Балнұр Дүйсенбаева АҚШ-тағы магистратураға түскені жайлы айтып, жаңа елдегі өмірі және Amazon-ға қалай жұмысқа тұрғанымен бөлісті.
Балнур Дуйсенбаева, 29 жаста, қаласы — Сиэтл, Amazon-да бағдарламашы, @balnura_duis
Шетелге қоныс аударуы туралы
Мен 2018 жылы Америка Құрама Штаттарына қоныс аудардым. Басты мақсатым University of Texas at Dallas-та Computer Science мамандығы бойынша магистратурада білім алу еді. Amazon-да SDE II бағдарламашысы болып жұмыс істеп жүргеніме екі жарым жылдай болды.
Мен 10-сыныптан бастап АҚШ-та оқығым келетін. Мектепті үздік бітірдім, ҰБТ-да 125-тен 123 балл алдым. Алайда қайда баратынымды, не істерімді білмедім. Ақыр соңында мен IT саласын таңдап, МУИТ-ке оқуға түстім. Оқуды бітіргеннен кейінҚазақстанда жұмыс істедім. Кейінірек, АҚШ-та оқуға, сол жақта өмір сүруге деген құлшынысым қайтып оралғанда, мен қажетті емтихандардан өтіп, төрт университетке құжат тапсырдым. Осылайша, екеуінен шақырту алдым да, UTD -ны таңдадым.
Жаңа өмірге бейімделуі және қиындықтар туралы
АҚШ-тағы қиындықтар бұл жаққа қандай мақсатпен келетініңізге байланысты. Ағылшын тілін жақсы білуіңіз, кәсіби білім мен дағдыларыңыздың болуы да өте маңызды. Мысалы, екі адам Green Card ұтып алса, олардың бірі ағылшын тілін жетік меңгерсе, екіншісі мүлде білмесе, олардың бейімделуі екі түрлі өтеді. Егер адамның ізденетін мамандығы бойынша білімі мен тәжірибесі бар болса, түйіндеме жазып, жақсы жұмыс табуға болады. Сондықтан қоныс аудармас бұрын нақты жоспар құрып алған дұрыс.
Мен кездескен қиындықтарды болжанған және күтпеген деп бөлуге болады. Магистратура кезіндегі күрделі курстар, тағылымдама және жұмыс табу, Техастағы өмірге бейімделу, Сиэтлге қоныс аудару және қайта бейімделу, Amazon-да жұмыс істеуге бейімделу. Бұлардың барлығын болжамды қиындықтар еді. Әрине, мұның бәрі маған оңайға соқпады, дегенмен икемді адаммын әрі кез келген қиындыққа оптимистік тұрғыдан қараймын.
Күтпеген екі мәселе болды. Университетте де, өзім тұрып жатқан қалада да Қазақстаннан бірде-бір адам болған жоқ. Бірақ, менің ойымша, бұл дұрыс болды. Алғашында тек жерлестермен ғана аралассаңыз, ағылшын тілін жақсы деңгейге көтермейсіз, араласатын адамдарыңыз да көп болмайды.
Екінші күтпеген қиындық — пандемия.
Адамдардың менталитетінен бірінші байқағаным және АҚШ-та маған ұнағаны — толеранттылық пен дарашылдық. Әр штаттың адамдары да бір-біріне ұқсамайды, түрлі өмір салтын ұстанады.
Мен қайда тұрақтау керектігін шешу үшін екі-үш ай әртүрлі штатта тұрып көруді ұсынамын
Мен қайда тұрақтау керектігін шешу үшін екі-үш ай әртүрлі штатта тұрып көруді ұсынамын. Мысалы, мен Майами мен Флоридада бірнеше ай тұрдым, бірақ маған ондағы өмір бірқалыпты әрі тыныш сияқты көрінді. Ал мен керісінше, қозғалысты ұнатамын. Сондықтан Сиэтлді таңдадым.
Дамуы және мансап туралы
Оқыған кезімде қосымша жұмыс істемедім. Оқу небәрі екі жыл болады, сондықтан барынша оқып қалғым келді. Ара-тұра хакатондарға қатысып жүрдім. Соның бірінде біздің команда State Farm компаниясының екінші және жүлделі орнына ие болды. Әрқайсымызға компьютер мониторы мен Nintendo Switch сыйға берілді.
Бос уақытымда сұхбатқа дайындалып, жазғы тағылымдама іздедім. Шамамен 60-70 компанияға хабарластым, бірнеше сұхбаттан өттім. Ақырында Далластағы Axxess компаниясынан ұсыныс түсті. Олар — медицина саласындағы IT-компания. Тағылымдама біткен соң олар маған жұмыс ұсынды. Бұл маған сенімділік беріп, үлкен IT компанияларымен сұхбатқа дайындалуыма көмектесті.
Мен Amazon-дағы іріктеу процесіне қатысуды магистратураның екінші курсында бастадым. Қараша айында үш кезеңнен тұратын сұхбаттардан соң олардан ұсыныс түсті. Бос уақытым мен күшімді түрлі компаниялар келетін кәсіпкерлік мектепте білім алуға жұмсадым.
Бағдарламалау саласында іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезең — телефон арқылы сұхбат. Кейде бұл техникалық сұрақтарсыз HR-мен сөйлесу болады, ал кейде қоңырау кезінде сізге оңай тапсырмалар қойылуы мүмкін. Екіншісі — техникалық раундтар. Олар онлайн және офлайн режимінде өтуі мүмкін. Бұл раундтарда сұхбат берушілер сізге LeetCode платформасындағы сияқты алгоритмдік тапсырмалар береді. Олар мәселені қалай шешетініңізді, ол туралы не ойлайтыныңызға мән береді. Егер тапсырма күрделі болса, жұмыс кодын жазудың қажеті жоқ, оны шешу үшін қандай әдісті қолданатыныңызды айтсаңыз да жетіп жатыр. Сұхбат алушылар идеяларды қаншалықты тез қабылдайтыныңызды, мәселені қаншалықты жақсы талқылайтыныңызды және топта қаншалықты жақсы жұмыс істейтініңізді бағалайды. Сұхбаттың соңғы кезеңі — мінездік раунд.
Amazon-дағы жұмысы туралы
Мен Amazon Connect-те жұмыс істеймін. Біз AWS жүйесінде байланыс орталығының платформасын ұсынамыз. Клиенттеріне байланыс орталығын орнатқысы келетін кез келген компания AWS сайтына кіріп, Amazon Connect-тің көмегімен бірнеше сағат ішінде байланыс орталығын орната алады. Сөйтіп платформамыз арқылы тұтынушыларға тез арада қызмет көрсетеді.
Менің соңғы екі жұмысым:
— жаңа API-ді іске қосу
—бар API-ді жаңарту.
Жұмыстан тыс уақытта мен үнемі жаңа дағдыларды үйренуге тырысамын.
Amazon көшбасшылық принциптерімен ерекшеленеді
Amazon көшбасшылық принциптерімен ерекшеленеді. Amazon-ның тағы бір ерекшелігі — жаңа жобаларды әзірлеу және іске қосудың өте жылдам болуында, бұл жоғары өнімділікті қажет етеді және жылдам кәсіби өсуге кепілдік береді. Жұмыс мәдениетінің басқа аспектілері команда мен ұйымдар бойынша әртүрлі болуы мүмкін.
Қоныс аудару қалай әсер етті
Басқа елге қоныс аудару және тұру тәжірибем маған тәуелсіз болуға, өзіме сенуге және кез келген оң немесе теріс тәжірибені өзімнің ыңғайыма қарай бейімдеп алуға көмектесті.