Саяхатшылар қалдырған миллиондаған пікірлерге сүйене отырып, сервис әлемнің түкпір-түкпіріндегі ең жылы шырайлы мекендерді анықтады.
Бірінші орынды Шри-Ланкадағы көне бекініс — Сигирия иеленді. Бұл аймақта ондаған жайлы қонақүйлер орналасқан. Бұл тұжырым 360 миллионнан астам тексерілген пікірлерге сүйене отырып жазылған. Платформада туристер тек белгілі бір қонақүйде тұрып, көлік жалдап немесе таксимен жүргеннен кейін ғана пікір қалдыра алады.
Booking.com қонақжайлылық пен жылы қарым-қатынастың саяхат кезінде ұмытылмас әсер қалдырудағы маңыздылығын ерекше атап өтті.
Бұл тізім кофеханалар мен жағажайлардан бастап, ортағасырлық қалашықтар мен тропикалық мекендерге дейін әлемнің әртүрлі бағыттарын қамтиды. Олардың барлығы ерекше оқиғалар мен әсерлі саяхаттарға жетелейді.
Сонымен 2025 жылдың ең қонақжай 10 орны:
-
Сигирия, Шри-Ланка
-
Касорла, Испания
-
Урубичи, Бразилия
-
Таупо, Жаңа Зеландия
-
Сент-Огастин, АҚШ
-
Орвието, Италия
-
Манисалес, Колумбия
-
Кведлинбург, Германия
-
Ко-Ланта, Таиланд
-
Честер, Ұлыбритания
Сигирия — теңіз деңгейінен 180 метр биіктікте орналасқан ерекше жартасты аймақ. Ол ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Мұнда тек ежелгі ескерткіштер ғана емес, жайлы қонақүйлер де кеңінен танымал.
Екінші орынды Испаниядағы Касорла қаласы иеленсе, үшінші орынға Бразилиядағы Урубичи тұрақтады. Бұл мекен саяхатшыларды ерекше табиғатымен баурайды.
Төртінші орында — Жаңа Зеландиядағы Таупо. Бұл аймақ өзінің көркем пейзаждарымен және жайлы кофеханаларымен танымал.
Бесінші орында АҚШ-тың ең көне қаласы — Сент-Огастин тұр. 1565 жылы негізі қаланған бұл жер туристерді бай тарихымен қызықтырады.
Честер Ұлыбританиядағы ең қонақжай қала ретінде танылды. Елдің солтүстігінде орналасқан бұл тарихи қала Рим дәуірінен Тюдорлар заманына дейінгі сәулет өнерімен ерекшеленеді. Booking.com Честердің тұрғындарының қонақжайлығын және жергілікті қауымдастықтың ерекше жылылығын атап өтті.
Дереккөз: tengrinews.kz