Данияр Тоқбаев, 28 жаста, туған қаласы — Алматы
Өмірі жайында
Мен 2013 жылдың соңында шетелде оқуды жалғастыру үшін әртүрлі жолдарды іздестірдім, бірақ «Болашақ» бағдарламасын қарастырмадым, себебі бұл шәкіртақының шарты бойынша жұмыс істеуге болмайды, ал мен оқу мен жұмысты қатар алып жүруді жоспарладым. Менің ата-анам, туған ағам және Гүлжамал тәтем үлкен қолдау көрсетті.
Мен Женева қаласын таңдадым, себебі осында БҰҰ, ДСҰ, ЦЕРН, ДДСҰ және тағы басқа ірі әлемдік ұйымдардың штаб-пәтерлері орналасқан. Мен әрдайым оларға барып көруді, мүмкіндік болған жағайда ірі ұйымдарда тағылымдамадан өтіп, дамып жетілуіме ықпал ететін қажетті тәжірибеге ие болуды қаладым. Женеваның жекеменшік жоғары оқу орнына түсу барысында орын алатын кейбір бюрократиялық кедергілерден өткен соң, жақсы жеңілдікке ие болдым. Сол кезден бері екі жарым жыл өтті және мен докторантураның екінші курсында оқып жатырмын. Қазірде батыс ғылыми басылымдарда мақалаларымның жарыққа шығуын күтіп жүрмін, кейін докторлық диссертациямды қорғау рұқсатына ие боламын.
Ертегідей елге келгеннен кейін, мен ұзақ уақыт көңілімді оқуға аудара алмай жүрдім. Ескі үйлер, қабырғаларының бойында тереңіне дейін өсіп кеткен бұталар, таулардың аясында орналасқан таза және тұнық көлге деген көрініс, ізгі ниетті, ашық, толерантты еуропалықтар – осының барлығы бұрын болып көрмеген жаңа ел жайында жақсы әсер қалдырады. Оған қоса жергілікті өндіріс өнімдері – ірімшік пен шоколадты тәулігіне 24 сағат бойы жей аламын.
Женева Швейцарияның француз бөлігінде орналасқан. Қалада ресми түрде 200 мыңдай адам тұрады, қаланың өзі Франциямен шекаралық бөлігінде орналасқан. Францияға бару қиынға соқпайды, автобусқа отырасың да, 20 минуттың ішінде басқа елде, басқа қалада боласың. Осында әртүрлі елдерден келген адамдар көп, себебі бұл қалада әлемнің барлық дерлік мемлекеттерінің дипломатиялық өкілеттіктері жұмыс істейді. Егер жергілікті француз тілін білмесең, әлеуметтік тұрғыдан бейімделуге қиын емес, қала халқының 75% ағылшын тілінде еркін сөйлейді.
Швейцарлықтардың өздері бұл қалада түруды аса ұнатпайды, себебі оны тым урбанизацияланған деп санайды. Оларды түсінуге болады, олар байыпты өмір салтын, табиғатпен үйлесіміділікті бағалайды.
Халықтың әл-ауқаты Қазақстанға қарағанда жоғары деңгейде. Бұл елде ресми түрде ең төмен жалақы 4000 швейцар франкын құрайды – бұл 4000 АҚШ долларына тең. Орта деңгейдегі банк менеджерлері он мың франктен жоғары алады. Жұмысқа орналасу үшін, жұмыс визасын алу керек, бұл қиынға соғады. Себебі швейцарлық үкімет басқа азаматтарға жұмыс визасын ұсынған кезде сақ болады.
Қала жайында
Маған Женевада барлығы ұнайды, себебі бос уақытыңды қаланың кез-келген жерінде – саябақта, ескі қалада, жағалауда және тағы басқа жерлерде рахатқа бөленіп өткізуге болады.
Студенттер жергілікті биліктің білім, денсаулық сақтау, спорт сияқты салаларда қала тұрғындарының барлығына қолдау көрсететінін біле бермейді. Осы қалада бір жылдан астам уақыт тұрып, барлық шоттарды уақытында өтеп тұратын әрбір тұрғын төлемін өтеу үшін немесе басқа қызметтер үшін 750 франкқа дейін сұрай алады.
