Адем Тайыр, қаласы — Сингапур, 21 жаста, студент, @adem01t
ЖОО таңдау туралы
Мен Алматыдағы жеке мектепте оқыдым, бітірген соң National University of Singapore университетіне түстім. Қазір төртінші курстамын. Сингапурды таңдаған себебім: бұл елдің білім сапасымен, сондай-ақ дамыған әрі бай ел болуымен ерекшеленетіндігі.
Оқуға қалай түскені туралы
Егер сіз мемлекеттік бағдарлама бойынша оқысаңыз, оқуға түсу үшін IELTS немесе TOEFL-дан бөлек, SAT немесе ACT, сондай-ақ бағдарламаға қарай үш пән бойынша Advanced Placement Test тапсыру қажет болады. Бұдан бөлек, жетістіктеріңіз, неге өзіңізді жақсы үміткер деп санайтыныңыз және неліктен осында оқығыңыз келетініңіз жазылатын Рersonal Statement дайындауыңыз керек. Мектептен тыс жетістіктер туралы да айтуды ұмытпаңыз.
NUS-те мектептегі бағалар маңызды
NUS-те мектептегі бағалар маңызды. Техникалық мамандыққа құжат тапсыратын болсаңыз, қажетті пәндерден бағаңыз бес болғаны жөн.
Ең төменгі талаптарды орындау жеткіліксіз. Мысалы, SAT бойынша ең төменгі балл 1250, бірақ 1400-ден жоғары балл жинаған дұрыс. Қажет болса, емтихандарды қайта тапсыру үшін мүмкіндігінше ертерек дайындала бастауды ұсынамын.
Оқудың ерекшеліктері туралы
National University of Singapore (NUS) QS World University Rankings мәліметтері бойынша әлемдік университеттер рейтингінде 11-ші, ал Азияда 2-орында. Мұндағы профессорлар — марапаттары мен атақтары бар өз ісінің майталмандары.
Университет қала орталығына жақын орналасқан. Кампус пен қала әдемі және заманауи, жасыл желек, ағаш көп. Кампустың жанында және ішінде мұражай, бірнеше үлкен кітапхана, түрлі кафелер мен мейрамханалар бар. Сингапур — заңдары қатаң, әлемдегі ең қауіпсіз елдердің бірі, сондықтан студенттердің ата-аналары еш алаңдамаса болады.
Елдің атмосферасы жайлы
Сингапур — әлемдегі ең дамыған көлік жүйелері бар елдердің бірі. Адамдар негізінен метромен жүреді. Ауасы таза, электрлі және гибридті көліктер көп. Адамдар мейірімді және сыпайы.
Университетте әр елден келген студенттер бар.
Кемшіліктерден — жоғары температура және өздеріне ғана тән тағам түрлері.
Жанар Жеңіс, 26 жаста, қаласы — Астана, аналитик, Linkedin
ЖОО таңдау туралы
2019 жылы Назарбаев Университетін экономика мамандығы бойынша бітірдім. Оқуды бітіргеннен кейін аналитик болып жұмыс істедім, ал кейінірек магистратураға түсуге шешім қабылдадым.
Осылайша, 2022 жылдың қаңтарында Сингапур Ұлттық университетінің бизнес мектебінде Master
of Science in Management бағдарламасы бойынша оқуға түстім.
Маған Сингапур баяғыдан ұнайтын. Елдегі білім сапасы және жоғары өмір сүру деңгейі қызықтырады.
Сингапур Ұлттық университеті Азиядағы ең үздік университеттер рейтингінде бірінші орында.
Құжат тапсырар алдында мен дүниежүзіндегі бизнес мектептерін мұқият зерттедім, менеджменттегі бағдарламалық құрылымдарды салыстырдым. Менің ойымша, NUS тамаша оқытушылар құрамымен, түрлі мамандықтары бар үздік курстарымен ерекшеленеді.
Оқуға қалай түскені туралы
Түйіндеме және мотивациялық хат сияқты стандартты құжаттарға қосымша үміткерлер IELTS немесе TOEFL сертификатын ұсынуы керек. Оқуға түсу және шәкіртақы алу мүмкіндігін арттыру үшін GMAT немесе GRE емтихандарын тапсыруға болады.
Әрі қарай іріктеу комиссиясы сұхбаттасу үшін үміткерлерді таңдайды. Бұл — процестің ең маңызды бөлігі, сол себепті оған мұқият дайындалу керек. Оқуға түсуге дайындалу үшін барлық қолжетімді ресурстарды пайдаландым.
Оқуға түсу және стипендия алу мүмкіндігін арттыру үшін GMAT немесе GRE емтихандарын тапсыруға болады
Сондай-ақ бағдарламалардың түлектерімен сөйлесіп, мотивациялық хат жазуға және сұхбатқа дайындалуға көмек сұрау да пайдалы болады. Қажетті бағдарламаның түлектерін LinkedIn сайтынан табуға болады.
Оқудың ерекшеліктері туралы
Университет өте мықты, оны студенттерден-ақ байқауға болады. Менімен бірге әлемнің ең үздік университеттерінің түлектері оқыды, тіпті көпшілігі ірі компанияларда жұмыс істеген.
Бизнес мектеп заман ағымына сай FinTech Management, Digital Transformation, Business Analytics, Marketing Analytics сияқты курстарды ұсынады. Университет беретін білім мен дағдылар еңбек нарығында жоғары бағаланады.
Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі — курстардың құрылымы. Сабақтар семинар форматында өтеді, онда студенттер мұғалімдермен пікірталас жүргізеді және кейстерді талдайды. Кәдімгі аралық бақылау және емтихандармен қатар бағалау жүйесінің бір бөлігі көптеген топтық жобалардан тұрады.
Елдің атмосферасы жайлы
Кампустағы өмір қызықты, түрлі іс-шаралар өтеді, алайда оған негізінен бакалавриат студенттері қатысады. Ал магистранттар мен МВА студенттері кәсіби нетворкинг пен тағылымдамадан өтіп жатады.
Сингапур көздің жауын аларлықтай әдемі әрі қызықты. Көптеген мәдениеттер тоғысқан, әртүрлі елдің адамдары келетін жер деуге болады. Мұнда әлем туралы көптеген нәрсені біле аласыз. Әртүрлілігімен танымал жергілікті тағамды да атап өткен жөн.
Сингапурдан Оңтүстік-Шығыс Азияға саяхаттау оңай және үнемді.
Университет не үйретті
Университет өзінің жоғары рейтингісіне әбден лайық. Алынған білім мен дағдылар түлектерге артықшылық береді және әрқашан үздік жұмыс берушілер тарапынан сұранысқа ие.
Маған магистратура бағдарламасы мансабымда қызықты әрі болашағы бар бағытқа өтуіме көмектесті. Сингапурдағы оқу жеке өсуіме де әсер етті: көп нәрсеге көзқарасым өзгерді, дүниетанымым кеңейді, жаңа достар пайда болды.
Зарина Ахметжанова, 26 жаста, қаласы — Сингапур, инженер, @zarinka_ak
ЖОО таңдау туралы
Бакалавриатты бітіргеннен кейін мен Қазақстанда үш жыл жұмыс істедім, алайда мансабымды шетелде жалғастырғым келді. Ол үшін алдымен шетелде магистратураға түсу керектігін түсіндім.
Мен NUS-ті қызықты магистратура бағдарламасы үшін, университет бренді, сонымен қатар орналасқан жері үшін таңдадым. College of Design and Engineering оқу орнында MSc in Industrial and Systems Engineering в National University of Singapore бағдарламасы бойынша білім алып жүргеніме жарты жылдан асты.
Сингапур — тамаша жұмыс нарығы және таңғажайып табиғаты бар, жалақысы жоғары, ал салықтары төмен Азияның экономикалық орталығы.
Оқуға қалай түскені туралы
Магистратураның ресми парақшасындағы университеттің талаптары өте қарапайым: бакалавриат бағдарламасының транскрипті 5-тен кемінде 3.5, IELTS кемінде 6.0, индустрия саласындағы жұмыс тәжірибесінің бар болуы. Бірақ, шын мәнінде, оқуа түсу процесі көп күш-жігерді қажет етеді.
NUS-тегі Acceptance rate бар болғаны 5-7%. Дегенмен ол жаққа оқуға түсу қиын. Сондықтан мен мотивациялық хат жаздым, екі ұсыныс хат алдырдым, біреуі — жұмыс берушіден, ал екіншісі — университет профессорынан. Сондай-ақ оқуға түсу мүмкіндігін арттыру үшін түрлі дипломдарымды да қоса бердім.
Оқудың ерекшеліктері туралы
Мен оқып жатқан бағдарлама өте ыңғайлы. Магистратураны бір немесе екі жылда бітіре аламын.
NUS-тің оқытушылар құрамы және олардың сабақ беру тәсілдері керемет. Профессорлар өз істерінің шебері, әрқашан көмектесуге дайын. Кейбір пәндер бойынша мұғалімдер сабақтан тыс office hours ұйымдастырады, онда күрделі мәселелерді талдауға болады. Сондай-ақ кез келген профессордан жеке кеңес алуға болады.
NUS-тің оқытушылар құрамы және олардың сабақ беру тәсілдері керемет
Бірақ менің факультетім шетелдік студенттерге ешқандай стипендия бермейді. Үздік үміткерлердің 10%-на тек 30% жеңілдік қарастырылған. Ал оқу үлгеріміңіз жақсы болса, келешекте сізге жеңілдік берулері мүмкін.
Елдің атмосферасы жайлы
Магистратура тек оқу ғана емес, сонымен қатар нетворкинг. Нақты ғылымдар факультетіне түскенде студенттердің 90 пайызы Қытайдан келетініне дайын болыңыз. Олардың қауымдастығына қосылу оңай емес. Достар мен пікірлес адамдар табуға күш салу керек. Бірақ бизнес мектебін таңдауды жоспарласаңыз, студенттердің құрамы халықаралық болады.
Университет қалашығы өзінің сұлулығымен тәнті етеді: умағы жасыл желекке бөленген, әдемі, студенттерге қолайлы жағдай жасалған. Маған спорт залдары, ашық теннис корты, үш бассейні бар спорт кешені ұнайды. Сингапурда жыл он екі ай жаз мезгілі, сондықтан белсенді өмір салтын ұстану әбден қолайлы.
Кампуста дәмді және арзан тамақ ішуге болатын көптеген кафелер бар.
Жатақханаға келер болсақ, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын студенттерге басымдық беріледі. Мұнда тұру құны айына 1000 SGD құрайды.
Университет не үйретті
Әлемдегі ең бәсекеге қабілетті студенттермен инженерлік факультетте оқу мінезіңізді шыңдайды, шыдамдылыққа үйретеді.
Мен NUS-ті білімі, ортасы, түлектердің жұмысқа орналасу деңгейінің жоғарылығы үшін ұсынамын.