Бауыржан Канкин, 31 жаста, туған қаласы — Екібастұз, Calatrava Grace-тің бас директоры, Supernanny.kz жобасының негізін салушы
Өткені
Мен 11 жыл бойы бір сыныпта, С.Торайғыров атындағы № 22 гимназия мектебінде оқып шықтым. Бұл қазақ гуманитарлық мектебі еді, сол себепті мұғалімдер құрамы қазақ тілді болатын. Біз оқуды бітіргеннен кейін, биыл мектепке бірінші рет бардық. Мен барлық жерлерге, кабинеттерге кіріп шықтым. Әлі күнге дейін сонда жұмыс істейтін мұғалімдермен кездестім.
Мен үш сүйікті мұғалімімді атап өтер едім. Менің бастауыш және орта мектебімде екі сынып жетекшісі болды. Сонымен қатар география мұғалімі есімде сақталып қалды. Мен өзім географпын, әртүрлі олимпиадаларға қатысатынмын және география пәнінің мұғалімі менің білім алуыма үлкен үлесін қосты. Ол бізбен ешқашан пікірталасқа түспейтін, ұрыспайтын, бірақ сыныпты әрқашан қадағалап отыратын. Бұл мұғалімнің айрықша шеберлігі – оны барлығы құрметтейтін.
Біздің сыныбымызда жылы қарым-қатынас орнаған. Өкінішке орай, қазірде біз араласпаймыз. Бірақ менің мектеп кезінен араласатын үш-төрт досым бар. Мектеп кезіндегі достық – бұл ерекше, берік қарым-қатынас.
Шамамен 15 жыл өткен соң, мектепте оқытқан нәрселердің барлығы дұрыс болғанын түсінемін
Мектеп маған қатты ықпал етті. Шамамен 15 жыл өткен соң, мектепте оқытқан нәрселердің барлығы дұрыс болғанын түсінемін. Барлық мұғалімдер өздерінің жұмыстарын адал атқарды. Олар шынайы тырысты, көп жұмыс істеді. Әрбір сабақ шын ниетпен жүргізілді. Мен оларға алғысымды білдіремін. Олар қызықтыра білетін, материалды дұрыс жеткізе алатын. Балаларымда да осындай адал ниетті мұғалімдердің болғанын қалаймын.
Бүгінгі күн
Көптеген мектептердегі жұмыс көбейіп бара жатыр, мұғалімдер мен оқушылардың жағдайлары күрделеніп, ұстаздар оқыту процесіне бұрынғыдай назарын аудара алмай жатыр. Бірақ бүгінде жалпы білім беретін мектептер әрбір оқушыға қажетті білім беретініне сенемін. Қалғанның барлығы отбасыға, ата-анаға байланысты.
Менің балаларым қазақ мектебінде оқиды деп шештім. Себебі біздің қазақи түсініктеріміз отбасы аясында ғана емес, мұғалімдер арқылы да беріледі. Бұл балаларымның бойына сіңіруді қалайтын негізгі қағидалар мен құндылықтар. Сонымен қатар қазіргі кезде тұлға мен кәсіпқой ретінде қалыптасу үшін ғылым ретінде математика тиімді, әрі маңызды болып табылады. Тілдер де маңызды орын алады. Сол себепті мен үшін мінсіз мектеп – бұл математикаға бейімделген қазақтілді мектебі. Менің қызым РФММ-нің қазақ сыныбында оқиды.
Көптеген адамдар үшін мектеп – бұл әлі де білімнің негізгі дереккөзі
Бүгінде ақпарат қол жетімді болып табылады және бұл үлкен артықшылық. Балалар кез-келген нәрсені өздігінен оқи алады, бірақ негізгі білімді сыныпта ғана алады. Көптеген адамдар үшін мектеп – бұл әлі де білімнің негізгі дереккөзі және уақыттарының басым бөлігін өткізетін орын.
Supernanny.kz жобасы аясында мен балалардың мұғалімдерге деген қатынасы өзгергенін айта аламын. Бүгінде бала мұғаліммен әлеуметтік теңдік дәрежеде екенін сезеді. Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Оқушы мұғалімді құрметтеуі тиіс. Әрине, көптеген нәрселер мұғалімнің жеке тұлғасына да байланысты.
Болашақ жайында
Заманауи мектеп үшін ерекше инфрақұрылымның болуы міндетті емес, бірақ жақсы техникалық базаның болуы маңызды.
Оқыту процесінде маңыздысы – әдістеме. Мектеп болашақтың талаптарына бейімделуі тиіс. Бүгінгі өмірлік заңдардың орнына 20 жылдан кейін орын алатын өмірлік заңдарды ұғыну керек. Сол себепті техникалық ғылымдар қажет – барлық жаңа мамандықтар соларға негізделген.
Мектеп болашақтың талаптарына бейімделуі тиіс
Балалардың моральдық тәрбиесіне, адамгершілігіне көңіл бөлу қажет. Балалар негізгі біліммен қатар ұлттық бірегейлігін, мәдениеті мен құндылықтарын ұғынуы тиіс.
Жетістікке жету үшін осы орайда жүйелі түрде жұмыс істеу керек, ақырындап жаңа білімдерді сіңіру қажет. Сол себепті балалардың бойындағы оқуға деген ниетті тәрбиелеп, ғылымға деген қызығушылықты ояту керек. Ол үшін жаратылыстану арқылы, ойындар арқылы балалармен бірге әлемді зерттеу керек. Кейін олардың зерттеулерін ғылыммен бекіту керек.