Менің үйленген және кішкентай қызды тәрбиелеп жатқан досым бар. Ол он жыл бұрын көлік сатып алған. Оның айтуынша, көлікті сатып алсаң, ақшаны босқа кетіресің, себебі қоғамдық көлікпен жүру тиімдірек. Көлігің болған кезде, көлікті қоятын орынның тапшылығы, сақтандырудың, салықтың төлемдері, қызмет көрсетудің жоғары құны, ең бастысы – ЖЖЕ бұзылғаны үшін қымбатқа түсетін айыппұлдар сияқты мәселелер орын алады. Сол себепті адамдар жұмыс күндері қоғамдық көлікпен жүреді, ал демалыс күндері көлікті жалдайды немесе қаланың сыртына, табиғатқа шығу үшін поезбен жүреді. Бұл елдің автомобиль жолдары тегін, жылына бір рет виньетканы сатып алып, алдыңғы әйнекке жабыстырып алу керек, кейін автобанды қолдану үшін жасалатын барлық төлемдер жайында ұмытуға болады.
Жалпы қала басқа танымал еуропалық қалалардан қатты ерекшеленбейді, бірақ оның өзіндік қыры бар. Маған ескі қаланың жанында орналасқан «Мадлен» залына барып тұру ұнайды, сол жерге әрқашан тегін кіріп, кез-келген жанрдағы концертті тыңдауға болады.
Тамақ жайында
Негізінен швейцарлықтар үйде тамақ әзірлеу бойынша аса бас қатырмайды. Түскі және кешкі асты дәмханаларда және мейрамханаларда ішеді, түскі үзіліс кезінде шарап немесе сыраның бір-екі бокал ішу қалыпты жағдай. Қазақтар етті ең көп жейтін халық деген гипотеза бар, олай болса, швейцарлықтар ірімшікті көп жейді.
Жалпы азық-түліктердің сапасы мен бағасы бойынша үлкен ерекшелік бар. Бір адамға бір аптаға жететін азық-түліктердің орташа құны 100 франктен асады. Осында азық-түліктерді өндіру әдісіне қатал талаптар қойылады және бұл өзіндік құнына әсер етеді.
Мен өзімнің сүйкті тортеллини тағамын күн сайын жей аламын – бұл тұшпараға ұқсайтын тағам.
Адамдар жайында
Адамдар әртүрлі болады, швейцарлықтардың менталитеті де өзгеше. Швейцарияда ресми түрде үш тілде сөйлейді. Соған сәйкес, оларға немістердің тәртібі, француздардың сүйкімділігі және италиялықтардың құмарлығы тән. Барлығы қандай кантонда орналасқаныңызға байланысты. Мысалы, Женевадан екі жарым сағаттық жерде орналасқан Берн қаласына барсаңыз, басқа елге келгендей сезімде боласыз.
Швейцарияға келіп, жаңа студенттік пәтерге орналасқаннан кейін, мен жергілікті көрікті жерлерді аралап шығуға шықтым. Қыркүйектің ыстық кезі еді және мен суы бар бөтелкені бітіріп, оны қоқысқа тастай салдым. Жаман әрекет жасаған жоқ сияқтымын, бірақ 20 метр өткеннен кейін, үлкен жастағы әйел адам соңымнан қуып жетіп, француз тілінде бірдеңені түсіндіре бастады. Сол кезде мен француз тілін мүлдем түсінбейтінмін, ал ағылшыным орташа деңгейде болды. Ол ұрысқан жоқ, бірақ бірдеңені ерінбей түсінідіріп жатқанын ұғындым. Мені қоқыс жәшігіне қайтадан әкеліп, пластик бөтелкені тағам қалдықтары бөлігіне тастағанымды көрсетті. Едәуір жақсы киінген әйел менің көзімше сол бөтелкені алып, пластик шығындардың бөлігіне тастаудан қымсынбады. Сол кезде мен ұялғанымнан жердің астына кіріп кете жаздадым. Сол кісіден кешірім сұрадым, ол ілтипат білдіріп, осы әлемде әркім өзі үшін емес, бір-біріміз үшін өмір сүретінімізді айтты.