Қазіргі кезде жүгіру спорт әуесқойлары арасында танымал болып келеді. Орталық Азияда жарыстар көбейіп келеді, олардың ішіндегі ең жарқыны әрі ең көлемдісі — «Алматы Марафон». Биыл бұл шара 12-ші рет өткізіліп, әлемнің түкпір-түкпірінен 15 000 жүйріктің басын қосады. Спортшылар мен тәжірибелі жарыс қатысушылары бірінші рет жүгіретіндерге өз ақыл-кеңестерін айтты.
Әлия Айтқазина, 62 жаста, зейнеткер, @aliiaaitkazina
Спортқа қалай келгені туралы
Мамандығым бойынша мен инженер-математик және маркетологпын. Бұған дейін инженер-математик, экономист, талдаушы болып жұмыс істедім және бизнес-процестерді автоматтандырумен айналыстым. Ал қазір зейнеттемін.
Мен кәсіби спортшы емеспін, бірақ мен өмір бойы белсенді өмір салтын ұстанып келемін: жүгіру, тауға шығу, жаттығу залы және бассейн. Менде жарыс тәжірибесі болған жоқ, тек 2017 жылы алғаш рет 10 шақырымдық жарысқа қатысып, өз жас санатымда бірінші орын иелендім. Осылайша, бұл мені ұзақ қашықтыққа жүгіруде өз күшімді сынап көруге шабыттандырып, ынталандырды.
Ақырындап жүгіру менің өміріме еніп, жаңа мақсаттар, таныстар мен қызығушылықтар пайда болды. Физикалық өзгерістер орын алды: денем жинақталып, өзімді сергек әрі төзімді сезіне бастадым. Жалпы, өмірім жаңа түстерге боялып, жарқырай бастады. Әлемдік түрлі жарыстарға дайындық пен қатысуым осылайша өмірімді өзгертті және бұл тек жүгіруге қатысты емес.
Марафондарға қатысуы туралы
«Тырысып көрмегенше өзіңнің не істей алатыныңды ешқашан білмейсің. Өмір бойы істелмеген нәрсеге өкінгенше, мұны істеп барып өкінген жақсы». Бұл — менің девизім. Тек спортта ғана емес, жұмыста да, өмірде де алдыма жаңа мақсат-міндеттер қоямын.
Бір нәрсеге қол жеткізу үшін жайлылық аймағынан шығуың керек. Мен ақырындап жүктемені арттырып, қаншама километрді жүріп өтіп, мен марафонға келдім. Бірақ 42,2 шақырымды жарақатсыз және белгілі бір уақыт ішінде жүгіріп өту үшін ғылыми дәлелденген жаттығу процесі қажет. Бұл мені командада жаттықтырушымен дайындалуға, күрделі және көп сатылы процеспен жұмыс істеуге әкелді.
Кез келген жарыс — дайындығыңды қорытындылайтын мереке
Менде бірнеше жүгіру және триатлон жаттықтырушылары болды. Әрқайсысы жеткен жетістіктеріме өз үлесін қосты. Жаттықтырушы мақсатыңызға жетуге көмектесетін жоспарлар береді. Бірақ мақсатқа жетудегі табыс тек спортшыға байланысты. Олар: сіздің тәртіптілігіңіз, еңбекқорлығыңыз және жауапкершілігіңіз. Ештеңе оңай келген жоқ. Қиналу, жарақат, тіпті торығу да болды. Кейде бәрінен бас тартқым келетін, бірақ дұрыс таңдалған мотивация мақсатыңызға жетуге көмектеседі. Менің Abbot World Marathon Majors марафонына алты рет қатысу мақсатым орындалды. Мен мұнымен тоқтап қалмай, басқа жарыстарға дайындалып жатырмын.
Жетістіктер қоржынымда 11 марафон, 1 ультрамарафон және 2 Ironman 70.3 бар. Кез келген жарыс — дайындығыңды қорытындылайтын мереке, ал жақсы нәтиже — «торттағы шие». Ең жарқын және есте қаларлықтай болған марафондар: Валенсиядағы марафон — алғашқы марафоным, Бостон марафоны, Нью-Йорк марафоны. Кез келген мәре сенімділік береді және жаңа көкжиектер мен мақсаттарды ашады!
Орталық Азиядағы жүгіру қауымдастығы туралы
Халықаралық старттармен қатар, олармен тұспа-тұс келетіндерді қоспағанда, Алматы марафонының барлық стартына қатысамын. Мұндай ауқымды марафондар әрқашан өсу мен дамуға мүмкіндік береді, «Алматы Марафон» да сондай жарыстардың бірі.
Жүгіретіндер саны артып келеді. Бұл сәнге деген құрмет және спортшыларымыздың, соның ішінде 6 Stars AWMM табысының нәтижесі. Әрбір жүгірушінің арманы — алты беделді халықаралық марафонға қатысу. Алматы марафонына қатысу сізге Бостон, Чикаго және Нью-Йорк жарыстарына қатысуға мүмкіндік береді, себебі жол сертификатталған және IAAF халықаралық стандарттарына сәйкес келеді.
2019 жылы Алматы марафонын жүгіріп өтіп, мен халықаралық марафондарға қатысуға рұқсат алдым, сондай-ақ жас санатындағы әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болдым.
«Алматы Марафонға» бірінші рет қатысатындарға үш ақыл-кеңес
Біріншіден, кез келген жарысқа дайындалуыңыз керек. Қысқа қашықтықтарға бірнеше жерде тегін өтетін Алматы марафонының оқу-жаттығу жиындарына қатысуға болады. Ұзақ қашықтыққа жаттықтырушымен бірге командада дайындалған дұрыс. Бұл — жарақатсыз және жақсы уақытта жүгіріп өтуге көмектесетін бірнеше жылдық жұмыс.
Екіншіден, бірінші жарыстан көбірек жағымды эмоциялар алыңыз. Сіздің жүгіруші ретінде болашағыңыз соған байланысты.
Үшіншіден, жүгіру кезінде денеңізді тыңдаңыз. Спортты өмірдің мәніне айналдырмаңыз.