Нэля Мырзакулова, 40 жаста, қала — Анталья, журналист-аудармашы, @nelya_hanum
Алматы — Анталья
Біз жолдасым екеуіміз Анталияға 2018 жылы көшіп келдік. Көшуді алдын ала жоспарлаған жоқпыз, барлығы кеңеттен болды.
Жолдасымның аллергиясы бар, оған дем алу қиын. Қазақстанда оған төрт ота жасалды, бірақ жақсару тек уақытша болды. Біз түрлі дәрігерлерден кеңес алдық, бізге бірнеше жыл теңіз жағалауында тұруға кеңес берді, себебі тұзды теңіз ауасы тыныс алу ағзаларына жағымды әсер етеді.
Біз қайда барамыз деп ойландық, нәтижесінде таңдауымыз Түркияға түсті. Мұнда тым қымбат емес және менталитеті, тамағы бізге ұқсайды. Бізді не күтіп тұрғанын білмедік, бастысы денсаулық болғандықтан, билетті тек бір бағытқа алдық. Ұшақтан шыққаннан бастап жолдасымның жағдайы жақсарды.
Көшу кезіндегі қиындықтар
Алғашқы қиындық — тілді білмеуде болды. Түркияда ағылшын тілін барлығы білмейді. Түріктер түрік тілінде сөйлегенді ұнатады. Сондықтан осында тұру үшін түрік тілін білу қажет. Мен тілді үйреніп келдім, сондықтан бізге жеңіл болды. Түрік тілін 2009-2010 жылдары Қазақстандағы Түрік Елшілігінде үйрендім.
Көшу кезінде сен ешкімді білмейсің, қарым-қатынас жасайтын адам жоқ. Сондықтан біз Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі топтарда отандастарымызды іздеп, солармен араласа бастадық.
Біз Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі топтарда отандастарымызды іздеп, солармен араласа бастадық
Біз туристік маусым кезінде келдік, сондықтан пәтер табу қиын болды. Барлық баспаналарды туристер жалға алған. Бағалар да қымбат болды, риелторлар адамдарға қолайсыз ұсыныстар білдірді. Қолайлы үйді тапқанда бір жылға келісім-шартқа отырдық. Бізге төлемді әр жарты жылға алдын ала төлеуге міндеттеді. Депозит 1000 $ болды.
Түркиядағы өмір туралы
Бұрын Түркияға демалуға келетінбіз, бірақ ол елдегі өмірден ерекшеленеді.
Түркия — әдемі табиғаты және ыңғайлы климаты бар ел. ТМД және Еуропа елдерінен көптеген эмигранттар мұнда денсаулығын жақсарту үшін келеді. Мұнда тыныс алу мүшелері табиғи түрде сауығады.
Мұнда барлығы релакста өмір сүретіндей сезіледі. Ешкім ешқайда асықпайды, барлығы мейірімді, күлімдеп жүреді. Әрқайсысы көмектесуге дайын. Мұндай мейірімді қарым-қатынас мені басында таңқалдыратын.
Барлық жерде Түркияның туы ілініп тұрады — бұл патриоттық сезімді оятады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жағалаулар бар. Ұялы телефондарды тіркеу 200 $ тұрады. Одан басқа түрлі салықтар бар. Базарлар бір орыннан екінші орынға көшіп жүреді, әр қалаға базар белгілі бір күндері келеді. Осының барлығы мені таңқалдырды.
ТМД және Еуропа елдерінен көптеген эмигранттар мұнда денсаулығын жақсарту үшін келеді
Мұнда жыл бойы дәмді, қымбат емес жемістер мен көкөністер бар. Қыс болмайды. Барлық үйлер орталық жылытумен жабдықталмаған, кондиционерлермен немесе газбен жылытылады.
Көшеде полицейлерді сирек көресің, бірақ мұнда қауіпсіз. Адамдар көліктерінің есіктері мен терезелерін жаппай жүреді. Велосипедтерге азық-түлік пакеттерін тастап кетсең, оны ешкім тиіспейді.
Көптеген көшіп келген адамдар риелторлардан қорқады, олардың қызметі қымбат әрі сапасыз деп ойлайды. Бірақ Түркияда риелторларға сенуге болады. Заң пәтер иелерін риелторлар арқылы жұмыс істеуге міндеттейді, себебі барлығы қадағаланады, бұл үшін салықтар төленеді. Ешкім сізді алдамайды. Ең бастысы, келісім-шарт екі тарап үшін де ыңғайлы жазылу керек.
Түріктер қаржыны қағазға бекітуді ұнатады. Сіз бір нәрсе үшін төлесеңіз, бірден қолхат немесе түбіртек аласыз. Олар осылай тәрбиеленді.
Көшеде полицейлерді сирек көресің, бірақ мұнда қауіпсіз
Түркияның кез келген қаласына келген кезде, туристерге байланысты, әдетте, орталықта бәрі қымбат. Кішкентай дүкендерде сатып алу немесе арнайы түрік қосымшаларын жүктеп алу ыңғайлы, онда тауарлар мен жеткізуге тапсырыс беруге болады. Мысалы, Yemeksepeti.com. Мұнда интернет-сату дамыған, ағылшын тіліне аударылған қосымшалар бар.
Түркияда пайдалы болатын қосымшалар: Sahibinden — жылжымайтын мүлік туралы, Moovit — қоғамдық көліктің кестесі, Hepsiburada, n11.com, Letgo, біздің OLX-ке ұқсайды.
Қызметі жайлы
Жолдасым — IT-маманы, сондықтан көшкеннен кеін ол бірден жұмыс тапты. Ол біз пәтерді жалға алған риелтор компаниясының SEO-оңтайландырумен айналысты.
Мен мұнда қашықтықтан жұмыс істеймін. Жолдасым менен кеңседе жұмыс істемеуімді өтінді.
Мамандығым бойынша жүрналист, жапон тілінің аудармашысымын. PR, SMM-салаларында, Instagram парақшаларында жұмыс істедім.
Көп тіл білесің, жұмысқа орналасу мүмкіндігі соғұрлым көп
Қазір өзімнің Instagram-блогымды белсенді жүргіземін. Түркияға көшкісі келетін адамдармен өз тәжірибеммен бөлісемін.
Қалада ТМД елдерінен келген орыс тілді эмигранттар көп тұрады. Көптеген адамдар кондитерлік, шаштараз және басқа да қызметтерді ұсына отырып, табыс табады.
Мұнда негізінен туризм дамығандықтан, бұл салада жұмыс істеу үшін тілді білу керек. Бірінші кезекте — түрік тілі, сондай-ақ орыс және шет тілі, мысалы, ағылшын немесе неміс тілі құпталады. Бұл жағдайда туризм саласында жұмыс табу оңай болады. Көп тіл білесің, жұмысқа орналасу мүмкіндігі соғұрлым көп.
Көшу қалай әсер етті
Мен өзіміздің шекарамызды кеңейту, өзгеруден қорықпау, жайлылық аймағынан шығып, өмірден жаңа тәжірибе алу қажеттігін түсіндім. Кез келген тәжірибе, жақсы немесе жаман болсын, адамды мықты етеді.