Арай Малгаждар, қала — Алматы, @aminokka анасы

Блог ашу жайлы
Аминаның бала кезінде бойында актерлік қабілет бар екенін байқағанмын. Мен әрдайым суретке түсіруді ұнататынмын.
Қызымның алғашқы қадамдары мен сөздерін таспаға жазып алатынмын. Әминаның өзі туралы бейнелерді түсіріп, өз ойынан ертегілерді ойлап табатынын байқадым. Ол кезде Instagram мен вайн форматы танымал бола бастады. Біз де өзімізді сол жанрда байқап көріп, кішігірім скетчтерді, үйдегі оқиғаларды түсіре бастадық. Осылай Instagram-да Әминаның жеке парақшасын аштық.
Мен үйде түсірілген бейнелерді жоғалтып алмас үшін YouTube-та Аминка Витаминка арнасын аштым. Оған Instagram-да танымал болған бейнелерді жүктей бастаған кезде тіркелушілер пайда бола бастады.
Бір ғана мақсатымыз болды — адамдардың көңілін көтеру. Бұл біздің қолымыздан келетін. Тағы бір маңызды мақсат — актерлік шеберлікті жаттықтыру. Әр түсірілім сайын тек Әмина ғана емес, оның сіңілдері де актерлік шеберліктерін дамытады.
Қазір соның жемісін көріп отырмыз, бізді фильмдер мен сериалдарға түсуге шақырады. Контент жасауда отбасымыз түгелімен ат салысады. Отбасымыз — біздің командамыз: әке, ана және үш қыз. Сценарийді мен жазамын. Жақында режиссерлікке оқыдым, кино, режиссура — менің жан дүниемнің ісі екенін түсіндім.

Әминаның Instagram-парақшасы танымал бола бастаған кезде, сіңілдері Адека мен Аружанның да фанаттары пайда бола бастады. Солай @adiokka мен @babyaruka парақшасы ашылды. Блогерлік балаға қалай әсер етеді
Менің байқауымша блогерлік пен танымалдылық балаларға кері әсерін тигізеді. Бірақ біз балаларды дұрыс тәрбиелеуге тырысамыз. Оларда «жұлдыз ауруы» жоқ. Бала — ол бала. Ол барлық жағдайда фотоға түсуге дайын емес, кейде жәй ғана тамақ ішіп, ойнағысы келеді. Барлық таныстарымыз бен достарымыз біздің қыздарымыздың қарапайым екенін біледі.
Блогерліктің кемшіліктерін көрмеймін. Бұл трендтік мамандық. Тек балалар ғана емес, үлкендер де бұл іске белсене кірісті.
Блогерлік балалардың оқуына әсер етпейді. Мектепке олар телефонсыз барады, жақсы оқиды. Біз үшін білім — ең бастысы.
Блогерлік бізді көпке үйретті. Балалар ашылды. Өздерін үлкендердің арасында еркін ұстайды.
Тәрбиелеудегі ұстанымдар жайлы
Балаларды үлкендерді құрметтеуге, мейірімділікке тәрбиелейміз. Біздің ережелеріміз бар — кіші қызымыз орта қызымызды, ал ол үлкен қызды тыңдайды. Үлкен қыз кішілерге бас көз болады. Солар үшін жауап береді.

Біз балаларды жаман дүниелерден алшақ ұстаймыз. Уақыт көрсетеді. Оларды жақсы тәрбиелеудеміз деп есептеймін.
Қазір кез-келген тақырыптан блог жасауға болады. Менің ойымша, бала-блогерді жалғыз қалдыруға болмайды, оған әрдайым көмектесіп тұру керек.
Құлпынай Кулумбетова, қала — Алматы, кәсіпкер, Жібек Кулумбетованың анасы, @zhibek_bjj

Блог ашу жайлы
Жібек — ақылды, сабырлы бала. Бала кезінен нені қалайтынын біледі, қойған мақсаттарына жетеді. Ол түрлі халықаралық жарыстардың чемпионы. Жылына бір рет өтетін, Абу-Даби қаласындағы Әлем Чемпионатында әлемнің екі дүркін чемпионы болды. Сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан және Тәджікстандағы жарыстардың жеңімпазы.
Басында Instagram парақшасын өзі жүргізіп отырды. Бірақ 2017 жылы мен оның парақшасында «Бұйырса мен тағы да әлем чемипоны боламын» деген жазбаны көрдім. Мен оның арманы, мақсаты бар екенін түсініп, оны жүзеге асыруға неге көмектеспеске деп ойладым. Осыдан кейін оған парақшасын жүргізуге көмектесе бастадым.

2017 жылдан бастап ол көптеген республикалық және халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанды.
Қазір оның парақшасын мен жүргіземін, бірақ Жібек пікірлерді оқиды, оларға жауап береді. Ол барлық сұрақтарға жауап жазады, жақсы пікірлерге қуанады, тілектердің қабыл болатынына сенеді.
Блогерлік балаға қалай әсер етеді
Мінезі бойынша Жібек сабырлы және қарапайым. Ол өзін танымал деп санамайды. Бірақ оны қоғамдық орындарда, дүкендерде, кинотеатрларда таниды. Ол оған шынайы қуанады. Сондықтан танымалдылық әр балаға әртүрлі әсер етеді.
Instagram-ның арқасында қызым шектен тыс қарапайымдылығын жеңе бастады. Ол әрдайым көп сөйлемейтін, ал қазір әжептәуір сөйлеуге үйренді.
Блогерліктің кемшіліктерін көрмеймін, себебі оның парақшасын өзім жүргіземін, барлық контент менің қадағалауымда. 16-17 жасқа дейін ата-аналарға әлеуметтік желілерді балаларға толық беруге болмайды деп есептеймін.
Тәрбиелеудегі ұстанымдар жайлы
Басты қағида — үлкендерді құрметтеу.
Әрдайым балаларды не болса да, шындық айту керек деп үйретемін.
Адам қай іспен айналысса да, егер ол оған ұнаса, оған қиын болмайды. Бастысы Жібек бразильдік джиу-джитсуді өте қатты жақсы көреді, оның парақшасы да осы тақырыпға бағытталған.