Қаладағы жаһандық өзгерістердің негізінде азаматтық бастамалар жатқандықтан, ерекше көрмеге Астана қаласының әкімдігі қолдау көрсетуде. Еріктілердің жұмысы - белсенді өмірлік ұстанымның, қала мен оның тұрғындарының тағыдырына деген жауапкершіліктің маңызды белгісі. Қоғам үшін өзекті мәселелерді шешу «өзгерісті өзіңнен баста» қағидасы бойынша сананы жаңғыртудан, ал Отанға деген махаббат әр азаматтың әлеуметтік жауапкершілігін танытуынан басталады.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Атамекен» бағыты да осы қағиданы негіз еткен. «Keruen city» сауда орталығында ұйымдастырылған фотокөрмеде келушілер назарына Руслан Хасанов, Тимур Жұматов, Елена Сычева, Ирина Ахмадиева, Лилия Батреева, Сәния Құдайқұлова, Анар Майкопова, Елена Полякова сияқты елордаға аты таныс 9 суретшінің жұмыстары қойылған. Әр суреттің негізінде ерекше оқиға жатса керек. Шара ұйымдастырушылары бұл оқиғалар адамдардың жануарларға деген аяушылық сезімін оятып, төрт аяқты достарына деген зәбірдің түбірімен жойылуына септігін тигізе алады, деп есептейді.
Тұрғындар бұл жұмыстарды тегін тамашалай алады, қайырымдылыққа арнайы ақшаны бөлу де міндетті емес. Ал ерікті түрде қол ұшын созғысы келетіндерге көрме аумағында арнайы жәшік орнатылған. Жиналған барлық қаражат «Ковчег» жануарлар үйі мен қаладағы @zverohelp_astana жануарларды қорғау жөніндегі қозғалыстың еріктілері арасында бөлініп, жануарларға арналған екпелерге, зарарсыздандыру шараларына, жануарлар азығына жұмсалатын болады.
Дерек көзі: kazinform.kz