Ибрагим Бадалов, 31 жаста, қаласы — Мәскеу, кәсіпкер, несие сарапшысы, @ibragim_badalov_sf
Көшу жайында
Мәскеуде 2011 жылдан бері тұрып жатырмын, бұған дейін Красноярск қаласының жанында орналасқан Зыково ауылында тұрдым.
Көшіп кетуге бірнеше жағдай себеп болды. Жұмысқа орналасқан кезде бірқатар қиындықтар болды, бірақ Мәскеуде қаржыгер ретінде белгілі бір дәрежеге жете алатынымды түсіндім. Сондай-ақ, осы қаланың бір банкінде кеңес беруші қызметі табылады деп ойладым.
Көптеген адамдардың ойлауынша, Мәскеуде барлығы оңай және табыс табу үшін көп күш жұмсалмайды. Осында келген кезде, бірінші күні Қызыл алаңға барып келдім, кейін жұмыс іздей бастадым. Жалақылар Красноярсктегідей болды, ал баспана шығындары еке есеге артық болды. Сол себепті алғашқы екі айдың ішінде ақшамды үнемдеуге тырыстым. Бұндай қиындықтар мінезімді шынықтырды десем де болады.
Көптеген адамдардың ойлауынша, Мәскеуде барлығы оңай және табыс табу үшін көп күш жұмсалмайды
Мен қалаға және өмір ырғағына тез үйрендім. Мәскеуді ұнатамын, барлық белсенді адамдар осында жиналған.
Көшіп келгеннен кейін, жолға ұзақ уақыт кететіне үйренуге тура келді. Мен таксимен немесе метромен жүремін, себебі осылайша жолға кететін уақытты пайдамен өткізуге болады.
Екіншіден, кептелістер. Кеңселерді ашу үшін өңірлерге барған кезде, жергілікті жүргізушілердің бағдаршамдарға тоқтағанға ашуланатындары және 15 минуттық қашықтықты алыс деп санайтындары таң қалдырады.
Үшіншіден, баспаналардың құны. Мәскеуде баспаналар қымбат, екі бөлмелі пәтер үшін орташа айлық табысың жұмсалады, ал жеке баспанасы бар адамдар табысты болып саналады. Сол себепті жылжымайтын мүлік саласында жұмыс істей бастадым.
Қызметі жайында
Мәскеуге келген күні «Ашанға» қарапайым жұмысшы болып орналастым. Бірнеше айдан кейін, бригада басшысы атандым және табысым біраз артты. Дүкенде бір жылдай жұмыс істедім, кейін банкке кеңес беруші қызметіне орналастым.
Мәскеуде төрт жыл тұрып, бірнеше жыл банкте жұмыс істегеннен кейін, мен консалтингтік компанияны құрдым. Success Finance клиенттерге ипотека арқылы баспана алуға көмектеседі. Клиенттерге армандарын орындауға және Мәскеуде жеке баспанаға қолжеткізуге көмектескен кезде, олар қуанады. Олардың қуанышты жүздері мені ынталандырады.
Біз несие беру, жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату, жеке тұлғалардың банкроттығы және корпоративті қаржы саласындағы қызметтердің кең аясын ұсынамыз. Сонымен қатар біз аймақтық деңгейде біраз нәрселерге қолжеткіздік, Ресейдің алты қаласында 11 кеңсеміз бар.
Мәскеудегі қырғыздар жайында
Мәскеуде қырғыздар көп, бірақ мен бір де бір қауымдастықтың мүшесі емеспін.
Отандастарымның көбісі баспана сатып алу үшін немесе несиелерді рәсімдеу үшін компаниямызға жүгінеді. Әрине, біз оларға көмектесеміз.
Жоспарлар жайында
Негізгі мақсаттарымыздың бірі – бизнесімізді масштабтау және Еуропа мен ТМД елдерінің нарығына шығу. Мақсатымыз — 2025 жылға дейін әлем бойынша 150 кеңсе ашу.
Самат Шәріпов, 35 жаста, қаласы — Мәскеу, тұрмыстық техника және электроника сату жөніндегі директор
Көшу жайында
Мен 2008 жылы Ішкі істер министрлігінің Омбы академиясын бітірдім, құқық қорғау органдарында біраз уақыт жұмыс істедім. Кейін Астанаға көшіп кеттім, бірақ қайтадан Омбыға оралдым. Компанияда заңгер болып жұмыс істедім, бірақ болашағымды осы салада елестете алмадым.
Мақсаттарымды іске асырып, жетістікке жету үшін 2013 жылғы тамызда Мәскеуге көшіп келдім.
Жарты жылдай отанымды және туыстарымды сағынып жүрдім – бұл басты қиындық болатын. Басқа қиындықтар туындаған жоқ.
Жұмысқа жету үшін ұзақ уақыт кететініне үйренуге тура келді. Омбыда немесе Астанада 30 минут қажет болса, осында бір жерге жету үшін бір жарым-екі сағат уақыт қажет.
Адамдар осында армандарын орындау үшін келеді
Үлкен қала басқаша ойлауға мәжбүр етеді. Халқының саны көп және адамдар бір-біріне бөтен болып табылады. Бейтаныс адамға ешкім көмектеспейді. Әркімнің өз шаруалары мен мәселелері бар.
