Мақсұтбек Айтмағанбет, Нұр-Сұлтан қаласы, кәсіпкер, facebook
Университет таңдау және оқуға түсу туралы
Мен университетті емес, мамандықты таңдадым. Мен біліммен де, кәсіпкерлікпен де байланысты магистратура бағдарламасын іздедім. Сондықтан, білім беру мектебі Уортон бизнес мектебі және Пенсильвания университетінің инженерия және қолданбалы ғылымдар мектебімен бірлесіп құрған Education Entrepreneurship бағдарламасын таңдадым. Бағдарлама пәнаралық, тәжірибеге бағытталған және менің күткеніме толық сәйкес келді.
Пенсильвания университеті маған бұрыннан белгілі. Ол Шырмауық лигасына кіреді және оқуға түсуге дейін мен мұнда бірнеше рет болғанмын. Университет кампусы Вашингтон мен Нью-Йоркқа жақын, Филадельфия қаласында орналасқан. Барлық факультеттер өз салаларында ең мықты болып келеді. Уортон бизнес мектебі — университеттің ең танымал және беделді мектептерінің бірі, әлемнің ең үздік 3 бизнес-мектептері тізімінде. Ал инженерлік мектепте Илон Маск оқыған.
Құжат тапсыру процесі барлық ЖОО-дағы сияқты стандартты болып келеді. Сіз, мотивациялық эссе жазу, түйіндеме, IELTS немесе TOEFL сертификатын, үш ұсыныс хатын ұсыну және онлайн сауалнамадағы сұрақтарға жауап беруіңіз қажет. Ең бастысы, қабылдау комиссиясына осы бағдарламаға лайықты екеніңізді, оқу барысында тек білім алып қана қоймай, сонымен қатар профессорлар мен студенттермен тәжірибеңізді бөлісе алатыныңызды дәлелдеуіңіз керек.
Құжат тапсыру кезінде менің 15 жылдық халықаралық жастар алмасу саласында жұмыс тәжірибем болды. Сондай-ақ, университетімнің бұрынғы деканынан, екіншісі жұмыстағы шетелдік серіктесімнен және біздің компания ұзақ уақыт бойы консулдық департаментпен ынтымақтасатындықтан, АҚШ елшілігінің бас консулынан үшіншісі ұсыныс хат ала алдым.
Дайындық барысында оқуға құжат тапсыру туралы арнайы онлайн вебинарға қатысып, Ашық есік күні кезінде университетке бару мүмкіндігім болды. Уортон профессорлары мен Coursera бойынша білім беру мектебінің бірнеше курстарын сәтті аяқтап, кейін өз түйіндемемде көрсеттім.
Оқудағы ерекшеліктері туралы
Бұл менің АҚШ-та бірінші рет оқуым болды, сондықтан бәрі мен үшін таңсық болды. Мысалы, профессорлар дәріс оқудан бұрын, дәріс материалдарын бізге алдын ала жібереді. Сонымен қатар, кез келген басқа да ақпарат көздерін пайдалану ынталандырылды. Американдық білім беру принципі — кез келген мәселеде әрқашан балама көзқарас болуы керек. Сіздің жеке дүниетанымыңыз немесе жеке өз пікіріңіз болғаны дұрыс.
Американдық білім беру принципі — кез келген мәселеге әрқашан балама көзқарас болуы керек
Мен үшін профессорлардың ашықтығы таңқалдырарлық еді. Сіз ол кісілермен сабақ барысында ғана емес, бос уақытта кофе іше аласыз, өз пікіріңізбен еркін бөлісе аласыз. Оқудың алғашқы күндерінде бағдарлама директоры бәрімізді қонаққа шақырғаны бар.
Әр профессордың ассистенттері бар. Бұл профессорға да, студенттерге де ыңғайлы деп ойлаймын.
Бұл жерде кемшіліктерді табу қиын. Мысалы, күнделікті, біз үйренген тамақтану болмады. Әлемдегі ең жақсы университеттердің бірінің кампусынан жеті көше төмендеу кедей аудандарды көру де таңқалдырды.
UPenn атмосферасы
Ол жерде атмосфера әрқашан жігерлі және қуанышты. Әсіресе университеттің басты көшесінде кампустың барлық студенттерін кездестіруге болатын. Біреу кофе ішіп отырса, біреу курстастарымен бірге жоба жасап жатады, енді біреуі спортзалға бара жатады.
