Өскемен — Сеул
Мен Шығыс Қазақстан облысының тумасымын. 2008 жылы университетті бітіргесін мен Корей үкіметінен магистратураға грант ұтып алдым. Үкімет оқу ақысын төлеп, шәкіртақы беретін.
Мен Сеулға 2008 жылы көштім. Кореяда тұрып жатқаныма 10 жыл боды.
Алғашқы әсер мен қиындықтар жайында
Кореяға сапарым мен үшін алғаш рет шетелге шығуым еді. Басқа елге ұзақ уақытқа бару қорқынышты болды. Кореяда менің таныстарым болған жоқ. Оған дейін мен отбасыммен тұрдым, кенеттен бюджетім мен өмірімді өздігімнен ұйымдастыруыма тура келді.
Мен Кореяға келген кезде, тілді білу деңгейім төмен еді, сол себепті алғашында ештеңе түсінбейтінмін. Тілдік курстардың өзінде оқыту кәріс тілінде жүретін.
Мені Сеулдағы адам саны таң қалдырды. Ал университетіміздің кампусы кішкентай жіп-жіңішке көшелердің бойында орналасқан. Мен осындай кішкентай жердің бөлігінде қаншама адамдар тұра алатынын түсінбейтінмін.
Маған кәрістердің шеттен келген адамдарға деген мейірімі ұнады. Қазірде жағдай кішкене өзгерді, себебі Кореяға заңсыз келген шетелдіктер көп. Дегенмен кәрістер қолдау көрсетіп, көмектесуден ешқашан бас тартпаған.
Кореядағы өмір жайында
Кәрістер мен қазақтардың мәдениеті ұқсас. Осында да отбасы институтын бағалайды. Кореяда үлкен адамдарға құрметпен қарайды, жастар отбасын құрып, бала сүюге талпынады. Кәрістер барлық мерекелерді отбасыларымен бірге атап өтеді.
Кореядағы ене мен келіннің қарым-қатынасы да ұқсайды. Бірге тұрмасаңыздар да, әрқашан ата-анаңызға келіп, көмектесесіздер. Сол себепті маған кәріс отбасының мүшесі болу қиынға соққан жоқ.
Кәріс тілінде құрметпен сөйлесу мен достық қатынаспен сөйлесудің айырмашылықтары бар. Бейтаныс адамдар сізге ешқашан «сен» деп айтпайды. Егер досыңыз сізден бір жас үлкен болса, сіз оған «сіз» деп сөйлейсіз. Ал егер біреуге ата-анаңыз жайында айтып жатсаңыз, онша үшінші жақ сыпайы түрде сөйлейсіз.
Кәрістер – еңбекқор ұлт. Осында шынымен жұмыс күні ұзақ және еңбек демалысы жоқ. Олар мансаптарын төменгі сатыдан бастап, жоғарыға көтеріледі. Сонымен қатар кәрістер жұмыстарын тастамайды, себебі мансаптағы азғантай кемшіліктің өзінде жоғары көтерілу қиынға соғады.
Кәрістер отаншыл халық. Елде қаржы дағдарысы болған кезде, адамдар бюджеттегі кемшіліктерді толтыру үшін өздерінің алтындарын тапсырды.
Мемлекет те адамдар үшін көп нәрсе жасайды, осында әртүрлі үкіметтік бағдарламалар бар. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін жақсы жағдайлар жасалған. Тегін балабақшалар мен мектептер бар.
Кореяда сапалы медициналық сақтандыру бар. Сақтандыру барлық емдеу шараларының 90% өтейді. Маған осында шығыс медицинаның дамығаны ұнайды. Менің анам Сеулда емдеу курсын өтуде, біз соның нәтижелерін көріп жүрміз.
Қызмет көрсетуде үлкен айырмашылықтар бар. Кәрістерде қызмет көрсету әрқашан жоғары деңгейде. Бәрі де тез істелінеді, себебі өмір сүрудің қарқыны шапшаң. Кез-келген құжаттарды бірнеше сағат көлемінде алуға болады.
Өмір сүру шығындары
Сеулда көбісі қаржы жағдайларына байланысты бала сүюді кейінге қалдырады. Сеулдағы еңбекақының орташа көрсеткіші шамамен 2000-3000 $. Өздерінің жеке үйлері бар адамдар аз. Егер сіз жалғыз тұрып, қарапайым жақсы үйде студияны жалдап тұрсаңыз, оның құны 1000 $-дан асады. Коммуналдық қызмет көрсетудің төлемдері де қымбат – қыста шамамен 200 $. Қоғамдық көліктерге 100-150 $ кетуі мүмкін.
Егер сіз жалғыз тұрсаңыз, үйден тыс басқа жерде тамақтану өзіңіз дайындағаннан гөрі арзанырақ болады. Себебі барлық азық-түліктер қымбат. Мысалы, 5-6 алма 5-6 $ тұрады, ал бір килограмм картоп 3-4 $ тұрады.
Егер сіздің балаларыңыз болса, шығындарыңыз көп болады. Барлық қосымша үйірмелер 300-400 $ тұрады.
Сеулдағы жұмыс туралы
Мен магистратурада «жеке кәсіп және туризм» мамандығы бойынша оқыдым. 2011 жылдан бастап туристік гид қызметін атқарамын. Бірнеше жыл мен офиста, аударма бөлімінде жұмыс істедім. Бірақ адамдармен жанды қарым-қатынасы маған жақынырақ екенін түсіндім.
Мен оқыған кезде алғаш рет жұмыс істей бастадым. Мен Ресей паромдары келетін Кореяның шығыс жағалауындағы портқа барып тұратынмын. Сол жерге ерте тұрып баратынмын, туристерді алып кетіп, Сеулға әкелетінмін. Оларды қонақ үйге орналастырып, әрі қарай кететінмін. Ол үшін маған күніне 100 $ төлейтін.
Кейін мені турларды жүргізуге үйретті, мен Корей тарихын оқыдым. Ақырындап бейімделіп, гид болып жұмыс істедім. Менде тұрақты клиенттер легі қалыптасты. Мен фрилансер ретінде әртүрлі агенттіктермен жұмыс істеймін.
Осы уақыт аралығында мен Кореяның барлық жерлерін аралап шықтым. Университетті бітіргесін мен жарты жылдай үйде тұрған жоқпын. Мен өз жұмысымды, жанды қарым-қатынасты, жаңа таныстықтарды ұнатамын.
Қала қалай ықпал еткені жайында
Университетте оқыған кезде, маған шетелдіктермен танысқаны, адамдарды танып білу, өмірлік тәжірибелермен өзара бөлісу қызықты болды. Мен әртүрлі елдердің мәдениеттері жайлы ақпараттарды бойыма сіңірдім, мен одан сайын көп білуді қаладым. Бұл тәжірибе мен үшін маңызды. Мен адамдарды одан сайын бағалай бастадым.
Басқа елде тұрған кезде, тәжірибе жинайсың, өзгересің, өсесің. Мен өздігімше өмір сүре бастадым. Өзіңе ғана үміттенсең, тезірек есейесің.
Жалпы, Кореядағы өмірімнің арқасында мен адамдарды жақсырақ түсіне бастадым, жақындарымды бағалап, бейтаныс адамдарды құрметтей бастадым.