұл — ski-in, ski-out қонақүй.
Панорамалық терезелерінен таңғажайып тау шыңдарын тамашалауға болады. Қонақүйде барлығы 10 бөлме бар, онда жақсы демалуға қажеттінің бәрі ойластырылған.
Әрбір бөлмеде фин саунасы бар, ал шаңғышыларға спорттық жабдықтарын қауіпсіз сақтауға болатын арнайы құрылғылар бар.
Lumiere-Hall, @lum_kz
Қазақстандағы тұңғыш проекциялық мұражай. «Ван Гог. Ожившие полотна» көрмесі өтеді. Сіз голландиялық суретшінің 300 картинасы мен суреттерін қамтитын мультимедиялық шоуды тамашалай аласыз. Сеанстың ұзақтығы — 40 минут.
Tarih, @tarih.restaurant
Tarih — баруға тұрарлық тағы бір заманауи қазақ мейрамханасы. Мұнда бешбармаққа, қазыға және сиыр етінен жасалған пастрамоға тапсырыс беруге болады. Сондай-ақ көпшілік мейманның көңілінен шыққан десерт бар — қант мақтасымен, шоколадпен безендірілген, апорт алмасы қосылған, шұбаттан әзірленген крем-брюле.
Qazaq Auyl, @qazaqauyl
Медеу шатқалында орналасқан премиум кластағы экологиялық қонақүй.
Кешендегі үйлердің әрқайсысында алып таулар көрінетін жеке террасса бар. Үйлердің екі түрі бар: бір немесе екі бөлмелі, оларға екі немесе төрт адамға дейін сыяды. Мұнда мейрамхана да бар, таңғы ас жалдау ақысына кіреді.
AUYL, @auyl.almaty
AUYL — abr желісінің жаңа жобасы. Бұл жерден Медеудің керемет көрінісін тамашалауға болады. Интерьер заманауи этно-стильде жасалған. Ас мәзірінен: тандыр нанын, сорпа, әсіп, балқуырдақ және басқа да тағамдарды таба аласыз.
IL SILENZIO, @t_silenzio
Алматыдағы мәдени демалыстың жаңа форматы — актерлер сөйлемейтін перформативті өнер театры.
Мұнда пластикалық қойылымдар қойылып, әртістер би билеп, кейіпкерлердің оқиғасын денесінің көмегімен айтып береді. Театрдан жаңа эмоциялар алып қайтасыз.
et cetera, @etc.almaty
Қазақстандық дизайнерлердің өнімдері ұсынылған ең үлкен маркетплейс.
Жоба жергілікті брендтерді дамытады және қолдайды. Мұнда киім-кешек, аксессуарлар, үй декорын және т.б. таба аласыз.
Сондай-ақ er cetera жәрмеңкелерді жиі өткізіп тұрады, мұнда бірегей тауарлар сатып алып, ниеттес адамдарды табуға болады.