Қазақстандық фильмді облыс орталығында алғашқы болып ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517-әскери бөлімінің жауынгерлері, сондай-ақ өңір жұртшылығы тамашалады. Ұлттық ұланның 2017-2019 жылдарға арналған имидждік бағдарламасын орындау аясында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тапсырысымен қазақстандық «АЮ СИНЕМА» компаниясы «Хабар» телеарнасымен бірлесіп, «Алтыншы бекет» атты толық метражды көркем фильмді өткен жылдың соңында түсірген болатын. Сюжет желісіне Ұлттық ұлан жауынгері Ербол Отарбаевтың ерлігі негіз болған. Ақтау қаласындағы 6656-әскери бөлімінде қызметін өтеп жүрген 19 жасар жігіт 2010 жылғы 22 маусымда қатаң тәртіптегі түзету мекемесінде қарауылда тұрған еді. Сол кезде ол колониядан қашпақ болған 21 жазасын өтеушінің жолына жалғыз өзі тосқауыл қоя білді. Түн ішінде өзіне қарсы жүгіріп келе жатқан қарулы топты көрген жауынгер бастапқыда абдырап қалғанымен, тез сауатты әрекет жасады. Оның батыл іс-қимылы арқасында тұтқындар жауынгер күзетіп тұрған алтыншы бекеттен өте алмады. Осы жанқиярлық ерлігі үшін Е.Отарбаев Елбасының Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Кейін Ұлттық ұланның әскери институтын бітірген Ербол қазіргі таңда офицер ретінде қызмет етеді. Елге танымал актерлер түскен аталмыш фильм лаңкестік пен экстремизмнің алдын алу бағытында, радикалды діни ағымдарды насихаттауға қарсы қолға алынған жоба еді.
Дерек көзі: kazinform.kz