Мархаба Саби — әнші, Қазақстанның тәуелсіз поп-музыкасының өкілі. Онымен шығармашылық, шабыт және болашақ жобалары жайлы талқыладық.
Өзі және шығармашылығы жайлы
Мен — әндердің авторымын, әншімін. Өзімді Қазақстанның тәуелсіз поп-музыкасының өкілімін деп есептеймін.
Мен үшін шығармашылық — бар әлем. Ең алдымен, өзіңді таныту тәсілі, жұмыс және хобби.
Мен музыкамен бала кезден айналыса бастадым. Ес білгелі музыка деумен келемін. Музыканың бір ерекшелігі бар. Оның арқасында өзіңізбен оңаша қалып, сәл де болса күнделікті күйбең тіршілікті ұмытасыз.
Музыкада кез келген нәрсе жайында айтуға болады, тіпті турасынан айтуға болады. Турасынан болмаса, жарты тондармен, тұспалдап дегендей. Музыканың құдіреті шексіз. Музыка адамның нәзік көңіл күйін, ішкі толғаныстарын керемет жеткізе алады.
Шабыт жайында
Өзімнің де, басқа орындаушылар орындайтын да сүйікті әндерім бар. Кейбірінің сазы ұнаса, біреуінің мағынасы, енді бірінің дыбысталуы ұнайды дегендей.
Өмірде де, шығармашылығымда да шынайы болуға тырысамын
Мені музыка, ән жазуға шабыттандыратын дүниелер көп. Жақындарыммен қарым-қатынас, қоршаған ортам, түрлі оқиғалар, депрессия, қуанышты сәттер және т.б.
Бірақ өмірде де, шығармашылықта да әрқашан шынайы болуға тырысамын. Өзіме және аудиторияма қатысты шынайымын. Дегенмен үнемі бұлай бола бермейтінін де мойындаймын.
Жобалар жайында
Өз әндерің жайында сөзбен айтып жеткізу қиын, сондықтан тыңдармандарым олар туралы менен гөрі жақсырақ айтып береді деп ойлаймын.
Жалпы, қазіргі кезде болашаққа жоспар туралы айту қиындау. Дегенмен өмір бір орнында тұрмайды, сондықтан еңбектеніп, жаңа әндер жазамын.