Қостанай облысы ауыл шаруашылығын цифрландыру бойынша пилоттық өңір ретінде белгіленді. Бұл туралы тұрғындармен кездесу жиынында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова мәлім етті. «Бүгінде аймақта агротехникалық хаб құру жөнінде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Аталған шара аясында Қостанай облысында аграрлық университет ашылмақ. Онда ауыл шаруашылығы мамандарын жаңа форматта оқытып-даярлап шығару міндеті алға қойылған. Агротехникалық ХАБ мемлекеттік орган, ғалымдар мен шаруалардың ортақ алаңына айналуы тиіс. Кейін бұл пилоттық жоба еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылады», - деді Айгүл Шайымова. Облыста егістіктердің электронды карталарын және «ақылды су бүрку», «ақылды минералдандыру» жүйелерін енгізу жоспарланды. Сондай-ақ, мал шаруашылығы саласына да жаңашылдықтар пайдаланылмақ. Мәселен, жайылымдағы малдың орналасқан жерін қадағалау, алқаптардың тозуын мониторингтеу, шөп сапасын бағалау, сүт өңдеу құрылғыларын бақылау - енді осылардың барлығы арнайы аппараттардың, дрондардың көмегімен жүргізіледі. Міне, астықты аймақта ашылатын аграрлық университет агроөндірістік салаға жаңа технологиялардың енгізілуін осылай қамтамасыз етеді.
Дерек көзі: kazinform.kz