Көкшетау — Кабо-Сан-Лукас
Ақмола облысының ауылында туылып, бүкіл балалық шағымды сонда өткіздім, ал 2016 жылы біз Көкшетауға көштік.
Менің немере әпкем Мексикада он жыл тұрып жатыр. Бұл уақыттың ішінде ешқайсысымыз оған қонаққа барған емеспіз. Ал мен бұрыннан бері бір жаққа барғым келді. Құжаттарымды жинап, бір ай бұрын Астанадан шығып, Мексикада қалдым.
Ең бірінші әсерлер мен қиындықтар туралы
Ең бірінші әсерлерімді ұмыту қиын. Астанадан шыққан кезде ауа райы төмендеп, боран болды. Ал Мексикада ұшақтан шыққан кезде пальмаларды, тауларды, жарқыраған күннің көзін көрдім. Мұнда жыл бойы аптап ыстық.
Мексикада тұрып жатқаныма бір ай болды, бірақ осы уақыт ішінде жерсінуге тап болдым. Өмір бойы Қазақстанның солтүстігінде тұрған адам үшін ауа температурасын ауыстыру қиын.
Сонымен қатар, мексикандықтар ағылшын тілі мен американдықтарды ұнатпайтындарын байқадым. Ағылшын тілінде сөйлеймін, менен Мексикада тұрып, неліктен испан тілін білмейтінімді жиі сұрайды. Сол себепті ақырындап тілді меңгеріп жатырмын.
Мені Тынық мұхит таңдандырды. Бұл өте керемет. Көріністің өзі көздің жауын алады, мұндайды ешқашан көрмеппін.
Кабо-Сан-Лукастағы өмір туралы
Кабо-Сан-Лукас — ең танымал курорттардың бірі, бұл жерде жағажайлар мен отельдер мол, көптеген голливудтық жұлдыздары келіп жатады.
Маған қала ритмі ұнайды. Мұнда бүкіл әлемнен келген туристер көп, барлығы үнемі қозғалыс үстінде. Мексикада қазақтар аз болса да, мұнда бір алматылық жұпты кездестірдім. Олармен таныстым, олар қатты таңғалып, қуанды. Бұл өте жағымды кездесу болды.
Мексикадағы өмір Қазақстандағы өмірден қатты ерекшеленбейді. Бүкіл жерде жақсы және жаман адамдар бар, алайда осында адамдар бір-біріне басқаша қарайды. Барлығы бір-бірімен амандасып, күлімдейді, үнемі көтеріңкі көңіл-күймен жүреді. Қазақстанда ондай жоқ, біздің адамдар сәл суықтау. Ал мұнда барлығы көңілді, ашық, көшелерде мариачи музыканттары көп, өмір қайнап тұр. Бәлкім, бұған климат әсер ететін шығар.
Маған кеңес менталитеті аса ұнамайды, ол адам басында көптеген шектеулерді туғызады. Егер қазақстандықтар бір-біріне ашылса, өмір қызығырақ болатын еді. Біреу үшін өмір сүрмей, өмірге қуанып, саяхаттап, өзің үшін өмір сүру керек.
Мексикандықтар фильмдегідей қызу мінезді, эмоционалды және көпшіл. Алайда олар кішкене жалқау, уақыт созып, бүгінгі жұмыстарды ертеңге қалдыруды ұнатады. Қазақтар бұл жағынан ширақтау.
Егер тұрмыстық өмірді алсақ, Мексикадағы өмір қымбат. Мұндай айырмашылықты күтпеген едім, барлығы 2-3 есе қымбат. Бір литр су шамамен 350 теңге, ал жанармай 400 теңге тұрады. Электр қуаты, тұрғын үй — барлығы қымбат.
Тағы бір айырмашылық — жергілікті ас үй. Мұнда кез келген тағамға, тіпті десерт пен сусындарға ащы дәмдеуіштерді қосады, мексикандықтар оны ұнатады.
Қазір турист ретінде өмір сүріп жатырмын, маған бәрі қызық. Әпкемде Мексикада өз бизнесі бар, мен оған көмектесемін. Әпкем Мексикаға он жыл бұрын келгенде оған қиын болды. Бірақ мен оның істегені үлкен жетістік деп ойлаймын, бұл мені ынталандырады.
Қала қалай әсер еткені туралы
Көшу адамға қатты әсер етеді, бір қоғамнан басқа қоғамға түскен кезде олардың әдеттерін, өмір салтын өзіңе қабылдай бастайсың. Қазақстаннан тыс жердегі өмір адамдарға жақсы көзқараспен қарауды үйретеді, өйткені басқа елде өмір сүргенде көмек қолын созатын адамдар барлық жерде бар екенін түсінесің.
Мексикада одан сайын ашылдым. Мұнда бүкіл жерде өзіңді жеңіл сезінесің, сондықтан да күлімдейсің. Өмірімде негатив азайды.
Дүниетанымым кеңейді, жаңа жерлерді көріп, көп мемлекеттерге барғым келеді. Жақын уақытта Америкаға баруды қалаймын.
Мексика мені қарапайым болуды үйретті. Мұнда бай адамдар өздерінің ауқаттылығын көрсетпейді. Адамның сыртқы келбеті мен сөйлеуінен оның бай отбасыдан екенін байқай алмайсың. Оларда тәкаппарлық жоқ.
Бұл ел мені тәрбиелеп, шыдамды етті. Қанағаттанарлық күйдемін және қуатқа толымын.