Алматыдағы Сүлеймен Демирел Университетінің түлектері Әбдімаулен Ақдидар мен Әбзелова Қызжібек өздерінің бітіруші жұмысы ретінде BTS жайлы дипломдық жұмыс қорғаған. «Халлю: Неліктен бүкіл әлем BTS-ті жақсы көреді?» деп аталған ғылыми еңбекті дипломдық комиссия құрамы «readymag құралын қолданып визуал сторителлинг бағытын бастаған» деп атап өтіп жоғары бағалаған.
Қызжібек пен Ақдидар дипломдық жұмыс жазу барысында бес қазақстандық кейіпкердің оқиғасын мысал ретінде алған. Онда BTS-пен қалай танысқандығы, неліктен осы өнер иелерін артық көреді, олардың танымалдылығы мен қоғамға берер пайдасына тоқталған. Бұл жұмыстың тағы бір ерекшелігі 50-60 беттік жазбаша жұмыс емес, фото мен видео және мәтін қамтылған мультимедиялы форматта жасалынған.
Студенттер бұл жұмыста BTS-ті мысалға ала отырып соның аясында визуал сторителлингті ақпарат жеткізудің жаңа бір форматы ретінде жеткізгісі келген. «Біздің мақсат визуал сторителлинг — көлемі ұзақ және ауыр болып келетін тақырыптарды жеңіл ұсынуға мүмкіндік беретін тәсіл екенін дәлелдеу болды», — дейді Қызжібек. Бұл жоба BTS тобы мен олардың жанкүйері ARMY-ге арналған.