Университеттен не үйрендім
Университет мені өмірімді өзгертуден қорықпауға және әлемге әртүрлі қырынан қарауға үйретті. Әрқашан балама және жақсырақ шешім іздеңіз. Оқу барысында тәлімгерлерді кездестірдім және олармен әлі күнге дейін байланыстамын. Достарым да көп болды. Өткен жылы менің екі курстасым маған қонаққа келді, ал мен Вьетнамда тағы бір досыма барып келдім.
Оқуды бітіргеннен кейін мен Қазақстандағы Пенсильвания университетінің түлектер клубын құрдым, біз мұнда ниеттілерге оқуға түсу бойынша кеңес беріп отырамыз.
UPenn — әлемдегі ең жақсы университеттердің бірі. Алайда мен, университетті емес, мамандық пен профессорларды таңдауды ұсынамын.
Олжас Сакенов, Нұр-Сұлтан қаласы, BTS Education кеңесшісі, facebook
Университет таңдау және оқуға түсу туралы
Мен «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде оқыдым. 2015 жылы мен Калифорния университетінде, Сан-Диегода бір жылдық тіл бағдарламасына қатыстым. Кейін Қазақстанға оралып, бір жылдай магистратураға түсуге дайындалдым.
Менің АҚШ-тағы оқуым мен елді зерттеу жоспарымды біріктірдім десем де болады. Сонымен қатар, орта деңгейдегі ЖОО-ын таңдадым, олар — Бостон, Вашингтон және Майами университеттері еді. Бірақ дайындық барысында эссе жазуға көмектескен куратор қыз маған үздік университеттерде бағымды сынап көруді ұсынды. Маған әлемнің кез келген жерінде жазғы тағылымдамадан өтуді қамтитын Пенсильвания университетіндегі «Халықаралық білім беруді дамыту» бағдарламасы ұнады.
Нәтижесінде төрт университетке де түстім де, UPenn таңдадым.
Өтініш беру кезінде сізге не қажет екенін түсіну маңызды. Сізді шабыттандыратын және ынталандыратын бағытты таңдаңыз. Сондай-ақ университет қай қалада орналасқанына назар аудару керек. Өзіңізді жайлы сезіну үшін климатын, өмір сүру ырғағы мен құнын назарға алу керек.
Оқудағы ерекшеліктері туралы
Маған университеттегі оқу жүйесінің міндеттелген еместігі ұнады. Сіз өзіңізді қызықтыратын нәрсеге назар аудара аласыз. Мысалы, бізде бес міндетті пән болса, ал біз тағы да бес курсты өз бетімізше таңдай аламыз. Бұл мүлдем басқа бағыттағы курстар болуы мүмкін.
Маған университеттегі оқу жүйесінің міндеттелген еместігі ұнады
Біздің топта 30-ға жуық адам болды. Олардың 50%-ы халықаралық студенттер болса, 50%-ы америкалықтар болды. Олардың көпшілігінің тәжірибесі мол, волонтер болып жұмыс істейтін, қайырымдылық бағдарламаларына қатысатын әртүрлі елдерден келген студенттер еді. Бұл өмірді біліммен, адами капиталды дамытумен байланыстырған адамдар. Әрқайсымыз өз тәжірибемізге сүйене отырып, өз көзқарасымызды ортаға салып жүрдік. Мұндай процесс қызықты еді.
UPenn атмосферасы
Университетте көптеген қызығушылық топтары мен қауымдастықтары бар. Апта сайын саясаткерлермен және қоғам қайраткерлерімен кездесулер өтетін, қатысып, қызықты ақпарат тыңдап, тіпті тамақ ішу үшін келуге де болатын. Мәдени-спорттық шараларды ұйымдастыратын клубтар болды. Осы оқиғалардың барлығына қатысып, жаңа ортамен танысуға жағдай жасалған.
Осындай жағдайлар кампустағы атмосфераны жайлы етеді деп ойлаймын. Кампустың айналасының өзін зерттеу, қаншалықты қызықты болды.
Университеттен не үйрендім
Біздің бағдарлама әртүрлі елдердегі халықаралық ұйымдардың қызметімен байланысты болғандықтан, дүниенің көп қырлы екенін, барлық елдерде бірдей шешілмейтін проблемалар бар екенін түсіндім. Мен адами капиталды дамытудың қаншалықты маңызды екенін түсіндім, өйткені ол барлық нәрсенің негізі. Қазір мен BTS Education, EdTech компаниясында жұмыс істеймін. Біз білім беру саласында IT-шешімдерді әзірлеп жатырмыз.