«Қиырдағы қазақтар». Әлемнің әр қиырына тарыдай шашылған қандастарымыз жайлы түсірілген жаңа деректі фильм осылай аталады.
Бүгін тың туынды алғаш рет көрермен назарына ұсынылды. Елорда кинотеатрларының бірінде өткен тұсаукесер рәсіміне зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты. Деректі фильмді түсіру жобасын Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жүзеге асырған. Шығармашылық топ 30 мың шақырым жерді жүріп өтіп, талай тарихи орындарға табан тіреді. Ресейдің Астрахань, Моңғолияның Ұлан-Батыр, Өзбекстанның Ташкент және Тәжікстанның Худжанд қаласына барып, тағдыры ерекше жандарды таспаға түсірді. Мәселен, деректі фильмнің Моңғолия қазақтарына арналған бөлімінде қандастарымыздың күнделікті тыныс-тіршілігі көрсетіледі. Олардың ұлттық салт-дәстүрді қалай дәріптейтіні әңгімеленіп, елге еңбегі сіңген тарихи тұлғалар жайлы тың деректер паш етіледі.
Атап өтейік, деректі фильм 8 сериядан тұрады. Көрермен назарына бүгін алғашқы бөлімі ұсынылса, қалғаны алдағы уақытта көрсетіледі.
Дерек көзі: 24.kz