Қазақстанда әндері танымал бола бастаған жас әрі талантты музыканттардың жаңа толқыны қалыптасып келеді. Солардың бірі Абай Мейрамбековпен танысып, шығармашылығы туралы әңгімелестік.
Абай Мейрамбеков, 17 жаста, қаласы — Алматы, музыкант, @kilemger
Барлығы қалай басталды
Мен Семей қаласының тумасымын. Алматыға музыкамен айналысу үшін қоныс аудардым. Менің музыкалық білімім жоқ. Бұл — ағамнан дарыған талант.
Мені шығармашылыққа бет бұруыма Ayau, Rusha, Macedon, Colorit және басқа да жас музыканттар шабыттандырды. Сондықтан 10-11-сыныпта мен де бейнебаян түсіруге, кавер жасауға, ән жазуға кірістім.
Басында көп қиындықтар болды. Ата-анам, тіпті мұғалімдер де музыкамен айналысуыма қарсы болды, өйткені жақсы оқып, ҰБТ-ға дайындалуым керек еді. Ал ауладағы достар мені мазақ қылатын. Дегенмен музыкалық жолым 16 жасымда Zhan Aktau әнімен басталды.
Шығармашылығы мен қайдан шабыт алатыны туралы
Музыка іштегі сезімдеріммен бөлісуге көмектеседі. Өз ойларымды, эмоцияларымды және сезімдерімді біреуге айта алмайтын кездерім де болады. Сондықтан оны әнмен жеткіземін.
Шабыт көңіл күйім жоқ кезде келеді: мәтін өздігінен пайда бола кетеді десем де болады.
Қазақстандағы музыка индустриясының дамуы туралы
Семейде музыканттарды қолдайтындар аз. Музыкантпын десең, жұрт сені тамада немесе тойларда ән айтатын әнші деп ойлайды.
Бірақ қазақтың танымал орындаушыларын тыңдайтындар көбейіп келе жатқанын байқаймын.
Ағымдағы іс-шаралар мен жоспарлар туралы
14 ақпанда барлық цифрлық платформаларда қолжетімді «Keide» трегі шықты. Алдағы уақытта тыңдармандарды басқа да жаңа синглдармен қуантамын. Жазға дейін әлі шықпаған әндер мен жаңа жанрдағы тректерден тұратын альбом жазып, шығаруды жоспарлап отырмын.
Мен шығармашылығын ұсынатын үздік 3 музыкант:
— Orynkhan
— Ali
— R.a.svet.