Жақында Cerebra MedTech-стартапының негізін қалаушы StartX акселерация бағдарламасына еніп, осы қауымдастықтың мүшесі болды. Ол біздің басылымға берген сұхбатында іріктеу процесі мен артықшылықтары туралы айтып берді.
Досжан Жүсіпов, қаласы — Алматы, CEO Cerebra, @dos_zhussupov
Бәрі қалай басталды
Cerebra — менің бірінші MedTech-жобам емес. Бұған дейін де табысты exit болған, соның арқасында мен қазақстандық MedTech жобаларының ішкі және сыртқы нарықтардағы әлеуетін сезіндім. Қазақстанда жоба жасау АҚШ-қа қарағанда 42 есеге арзан және біздің мамандардың дағдысы пен біліктілігі шетелдіктерден кем түспейді. Соның бірі — жуырда IntelSoftware олимпиадасында Қазақстан құрамасының жеңіске жетуі.
Бастапқыда біздің команда офтальмология, пульмонология және нейрорадиологияда жасанды интеллект қолданатын үш бөлек жобада жұмыс істеді. Шағын-прототиптерді нарықта таныстырғаннан кейін біз нейрокомандалардан үлкен жауап алдық. Сондықтан біз барлық ресурстарды нейрорадиологиядағы жоба — Cerebra-ны дамытуға жұмылдыруды жөн көрдік.
Cerebra-ның мақсаты — дәрігерлерге инсультті мүмкіндігінше тез және дәл анықтауға көмектесу. Біз алғашқы пилоттық жобаларды 2021 жылы іске қостық. Небәрі екі жылдың ішінде олар Қазақстан нарығының 50 пайызын қамтып үлгерді.
Дүниежүзіндегі біздің нишадағы негізгі ойыншылар саусақпен санарлық. Сондықтан бізге Cerebra-ны экспорттау туралы өтініштер жиі түседі. Сұраныстардың саны айтарлықтай болған кезде, біз өз әлеуетімізді және командамызды АҚШ-қа бағыттау туралы шешім қабылдадық. Бұл — медицинада жасанды интеллектіні қолдануға қатысты мәселелер заңнамалық деңгейде реттелетін үлкен және белсенді нарық.
АҚШ нарығына шығу туралы шешім Jas Ventures & StartX іріктеу процесінің басталуымен сәйкес келді. Көп ойланбастан, біз өтініш бердік.
StartX мүшесі болу үшін не істеу керек
StartX — Stanford University жанындағы акселератор бағдарламасы. Бағдарламаның барлық жобасының жалпы құны 26 млрд долларды құрайды.
Cerebra — StartX Орталық Азиядағы StartX қабылдаған алғашқы жоба
StartX — техникалық тәжірибесі және сараптамасы бар кәсіпкерлер қауымдастығы. Іріктеу процесі қиын болды. Акселерация бағдарламасына өтінім беру барысында біз Jas Ventures компаниясынан үлкен қолдау алдық.
Алдымен сауалнама негізіндегі егжей-тегжейлі скринингтен өттік, онда біз Cerebra жобасының барлық жетістіктері мен нәтижелерін көрсеттік. Ал содан кейін біздің әзірлеушілер мен дәрігерлер тобы StartX командасымен сөйлесіп, жобамыздың жаңашылдығын көрсетті. Осылайша біз бұл маңызды кезеңнен табысты өттік.
Cerebra — Орталық Азиядағы StartX-ке қабылданған алғашқы жоба. Бағдарлама басталып та кетті, қазір біз барлық шараға белсене қатысып жатырмыз. Неліктен көптеген кәсіпкер StartX жүйесіне қосылуға ұмтылатынын түсіндім. Бір аптаның ішінде ұйымдастырушылар венчурлық қорлармен және керемет MedTech жобаларының құрылтайшыларымен көптеген сапалы кездесулер өткізіп үлгерді.
Артықшылықтары туралы
Бағдарламаның басты артықшылығы — MedTech жобаларына басымдық және мықты қауымдастық. Төлем қабілеттілігі бар алғашқы 40-50 клиент стартапқа осы қауымдастықтың арқасында келеді. Ал 10 жетекші әлемдік фармацевтикалық компания StartX портфелі компанияларының клиенттері саналады.
Бұл жетістік командамыз үшін өте маңызды. Біз өз жобамызды ғана емес, бүкіл елдің атынан шығып отырмыз. Қазақстанды инновациялық медициналық шешімдерді әзірлеуде көшбасшыға айналдыруға ұмтыламыз. Осы салада алғашқы болғандықтан, біз түрлі қиындықтарға тап боламыз. Жақында тәжірибемізбен бөлісуге болатын қазақстандық стартаптар көбейеді деп сенемін.
Жоспарлары жайлы
Біз Cerebra жобасын дамытуды жалғастырамыз және АҚШ нарығындағы позициямызды нығайта береміз.
Адамдарға барынша пайда әкелуге тырысамыз. 2033 жылға қарай АҚШ-та радиологтардың тапшылығы 42 мыңға жетеді. Сондықтан біздің түпкі мақсатымыз — науқастар мен дәрігерлерге көмектесу.