Павлодардағы Григорий Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде қазақ халқы ұлттық киімдерінің тарихын бейнелейтін көрме ашылды.
«Қазақы киім – көненің көзі» атты шараға этнографиялық экспедициялар барысында жинақталған жәдігерлер мен заманауи стильдегі ұлттық киімдер қойылған. Бұл киімдерді еліміздің Солтүстік өлкесінің қазақтары киген деседі. Көрмеден көшпенділердің ғасырлар бойы өзгеріске ұшыраған киім-кешектерінің пішіні мен тігілу әдістерінің бұрынғы және қазіргі сабақтастығын байқауға болады. Келушілердің назарына ұсынылған киімдердің қатарында өткен ғасырдың 20-30 жылдарына тиесілі жәдігерлер бар. Көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырғандардың қатарында алтын жіппен безендірілген хан шапаны және Павлодар облысының танымал тумаларының киімдері бар. Сонымен қатар белдемше, тон, ішік, кеудеше, кимешек сияқты ұлттық киімдердің көне үлгілері сақталған.
Дерек көзі: 24.kz