Array
(
    [SRC] => 
    [WIDTH] => 0
    [HEIGHT] => 0
)

Мен қазақша сөйлеймін
23666

09.12.2016

Мен қазақша сөйлеймін

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері қазақ тілінің мәртебесі артып, беделі өсті. Көп ұлтты мемлекетімізде қазақ тілін үйреніп, мемлекеттік тілде мүдірмей сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің де қатары көбейді. БІЗ сіздерге қазақшаға судай бірқатар ұлттың өкілін таныстырып, қазақ тілін үйренудегі тәжірибелерімен бөлісеміз.

Ахлиддин Кулахметов — 21 жаста, туған қаласы — Түркістан, ұлты — өзбек, студент

Мен қазақша сөйлеймін

Мен аралас мектепте, яғни,қазақ-өзбек мектебінде оқыдым. Жоғары сыныпқа келгенде қазақ сыныбына ауыстым. Бүгінде Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, филология факультетінің 4-курсында қазақ тобында оқимын. Тілді үйрену үшін ең алдымен тілдік орта болуы керек деп ойлаймын. Менің бала күнгі достарымның арасында қазақ балалары көп болды. Бастауышта өзбек сыныбына қазақ тілі пәні 3-сыныптан бастап жүрген болатын. Кез-келген тілді үйренгенде тек ауызекі сөйлеуді білу жеткіліксіз. Осы орайда, қазақ тілінің негіздерін үйреткен ұстазым – Қайырхан Сартбайұлына деген алғысымды білдіргім келеді. Қазақ әліпбиін үйренгеннен кейін бұл тілде ертегілер оқып жүрдім, есейе келе, газет-журналдар, түрлі кітаптар оқи бастадым. Өзбек отбасында туылсам да, 8 перзент тәрбиелеген ҰОС ардагері, қоғам қайраткері Нұриддин атам кішкене күнімнен «Егемен Қазақстан» газетін оқытатын еді. Қазақ тілін белгілі бір мерзімде толық меңгердім деп айта алмаймын, бұл – жылдар бойы жинақталған біліммен, сөздік қормен келетін нәрсе деп ойлаймын. Көбінесе, ғылыми мақалаларды оқып түсіну үшін қосымша сөздіктерді пайдаландым. Қазір қазақ тобында оқығандықтан, достарыммен, ұстаздарыммен қазақша сөйлесемін. Таныстарым, айналамдағы адамдардың көпшілігі қазақ тілінде сөйлейтіндіктен, қазақша өте жиі сөйлеймін. Менің қазақшамды естігенде көп адамдар таңырқай қарайды. Мүдірмей, өзбекшеге ұқсатпай, таза қазақ тілінде әдемі сөйлей алатынымды көргенде, айналамдағылар тамсанатындықтарын жасырмайды. Бүгінгі таңда мен үшін қазақ тілін білудің маңызы зор. Біріншіден, ғылымға қажет, оқып жатқан ордамда өз ойымды еркін, ашық айта аламын. Екіншіден, күн өткен сайын қазақ тілінің мәртебесі де артып келеді. Сондықтан, мен тұрып жатқан ел осы тілде сөйлесе, мен де бұл тілді білуім қажет деп есептеймін. Университетте «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығында оқимын, ағылшын және оған қосымша қытай тілін үйренудемін. Мектепте қазақ тілімен қатар орыс тілін де жетік меңгердім. Маған тіл үйренген қатты ұнайды және қазақша сөйлей алатынымды мақтан тұтамын.


Оксана Лоскутова — 36 жаста, туған қаласы — Ақтөбе, ұлты — орыс, «Қазақстан телерадиокорпорациясы» АҚ баспасөз хатшысы

