Өмірі жайында
Мен Германияның оңтүстігінде, Штутгарт қаласында тұрып жатырмын. Осында 2013 жылы Au Pair бағдарламасы бойынша бала бағушы ретінде келдім. Бұл бағдарламаның аясында адам неміс тілін үйрену мақсатымен осында бір жылға келеді. Ол неміс отбасында тұрады, балаларға қарайды және неміс тілінің курстарын оқиды, ақысын өзі төлейді немесе оны қабылдаған отбасы шығындарын жартылай өтеп беруі мүмкін.
Германияға енді келген кезде, бастапқыда «Үйге қайтуды қалаймын» деген ой болды. Тілмен, менталитетпен және мен тұратын отбасыға икемдену керек екенін ұғыну қиын болды.
Мен екі баласы бар анамен тұрдым. Көп қиындықтар болған жоқ, бірақ мінездеріміз біраз үйлеспеді. Дегенмен барлығы жақсы болды және осы жыл жақсы өтті.
Осы бағдарлама бойынша келетіндер сияқты бір жыл аясында ерікті түрде әлеуметтік жұмыспен айналыстым. Бұл балабақшада немесе ауруханадағы жұмыс болуы мүмкін. Мен екіншісін таңдадым. Маған ұнады, сол себепті мен медбике мамандығы бойынша медициналық колледжге түсуді шештім.
Германиядағы және Қазақстандағы медицина өте қатты ерекшеленеді. Мысалы, осында медбикелер терапиямен ғана емес, басқа да көптеген нәрселермен айналысады. Олар дәрігерлерге қарағанда пациенттермен көбірек сөйлеседі. Германияда медбикелер мен дәрігерлер жетіспеушілігі бар, бұл күйзеліс тудыратын және үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс.
Әрбір пациенте сақтандыру бар. Оның екі түрі болады: мемлекеттік және жекеменшік. Жекеменшік сақтандыруда жалақыдан алынатын аударымдары көбірек, бірақ артықшылықтары да көбірек болады. Мысалы, егер адам ауруханаға түссе, оған жеке палата ұсынады.
Қала жайында
Мен осында күзде келдім және қала сұр болып көрінді. Бірақ жазда басқаша болады. Штутграттың айналасында таулар орналасқан және бұл қиындық туғызады. Мысалы, жазда өте ыстық болады.
Штутгарт — бұл үлкен, өнеркәсіпктік, бірақ жайлы қала. Осында көлік жасаумен айналысатын Mercedes және Porsche кәсіпорындары орналасқан. Қалада әрдайым бірдеңе салынып жатады. және құрылысы ұзақ уақытқа созылады.
Осында теңізге шығатын жол жоқ, бірақ өзен бар және сонда ешкім бармайды. Адамдар, негізінен, ашық аспанның астында болатын бассейндерге баруды жөн көреді.
Қаладағы сүйікті жерім — Shlossplatz. Бұл әдемі гүлзары, фонтаны, отыратын жерлері бар саябақ. Жазда осында көп адамдар жиналады, үлкен экран ілініп, фильмдер көрсетіледі. Келіп, тегін фильм көріп қайтуға болады.
Жақында интернетте Штутгарт – Германияның ең қымбат қалаларының бірі болып табылатыны жайында оқыдым. Және бұл шындық.
Тамақ жайында
Шынымды айтсам, неміс тамағының жанкүйері емеспін. Неміс әйелдері тамақ әзірлеуді аса ұнатпайтыны белгілі және олар көбінесе мейрамханаларға барады немесе жартылай дайын өнімдерді сатып алады. Бұның өзінде осында жартылай дайын өнімдері өте сапалы болып келеді.
Германияда қуырылған шұжықтар кеңге таралған, оларды әрбір мереке кезінде кездестіруге болады және осында етпен немесе басқа тұздықтармен берілетін жұмыртқа кеспесін ұнатады.
Мен тамақты үйде дайындауға немесе басқа тағам түрлері бар мейрамханаларға баруға тырысамын. Бірде достарым үшін палау мен мәнті дайындадым және оларға өте ұнады.
Адамдары жайында
Менталитет арасындағы бірінші айырмашылық – бұл нақтылық. Осында шынымен уақытты бағалайды және осыған үйренуге тура келді. Бұған дейін нақтылыққа ие болсам да, бұл қасиет өмірімде өз пайдасын әкелді
Немістер тәртіпті және үнемшіл, сыпайы, бұның өзінде қашықтықты ұстанады. Әсіресе олардың толеранттығы ұнайды. Қалай киінгенің, нәсілің қандай екені ешкімді алаңдатпайды.
Немістер – барлық ережелерді ұстанатын адамдар. Сол себепті осында құқық бұзушылықтың көрсеткіші төмен.
Сонымен қатар осында адамдар спортқа көп көңіл бөледі, таңертең жүгіріп жүрген адамдарды жиі кездестіруге болады.
Германиядағы балалар қазақстандықтардан ерекшеленеді, менің ойымша, бұл тәрбиеге байланысты. Осында үлкен кісілерді құрметтеуге көп көңіл бөлінбейді.
Германияда өмір сүрудің өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Осында күйзеліс жағдайлары аз болады, қаржылық мәселелер жоқ, сонымен қатар менде саяхаттау мүмкіндігі бар.
Бастапқы кезде менен Қазақстанға оралуды қалайтыным жайында сұраса, «Иа» дер едім. Бірақ өмір өзгеріп отырады, қазірде өзімді Қазақстанда жұмыс істеп жатқанымды елестете алмаймын. Мен ұзақ жолдан өттім және бұл мен үшін қымбат болып табылады. Жақсы достарға ие болдым, саны көпке жетпесе де, оларды бағалаймын. Бәрінен бұрын өзімнің еркіндігімді бағалаймын. Шынымен осында өзімді еркін сезініп, ақшадан және біреудің пікірінен тәуелсіз бола алатыныма ризамын.
Батыл болыңыздар, бұл тұрарлық нәрсе!
Ɵзiнiң оқиғасымен бɵлiскен – Жанна Абраева.