Мектептен кейін, 2008 жылы мен қытай тілін меңгеріп, кейін университетке түсу үшін Шанхайға келдім. 8 деңгейдегі HSK тестілеуін тапсыру үшін маған екі жыл қажет болды. Бұл шетелдік студенттерге қытай тілін тапсыруға арналған емтихан, сол жылы оның 12 деңгейі болды.
2010 жылы «Халықаралық сауда» мамандығы бойынша университетке түстім, бірақ кейін «Бизнес-әкімшіліктендіруді» оқуды қалайтынымды түсіндім. Бір жылдан кейін маған Ханчжоу қаласындағы қонақ үйлердің бірінде тағылымдамадан өтуді ұсынды. Бұл тәжірибенің арқасында мен үшін Қытайда оқу одан сайын қызықты болды.
Жалпы бұл елдегі білім өте мықты деңгейде, көп профессорлары үлкен халықаралық тәжірибеге ие.
Осында келген кезде, қытай тілінде де, ағылшын тілінде де сөйлей алмағаным мені алаңдатты. Бірақ бұл қиындық тудырмады. Мен оқыған жерде шетелдік студенттер, әсіресе орыс тілді студенттер көп болатын.
Мені таң қалдырған бірінші нәрсе – бұл өмір ырғағы. Шанхай – адамдары әрқашан бір жаққа асығып жүретін, шулы және халқы тығыз орналасқан мегаполис. Қарбалас сәтте метроны айрықша атап өтер едім. Сол жерде көп адам жиналады және барлық адамдар вагонға сыймай жатады. Бірақ мен қаланың бұндай ырғағына ақырындап дағдыландым және әрқашан бір жаққа жүгіретін адамдардың біріне айналдым.
Қытайлықтар қазақстандықтардан өте ерекшеленеді. Осында әрбір адам өзі үшін жауап береді. Олар өз отбасыларының қамын ғана ойлайды. Метрода немесе басқа қоғамдық көлікте үлкен жастағы адамдарға немесе екіқабат әйелдерге орын бермейтінін байқадым. Егер құлап қалсаң, ешкім саған көмектеспейді, жанынан өте салады. Әрине, барлық адамдар сондай деп айта алмаймын, бірақ бұл қалыпты жағдай.
Бұл ел мені ұлттық тағамымен еліктірді. Менің сүйікті тағамым – пекин үйрегі. Әрине, Қазақстанда да бұл тағамды әзірлей алады, бұл адамдар үшін тағамның жаңа түрі емес. Бірақ Қытайда болсаңыз, бұл тағамды міндетті түрде жеп көруіңіз керек.
Шанхай — көнеліктің және заманауилықтың рухы үйлескен өте көрікті қала, бұл керемет көрініс.
Вайтань жағалауына баруға кеңес беремін. Ол Шанхайды екіге бөледі: ескі және жаңа қала. Жағалаудан, әсіресе түнде, қаланың заманауи бөлігіне керемет көрініс ашылады.
Тағы бір сүйікті жерім – Француз орамы. Ол еуропалық стильде салынған. Осында мейрамханалар, дүкендер, соборлар және басқа көрікті жерлер көп. Бірақ мейрамханалардағы бағалар басқа аудандарға қарағанда жоғары болып келеді.
Қытайда таксиде өте абай болу керек. Жүргізушілер адамның қаланы білмейтінін көріп, қажетті жерге дейін ең ұзақ жолды таңдайды, нәтижесінде сомасы әжептауір болып шығатын шотты ұсынады. Сол себепті метромен жүрген жөн. Телефоныңызға метроның картасын жүктеп алсаңыз болады – бұл түсінікті және қолдануға ыңғайлы.
Шанхайдағы оқуы мен өмірі жайында бөліскен – Айнұр Қатпаева.