«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басшысы Абылайхан Оспанов жаңа қызметтің іске қосылатыны туралы мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда жақында уақытша тіркеуді SMS-хабарлама арқылы ұзарту қызметі енгізіледі. Аталған шешім ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында қабылданды. «Уақытша тіркеудің аяқталуына бір күн қалғанда тіркеуді ұзарту туралы SMS-хабарлама жіберіледі. Адам өз келісімін берсе, уақытша тіркеу ұзартылады. Бұдан бөлек дәл сондай хабарлама үйдің иесіне де жіберіледі. Ол да уақытша тіркеуді ұзартуға өз келісімін беруі керек. Ақпараттық базада үй иесінің меншік құқығы расталғаннан кейін уақытша тіркеу автоматты түрде ұзартылады», – деп жазды А.Оспанов Facebook желісіндегі жеке парақшасында. Айта кетейік, жаңа қызметті пайдалану үшін уақытша тіркеуді ұзартатын адам да, үйдің иесі де мобильді азаматтар базасында тіркелуі тиіс. Ал жеке сәйкестендіру нөмірін мобильді телефонмен байланыстыруды Egov порталының жеке кабинетінде, я болмаса, кез келген халыққа қызмет көрсету орталығында жасап алуға болады.
Дерек көзі: 24.kz