Сұлтан Ертарғын, 22 жаста, туған қаласы – Көкшетау, Italy, Milan, SE University-дің студенті
Жезқазған — Тбилиси
Мен Көкшетау қаласында тудым, бірақ үш айымда болғанда, біз отбасымызбен Орталық Қазақстанға, Жезқазғанға көштік. Сонда біз шамамен 13 жыл тұрдық.
Менің әкем банкте жұмыс істеді және оған Грузияда жұмыс істеу ұсынысы түсті. Барлығы да тез арада өтіп, 2009 жылы біз Тбилисиде болдық.
Алғашқы әсер мен қиындықтар жайында
Бастапқыда сәл қиындау болды. Сол кезде Грузияны аса қауіпсіз мемлекет емес ретінде көрсетті. Мен өзім қайда, қай жерге келгенімді соңына дейін түсінген жоқ едім. Тек бірнеше күннен кейін, мен кезінде Грузия жайында көргенімнің бәрі шындыққа сәйкес келмейтінін түсіндім. Мені грузин халқының қонақжайлылығы мен жылылығы таң қалдырды.
Басқа елге келген кезде, мен 13 жасымда болдым, жаңа тіл, мәдениет – мен үшін барлығы да жаңа болды.
Грузияда өзімді үйдегідей сезіну үшін, маған жаңа достарды тауып, тілді, мәдениетті және салт-дәстүрлерді танып білуім керек екенін түсінгенмін
Мен өзімді жайсыздықта сезіндім. Сол уақытта Грузияда саяхатшылар көп болған жоқ еді. Жергілікті халық үшін шетелдіктерді көру ерсі болды, көбісі бізді қытайлықтар немесе жапондықтармен шатастыратын. Қазірде өзіме қатысты сондай нәрселерді естімеймін, себебі енді Грузияда өзге ұлт өкілдері көп және жергілікті халық қазақтардың кім екенін біледі.
Жаңа өмір ағымына дағдылану қажет болды. Грузияда өзімді үйдегідей сезіну үшін, маған жаңа достарды тауып, тілді, мәдениетті және салт-дәстүрлерді танып білуім керек екенін түсінгенмін. Грузиндер өзара сөйлескен кезде, мен оларды ұрсысып жатыр ма деп ойладым. Бірақ мен алғашқы екі жыл ішінде грузин тілін үйреніп қазірде оны түсінемін.
Грузиядағы өмірдің ерекшеліктері жайында
Грузия — ешбір мемлекетке ұқсамайтын ел.
Әрине, қазір Тбилиси бұрынғы қалпына қарағанда өзгеше. Бір жағынан бұл маған ұнайды, басқа жағынан – жоқ. Бұрын мектепте мен жалғыз шетелдік болдым, Тбилиси басқаша болатын, туған елдей. Ал қазір мен елдің танымал болып жатқанын және барлық адамдар саяхатшылардың қайтадан келіп кетуі үшін көңілдерін табуға тырысатынын көріп жатырмын. Биыл Грузияға шамамен 8 миллионнан астам адам келіп кетті, ал тұрғындар саны тек 4,5 миллион. Бұл үлкен жетістік, себебі туризм – мемлекет үшін негізгі табыс көзі.
Мен Грузияның туристік орталық ретінде қалыптасқан процесін бақыладым. Бұл елдің өзгелерді таң қалдыратын терең тарихы, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлері бар. Оған қоса грузиндер қонақтарды жақсы көреді және оларға тек ең жақсысын беруге тырысады.
Әр халықтың өзінің бірегейлігі бар және грузин халқы оны әлемге ұсына алды. Осында келетін кез-келген адам жергілікті халықпен танысып, осы елге ғашық болады. Ал Қазақстанда, менің ойымша, өзінің бірегейлігін сақтамайды және оны жақсы жағынан көрсеткісі келмейді.
