Оңтүстік Қазақстан облысында «Шымкент арена» спорт кешені бой көтереді. Бұл туралы өңір әкімі Жансейіт Түймебаев 2017 жылы атқарылған жұмыстар жайын баяндаған есепті кездесуде мәлім етті. Оның айтуынша, Шымкент қаласындағы аумағы 427 гектарды құрайтын «Shymkent city» шағын ауданында «Шымкент арена» спорт кешені салынады. Осы жылы құрылысы басталатын бұл спорттық нысанда күрес пен атлеттер залы, сауда, тамақтану және әкімшілік блогтары, қонақ үй, бассейн қарастырылған. Жобалық құны 17,2 млрд теңге болатын кешен заманауи құрылғылармен жабдықталмақ.
Сонымен қатар әкім аталған шағын ауданда жалпы алаңы 18 450 шаршы метр болатын «Конгресс Холл» жобасы бой түзейтінін де айтып өтті. Құны 20,5 млрд теңге болатын нысан құрылысы 2018-2021 жылдар аралығында жүргізілмек. Шымкент қаласын жан-жақты дамыту жайы Елбасының тікелей бақылауында екенін айтқан облыс әкімі негізгі жұмыстар қаланың архитектуралық келбетін жақсарту, инфрақұрылымын дамыту мен абаттандыру, көгалдандыруға бағытталатынын жеткізді.
Дерек көзі: kazinform.kz