Мен қазақша сөйлеймін

Қазақ тілін аулада балалармен ойнап жүргенде үйрене бастадым. Оның үстіне анам – қазақ (орысша сөйлейтін Орал қазағы). Павлодарда орыс мектебін тәмамдадым. Мектептен кейін туған жерім Ақтөбеге оралып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы мамандығы бойынша оқуға түстім. Сол кезден бері қазақ тілін жүйелі түрде үйреніп келемін. Қазақ тілі мұғалімі бола тұра, екі сөздің басын қоса алмай тұрғаным жарамас деп қазақшаға қатты көңіл бөлдім. Оқытушы ретінде бірнеше жыл қызмет еткен соң, БАҚ саласына өттім. Тіл үйренуде аударманың көп септігі тиді, үнемі айтып жүретінімдей, белгілі бір тілді үйрену үшін аудармамен айналысу қажет. Себебі, аударма жасағанда сөздік қор да молаяды, сөйлем құрылысы да ойыңда жатталып қалады. Мен үшін кітап тіл үйрену құралы емес, кітап оқығанда сюжетіне ауып кетемін де, мазмұнына баса мән беремін. Қазақ тілінде алғаш оқыған шығармам – С. Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасы болатын, қазір сол кезде қатты көргім келген өлкеге жақын жерде тұратыныма шүкіршілік етемін. Келесі туынды – Т. Ахтановтың «Шырағың сөнбесін!» романы. Бұл – ауыр шығарма, осы күнге дейін кітаптағы кей сөздер есімде қалған. «Шырағың сөнбесін!» дейік. Мен қазақ тілін әлі де үйреніп жүрмін, меніңше, бір нәрсені 100 пайыз білу мүмкін емес. Үйде де, жұмыста да қазақша сөйлеймін. Мемлекеттік тілде мәтін дайындаймын, екі тілде де жазамын. Қазақша сөйлегенімді көріп бәрі таң қалады. Алғашында қысылатынмын, жалпы, өзім маған көп көңіл бөлінгендігін қаламайтын адаммын. Ал эфирде назардан тыс қала алмайсың. Бірақ осы күндері жүрген жерімде қазақша сөйлеймін, біреулер қарап тұрса да мән бермейтін болыппын. Астанада соңғы уақытта қазақ тілінде сөйлейтіндер қатары көбейген. Бұл намыстан ба әлде қажеттіліктен бе, білмеймін. Алайда, әр қазақ азаматының тілге қатысты намысы болуы керек деп есептеймін. Қазіргі кезде баспасөз хатшысы болғандықтан, қазақ тілін білетіндігім маған күнделікті өмірде көп көмектеседі. Бір қызығы, үлкейе келе ойламаған жерден қазақша сөйлеуді қойдым, түсінбеген сыңай танытқан кездерім де болды. Себебі, сұрақ қойған адамға жауап бере берсең, сұрағы да көбейеді. «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» дегеннің бекер айтылмағанына көзім анық жетті.


Камиль Байрамов — 21 жаста, туған қаласы — Аягөз, ұлты — әзірбайжан, программист

Мен қазақша сөйлеймін

Мен кішкене күнімнен футболға қатыстым. Командамызда қазақ балалары өте көп болатын. Сол достарымның арқасында қазақ тілін үйрене бастадым. Тіл үйренуде, ауызекі сөйлесуімнен бөлек, қазақша кітаптарды оқыдым. «Абай жолын», Елбасымыз туралы кітаптарды қазақ тілінде оқып, тілімді жетілдірдім. Университетке түскеннен кейін де қазақ тілін үйренуден жалықпадым. Құрдастарыммен қазақ тілінде жиірек сөйлесе бастадым. Көбінесе, университеттегі достарыммен қазақша сөйлесемін, жұмыста да барынша қазақ тілінде сөйлеуге тырысамын. Бұрын көбісі қазақша сөйлегеніме таңғалатын. Ал қазір Қазақстанда әр ұлттың өкілдері мемлекеттік тілде сөйлей алады деп ойлаймын. Мені көптеген форумдарға, түрлі радио, телебағдарламаларға сұқбатқа шақырады. Күнделікті өмірде достарым маған әрқашан көмектесіп жүреді, яғни, акцентсіз сөйлеп, ойымды еркін білдіруге көмек беріп, қателіктерімді түзейді. Мен Қазақстанда тұрып, қазақша сөйлей алатыныма мақтанамын әрі мұны азаматтық міндетім деп санаймын.