Грузия мен Қазақстанның айырмашылығы аса үлкен емес. Кеңес заманында біздің тарихымыз бен идеологиямыз бір болды. Грузиндер – тәуелсіз және бірлігі жарасқан халық, олар өз елін, тілін жақсы көреді және өз тарихын қадірлейді. Грузиндер өз тілін барлық салаларға енгізе алды. Тбилисиде орыс тілдегі бірде-бір жазбаны кездестірмейсіз, барлығы тек грузин немесе ағылшын тілінде.
Біздің мәдениетіміз ұқсас. Сол себепті грузиндермен тіл табысу оңай болды. Олар ақкөңіл адамдар. Егер сен жақсы адам болсаң, олар ұлтқа қарамастан, сенімен жақсы араласады. Грузияда адамдарға деген құрмет бағаланады.
Біз келген кезде, Грузияда қазақтар көп болды. Сол кезде отбасылар жиі жиналатын, бірақ қазір Грузияда қазақтар азайып барады.
Қазақстан жайында
Мен Қазақстанда жиі боламын, жылына бір рет келіп тұрамын. Жазда барып тұруға тырысамын, себебі Қазақстандағы ауа-райын білемін.
Мен Қазақстанның бір компаниясында тәжірибеден өттім. Астанада үш ай тұрып, жұмыс істедім. Қазақстандағы өмірді түсінуге тырыстым, және Грузияда жұмыс істегім келетінімді түсіндім. Астанада адамдар абыржулы, ал Тбилисиде өмір жайшылық келеді.
Осы уақыт аралығында мен елорданың қалай өзгеріп кеткенін көріп отырмын. Тағы да байқағаным – Қазақстандағы адамдар қазақша сөйлей бастады. Мен өзім қазақ тілін ауызекі деңгейінде білемін, туған тілімде сөйлегенім ұнайды.
Біздің отбасымыз Грузияда тұрақтанды, және менің қарындасым сол жерде туды. Бірақ ол біз, қазақтар, неге Қазақстанда тұрмайтынымызды әрдайым сұрайды. Ол Қазақстанға оралғысы келеді, себебі біздің көп туыстарымыз сол жерде тұрады.
Еуропа жайында
Мен студентпін, ESE, Milano университетінде экономика және бизнес-әкімшіліктендіруді оқып жатырмын. Менің әкем мен әжем осы салада жұмыс істеді және маған бұл таныс әрі түсінікті.
Мен Еуропада оқуды жөн көрдім, себебі ол үйіме жақын. Менің достарым да сол жерде оқуды жоспарлады. Мектепті аяқтағасын, мен Мадридке оқуға кеттім. Университетімнің кампустары көптеген елдерде бар болса да, мен жаңа нәрсені тануды қаладым. Сол себепті екі жылдан кейін мен өз оқуымды Миланда жалғастырдым.
Мадридте де, Миланда да достарымның көбісі грузиндер екені қызық. Маған олармен тіл табысу оңай. Туған-туыстарым менен қазақ достарды таптың ба деп сұраса, мен оларды іздеуге тырысқан да жоқпын деп айта аламын.
Грузия Еуропаға мүлдем ұқсамайды. Сол себепті университетті аяқтағаннан кейін мен қайта оралғым келеді. Маған Еуропаның өмір салты мен мәдениеті аса ұнамайды.
Қала қалай өзгертті
Грузиядағы өмір мені өздігінше болуға, өзім және жақындарым үшін, оған қоса өз әрекеттерім үшін жауап беруге үйретті. Мен одан сайын аға буын өкілдерін қадірлеп, ұлтым мен туған елімді мақтан тұта бастадым. Қаншалықты Отанымнан алыс әрі ұзақ тұрып жатсам, соншалықты Қазақстанға деген адал сезімім асып жатыр.
Қазақстанға қарағанда мен Грузияда тезірек есейген сияқтымын. Бірнәрсе болып жатса, оны өздігімнен шешуге тырысатынмын.
Мен Грузияны да, Қазақстанды да қатты жақсы көремін. Бірақ білетінімнің бәрін мен Грузиядан білемін, себебі мен осында өстім.