Смагул Мунтаев, 60 жаста, Эльтон кенті, Палласовский ауданы
Барлығы қалай басталғаны туралы
Ата-анам өткен ғасырдың 30 жылдарында Батыс Қазақстаннан Ресейге көшіп келді. Мен Волгоград облысында туылдым, әскерге барып келгеннен кейін мектепке еңбек пәнінен мұғалім болып жұмысқа орналастым. Мектепте 28 жыл бойы жұмыс істеп, осы уақыт ішінде сабағыма келген қазақ балалары қазақ халқының дәстүрлері мен тарихын нашар білетіндерін байқадым. Сол себепті жұмысыммен қатар мен қазақ мәдениетін меңгерумен айналыстым, арнайы әдебиеттерді оқыдым. 16 жыл бойы өз елімде және аймағымда біздің ұлттық дәстүрлерді дамытумен айналысып келемін. Біз Ресейде, тарихи Отанымыздан алыс жерде тұрып жатырмыз, менің ойымша, біздің тарихымызды еске салып отыру маңызды. Білесіздер ме, Мұхтар Шахановтың мұндай өлең жолдары бар:
«Әр адамда өз анасынан басқа да,
Ғұмырына етер мәңгі астана,
Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,
Болу керек құдіретті төрт ана:
туған жері - түп қазығы, айбыны,
туған тілі - мәңгі өнеге айдыны,
жан байлығы, салт-дәстүрі -тірегі,
Қадамына шуақ шашар үнемі.
Және туған тарихы...».
Сондықтан мен қазақ мәдениетінің шығу тегіне қайта оралуға бел будым. Бастапқыда жай ғана түйені тауып, арбамен туристерді Эльтон көліне апарып отырдым. Шәй, бауырсақ дайындап, дастархан жайып, қызықты оқиғалар айтып отырдым. Бір ретте осындай сапарлардың бірінде демалушылардың бірі маған киіз үй сатып алып, қазақ мәдениеті жайлы көбірек айтуды ұсынды. Сол себепті Қазақстаннан екі киіз үй сатып алып, оларды өз аулама қойдым.
Қызмет бағыттары туралы
Киіз үйлердің бірінде қазақ халқының мұражайын жинақтадым. Онда тұрмыс заттары, киім-кешектер, ұлттық аспаптар бар. Кейбіреулерін сатып алдым, ал кейбіреулерін өзім жасадым, себебі оларды табу қиынға соқты. Екінші киіз үйде қонақтарды ұлттық тағамдармен тамақтандырып, қазақ ас үйі жайлы айтамыз. Қонақтарға ұнайды, оларға біздің мәдениет қызық.
Қонақтарға ұнайды, оларға біздің мәдениет қызық
Сондай-ақ, өз ауламда орыс ағаш үйін салдым. Ол жердегі экскурсияны әріптесім өткізеді, ол да мұғалім. Оның ұлты орыс және орыс мәдениеті жайлы айтады. Мен қазақ пен орыс халықтары арасында ешқашан дұшпандық қарым-қатынастардың болмағанын түсіндіргім келеді.
Сонымен қатар менің ауламда өлкетану мұражайы бар, онда ежелгі заманнан бергі тарих жайлы әңгімелеймін.
Бұдан басқа екі жыл қатарынан Волжсктағы қазақтар мені экскурсия өткізуге шақырып отырды. Мен көшпелі киіз үй жасап, Волжсктан басқа Астрахань және Ростов облыстарына бардым.
Ресейде футболдан әлем чемпионаты басталған кезде бізді Волгоградқа шақырды, олар дәл стадион алдында үлкен саябақ жасап қойды. Онда Ресейдегі түрлі халықтардың шатырлары тұрды және біз де қонақтарды қарсы алдық. Бізде Жапония, Польша, Англия, Исландия, араб елдерінің жанкүйерлері болды.
Сондай-ақ, біздің Ресей аумағында тарайтын ғылымдар кандидаты Күнсұлу Утешовамен бірге «Қазақ халқының тарихы, дәстүрі, мәдениеті» атты кітабымыз шықты.
Қонақтар туралы
Осы 16 жыл ішінде бізге бүкіл Ресейден қонақтар келді, АҚШ, Канада, Въетнам, Германия, Англия және басқа да еуропалық мемлекеттерден туристер болды. Көбісі біздің Ресейде тұрып жатқандығымызға қарамастан, көп нәрсені сақтап қалғанымызға таңғалады. Көбінесе оларды біздің қарапайымдылық, тұрғын үй және киім-кешек таңғалдырады. Біздің экскурсиялардан кейін олар бізді өздеріне шақырады, мәселен, Италияға.
Оларға біздің ұсақ-түйектерге деген назарымыз ұнайды. Мәселен, мен әрқашан дәстүрге сай, қонақтарды жас үлкендіктері бойынша отырғызамын. Шәйді асырып құймай, бұны сыйластық білдірудің реті деп түсіндіремін.
Бізде көптеген саяхатшылар, олимпиада чемпиондары болды. Біз үлкендер мен балалардың үлкен топтарын әкелетін Мәскеу, Саратов, Астрахань туристік компанияларымен бірігіп жұмыс істейміз.
Қоғамдық қызмет не беретіні туралы
Ресейде тұрып жатсақ та, біз үлкендерді құрметтейміз, қазақ тілін ұмытпауға тырысамыз. Мен Ресейдегі қазақтар салт-дәстүрлерді, өз халықтарының мәдениетін жақсырақ білгендерін қалаймын.
Орыс жазушысы және критигі Виссарион Белинский өз тарихын білмейтін, есте сақтамайтын, жақсы көрмейтін халық нашар деп жазатын. Біздің халық сондай болғанын қаламаймын.
Менің қызметімнің негізгі мақсаты — жас ұрпаққа біздің мәдениетімізді сақтап, оған қызығушылық таныту қажет екенін жеткізу.
Менің қызметімнің негізгі мақсаты — жас ұрпаққа біздің мәдениетімізді сақтап, оған қызығушылық таныту қажет екенін жеткізу
Өз жұмысымды бұрыннан бері жасап келемін және жерлестерімнің ризашылығын сезінемін. Мұндай жобалар Қазақстан тарапынан да қолдау көрсе жақсы болар еді. Ол кезде біздің мүмкіндіктеріміз көбейеді. Ақыр аяғында біздің мәдениетіміз тек бізге, яғни қазақтарға ғана қажет. Біздің халыққа сыйластықпен қарағанын қалаймын.
Жоспарлар туралы
Біз Волгоградтағы этносаябақта толыққанды киіз үйді қойғымыз келеді. Қазір бұл үшін қаражат іздестірудемін.
Әрине, ісімізді Эльтонда да жалғастырамыз. Менің ұлым да мұғалім және көп нәрсені біледі. Келешекте ол менің ісімді жалғастырады деп үміттенемін. Жылдар бойы жинаған нәрселерімді сақтап қалғым келеді.