Минигуль Юсупова — 20 жаста, туған қаласы — Астрахань, Ресей, ұлты — башқұрт, студент

Мен қазақша сөйлеймін

Мен Ресейде туылғаныммен, Батыс Қазақстанда өстім. Бірінші сыныптан бастап қазақ сыныбында оқыдым. Араласатын ортам, ауылым, достарым, бәрі де қазақ тілінде сөйлейтін. Мектеп кезінде отбасымызбен өзге ұлттар арасында қазақ тілінен өтетін түрлі сайыстарға қатысатынбыз. Жоғары сыныпқа келгенде өзім де қазақ тілі пәні бойынша олимпиадаға қатысып жүрдім. Тіпті, республикалық «KATEV» байқауында бақ сынап, жүлделі орын алдым. Қазақ тілін өз тілімнен де артық дәрежеде білемін десем, асырып айтпағаным шығар. Алдымен, адамдармен араласып, кейін мектептен үйренгенім бар, оған қосымша өз бетіммен әдеби кітаптар оқып, қазақ тілін толық меңгердім. Барлық жерде дерлік, қазақша сөйлеймін. Көршілеріміз бен ауылдастарымыздың басым бөлігі қазақтар болғандықтан, отбасымызда да қазақша сөйлесеміз. Менің сырт келбетімнен өзге ұлттан екенім біліне қоймайды. Көбісі, қазақтың қара торы қызы деп ойлайды. Керісінше, «башқұрт ұлтынанмын» дегенді естігенде таңғалатындар көп. Менің қазақ тілін білуім, бүкіл өміріме, кішкене күнімнен бастап, сабақта болсын, мектептен кейінгі оқуды таңдар кезде де өз пайдасын тигізді. Себебі, қазақ тілін бір кісідей-ақ меңгергенмін. Осы мемлекеттік тілді білуімнің арқасында түрлі сайыстарда топ жардым, ата-анамның мерейін үстем қылып, мектебімнің беделін асырдым. Кішкентайымнан жарыстардан көп сыйлықтар алып, үлкен жүлделерді иеленуім, менің қазақ тілі мен әдебиетіне деген қызығушылығымды еселей түсті.


Абдул Вахид Назими — 21 жаста, туған қаласы — Бадахшан, Ауғанстан, ұлты — ауған, студент

Мен қазақша сөйлеймін

Қазақстанға 2013 жылы келдім, басында бір жыл Алматыдан қазақ тілі курсынан өттім. Ондағы мұғалімдер сабақты өте жақсы түсіндіретін. Қазақтың дәстүрі мен тарихы жайында түрлі дәрістер өттік. Тіл курсынан қазақша сөздерді, сұрақ қоюды, жауап беруді үйрендім. Қазір жатақханада менімен біреу қазақша сөйлессе, мен де қазақша сөйлеймін. Бірақ менде тілдік акцент бар. Мағынасын түсінемін, жауап бергенде аздап қиналамын. Алайда, ойымды қазақ тілінде жеткізуге барынша тырысамын. Қазақша сөйлегенімді естігенде бәрі де таңырқап қарайды. Қазақстанда оқып жатқандықтан, қазақтармен араласасың, сол кезде қазақ тілі өте қажет. Алматыда жақсы сөйлейтінмін, Астанада сәл ұмытыңқырап қалдым. Себебі, мұнда көбісі менімен орысша сөйлеседі. Қазақстанға келген соң, оның тілін, дәстүрлерін білгенді жөн санаймын.


Максим Тян — 22 жаста, туған қаласы — Атырау, ұлты — корей, сақтандыру агенті

Мен қазақша сөйлеймін

Мен қазақ тілін кішкентай кезімнен білемін. Себебі, менің достарымның көбі қазақ балалары болатын. Тілді толық меңгердім деп айта алмаймын, әлі де үйренетінім көп. Біріншіден, достарым үнемі көмектесіп жүреді. Екіншіден, мектептегі мұғалімдерімнің ықпалы зор болды. Мектепте оқып жүргенде қазақ тілі пәнінен облыстық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар алдым. Қазақ тілінің 50 пайызын мектептен үйрендім, үздік оқып, әрдайым жаңа сөздер мен мақал-мәтелдерді жаттап жүруге тырысатынмын. «Бір ғасыр өмір сүр, бір ғасыр оқы» дегендей, әлі күнге дейін қазақ тілін үйреніп жүрмін. Достарым мен таныстырымның көпшілігі қазақтар болғандықтан, қазақ тілінде өте жиі сөйлеймін. «Сен қазақсың ба?» немесе «қазақ тілін қалай үйрендің?» деп сұрайтындар көп. Анам да, әкем де корейлер болғанымен, Қазақстанда тұрып жатқандықтан, қазақ тілін білуім керек деп ойлаймын. Бойымда корей ұлтының қаны болса да, жаным – қазақ.


Меню

Істер

Қала 24

Шолу