Көшіп келер алдында көп нәрселерге моральдық тұрғыдан дайын болу керек.
Мәскеу – үлкен үміттер ұялаған қала. Адамдар осында армандарын орындау үшін келеді. Қаланың артықшылығы – жергілікті адамдар сенің кім екеніңе және қай жерден келгеніңе назар аудармайды. Егер табыс әкелетін маман болсаң, компаниямен бірге бір толқында болып, даму мүмкіндігіне ие боласың.
Қызметі жайында
Мен заңгерлік жоғары біліміме сәйкес келетін жұмыс табуға тырыстым. Бірақ болмай қалды, себебі Мәскеуде жиналған тәжірибе немесе астаналық жоғары оқу орнының білімі қажет.
Сол себепті бірінші жұмысым ұялы телефондарды сату болды. Тағылымгер ретінде орналастым, сатуды үйрендім, екі ай жұмыс істедім. Кейін «Технопарк» компаниясының жеке кеңес берушісі қызметіне орналастым. Бұл премиум дәрежесіндегі тұрмыстық техника мен электрониканы сататын компания.
Бір жарым жылдан кейін компанияның ішінде дүкеннің басшысы бос жұмыс орны пайда болды. Мен байқаудан өтіп, Мәскеу түбіндегі бөлімшенің басшысы атандым, қол астымда 25 қызметкер болды. Кейін мені Владимир қаласындағы бөлімшеге аударды, бөлімшенің деңгейі жоғарырақ және қызметкерлердің саны көбірек болды. Мен сату жөніндегі директор және дүкеннің басшысы қызметін атқардым.
Қазірде мені қайтадан Мәскеуге аударды, енді мәскеулік бөлімшені басқарамын. «Технопарк» — премиум-қызметті, инновацияларды дамытып жатқан компания.
Мәскеудегі қазақтар жайында
Мәскеуде қазақтар көп, бірақ қырғыздар, өзбектер және тәжіктер көбірек. Мен олармен араласамын, бірақ жергілікті қазақтар ұйымшыл емес.
Қазақтар қауымдастығында мүшемін, солардың біреуін басқаруды да ұсынған. Бірақ бұндай қызметке көп уақыт бөлу қажет.
Мәскеуде тұрып, біраз тәжірибем бар болғандықтан, этникалық қазақтар менен ақыл-кеңестер сұрайды. Мен оларға көмектесемін.
Жоспарлар жайында
Біраз жетістіктерге жету.
Аббасхан Рахматуллаев, 28 жаста, қаласы — Мәскеу, опера және балет театрының солисі, халықаралық байқаулардың лауреаты, @abbaskhan_opera_singer
Көшуі жайында
Туған қаламдағы колледжді аяқтағаннан кейін, Ташкенттегі консерваторияға оқуға түстім. Ұстазым, әрі тәлімгерім 2011 жылы мені Мәскеудегі байқауға жіберген. Өнерім үздікке бағаланды, сол себепті гран-приге ие болдым. Сол кезде ресейлік опера дәстүрлері жайында көбірек біліп, Ресейде білім алуды қаладым.
2016 жылы Ташкенттегі консерваторияны бітіргеннен кейін, мен ресейлік Гнесиндер атындағы музыка академиясының магистратурасына оқуға түсіндім. Магистратурадағы оқу қызықты, әрі қиын болды.
Ресейдегі өмір Өзбекстандағы салт-дәстүрлерден ерекшеленеді
Басты қиындық – орыс тілінде сөйлеу, Мәскеудегі оқу орнына түсер алдында орыс тілін аз қолданатынмын. Негізгі бағдарламадан бөлек, жергілікті тілді үйренуге тура келді. Бірінші оқу жылынан кейін тілді көбірек түсіне бастадым. Қиындықтарға қарамастан, Мәскеуге оқуға түскеніме еш өкінбеймін. Маған орыс мәдениеті ұнайды, Ресейдегі өмір Өзбекстандағы салт-дәстүрлерден ерекшеленеді. Осында мүмкіндіктер көп және таңдау еркіндігі бар.
Қызметі жайында
Оқу кезінде Уфа, Курск, Петербург сияқты көптеген қалаларында болдым, Мариин театрында тағылымдамадан өттім. Әр қаладан ерекше әсерге ие болдым. Магистратурада оқыған кезде, он халықаралық байқауларға қатысып, жеңіске жеттім. Соңғы жарысым Саратов қаласындағы Собин музыкалық фестиваліндегі вокалистер байқауы болды.
Мен опера әншісімін және еңбегімнің арқасында біраз жетістіктерге жеттім. Бүгінде Саратов қаласындағы опера және балет театрының солисімін.
Мәскеудегі өзбектер жайында
Бүгінде өзбектер бүкіл ТМД елдері және әлем бойынша білім алып, жұмыс істеп жатыр. Олардың үлкен жетістіктерге жетіп, жақсы нәтижелер көрсетіп жатқанына қуаныштымын. Біз араласамыз, бір-бірімізге көмектесеміз.
Жоспарлар жайында
Әлемдік опера әншісі атану және әлемдегі барлық әйгілі театрларында өнер көрсету.