Таразда Наурыз мерекесі 5-күн қатарынан тойланып жатыр. 18 наурызда Жамбыл өңірінде Наурыз шашу күні атап өтілуде. Мұндағы негізгі шара жәрмеңке. Жергілікті шаруалар мен кәсіпкерлер Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында өнімдерін арзан бағада сатып жатыр.
Таңғы сағат 9-дан бері жиналған жұрттың қарасы қалың. Өйткені барлық тауарлар нарықтан 15 пайызға төмен бағамен саудаланып жатыр. Бұл жерге 10 ауданның тауар өндірушілерінің өнімдері шығарылған. Тұрғындарға жалпы құны 74 миллионға жуық теңге тұратын 140 тонна өнім ұсынылып отыр. Ал Жамбыл облысының 5 ауданының шаруалары негізінен жылқы, сиыр, қой етін саудалады. Жалпы 70-тен астам тауар өндіруші қатысуда. Бұл оларды қолдап, баға тұрақтылығын сақтауға септігін тигізеді. Негізгі мақсат жұртқа мереке алдында қажетті азық-түлікті арзан бағамен сатып алуларына жағдай жасау. «Бұл Әз Наурыз мейрамы алдында тұрғындарға жасалған тарту» дейді ұйымдастырушылар.
Дерек көзі: 24.kz