Елорданың 20 жылдығына орай Қызылордада ашық аспан астындағы ғарыш музейі салынады. Бұл туралы аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев бүгін қала әкімінің халық алдында есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі. «Байқоңыр ғарыш айлағы - қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың мақтанышына айналған тарихи кешен. Сондықтан Астананың мерейтойына орай «Союз», «Протон», «Зенит» зымыран тасығыштары мен «Боран» орбитааралық кемесінің макеттерінен құралған зымыран-ғарыш техникасы музейін салуды ұйғардық. Музей ашық аспан астында орналасады,», - деді аймақ басшысы. Облыс әкімі кездесу барысында, сондай-ақ Қызылордадағы тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту және әлеуметтік-экономикалық дамудың басқа да маңызды бағыттары туралы айтты. Қ.Көшербаев ағымдағы жылға арналған жоспарларды айқындап, нақты тапсырмалар жүктеді.
Дерек көзі: kazinform.kz