Еңлік Құрарбек қазақ тіліндегі тамаша әндерінің арқасында танымал. Ол бізге өзінің шығармашылығы және сүйікті әндері жайлы айтып берді.
Еңлік Құрарбек, қаласы — Алматы, әнші, @yenleak
Барлығы неден басталды
Мен Алматыда, Еңбекшіқазақ ауданында дүниеге келдім, ал Бұрындайда оқыдым.
Отбасым музыкаға жақын. Әкем де, анам да ән жазады. Бұл — олардың хоббиі. Сондықтан бала кезімнен музыканы жақсы көріп өстім, түрлі іс-шараларда өнер көрсеттім.
Мектеп бітірген соң Абылай хан атындағы шет тілдер университетіне оқуға түстім. Ал университеттің 2-курсында вокалға жазылып, Ерболат Беделхановтың JuzAcademy деп аталатын мектебінде оқыдым. Мұнда вокалдан, рэп және биден сабақ алдым. Сөйтіп мен ән жаза бастадым. Менің тректер шығарғым келді, алайда бұл болмай қалды.
Мені музыкаға шабыттандырған нақты бір адам жоқ. Меніңше, академияда жаңа достар тапқан кезімде олардың шығармашылығы өзіндік бірдеңе ойлап табуға, өз ойларымды әнмен жеткізуіме көмектесті.
Университетті бітірген соң өзім оқыған мектепке мұғалім болып жұмысқа орналастым. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі қызметінде жүріп, бір жыл бойы музыкадан тыс қалдым.
Менің шығармашылыққа оралуыма достарым түрткі болды. Олар өз тректерімді шығарудың уақыты келді деп, маған қолдау көрсетті. Сөйтіп былтырдан бастап кәсіби түрде музыкамен айналыса бастадым. Жұмысымды тастап, бар уақытымды шығармашылыққа арнап жүрмін. Бәлкім, кейінірек оқытушылық жұмысыма қайта
ораламын, бірақ білікті маман ретінде.
Алғашында ата-анам менің музыкалық білім алғанымды қаламады. Бірақ өнерім өркендей бастағанда олар мені қолдады.
Шығармашылығы жайлы
Мен үшін шығармашылық — өзімді таныту, өз ойымды, ұстанымымды, эмоциямды бөлісе білу.
Мысалы, Tauda трегін мен Көкшетауға құрбыларыммен шағын саяхат жасап келгеннен кейін жаздым. Осылайша, алған эмоцияларыммен бөліскім келіп, достық, махаббат, жастық туралы ән жазып шықтым.
Мен үшін шығармашылық — өз болмысыңды таныту
Shukir-ді мен DOP әнінен кейін жаздым. Сол уақытта õzen-дік әртістермен араласа бастаған болатынмын.
Әндерімнің ішіндегі ең ұнайтыны — Bipl. Бұл менің қыздарға арналған алғашқы әнім. Сөзін тез әрі оп-оңай жазып шыққан едім. Сондай-ақ DOP та сүйікті әндерімнің бірі, себебі ол ана туралы.
Қазіргі таңда мен өз бетімше жұмыс істеп жүрмін, сондықтан күнімді жоспарлауда қиындықтарға тап болдым. Менің ойымша, әртістер мен шығармашылық адамдарының көпшілігі күн тәртібін дұрыс құрмағандықтан, тез шаршап қалады. Адам ешнәрседен шектелмегенде, күш-қуатын босқа жұмсайды, уақытым көп деп ойлайды. Алайда бұл дұрыс емес, сондықтан күнделікті өмірде тәртіп болуы керек деп ойлаймын.
Шабыты жайлы
Мен музыкаға қатты құмартамын, түрлі жанрды тыңдаймын. Бұл өз бетіңше жаңа нәрсе жазуға көмектеседі. Талғамың пайда болады, тыңдалған жанрларды араластырып, жаңа туынды жасауға болады.
Маған бәрінен бұрын халық әндері, хип-хоп және R`n`B ұнайды. Халық әндерінен «Асыл әжем», «Әдемі қыз» ұнайды. Хип-хоптан мен Beyonce-нің Crazy in love әнін және Earth, Wind & Fire-дің September әнін жақсы көремін. Сондай-ақ Медеу Арынбаевтың «Өмір өзені» —мазмұнының тереңдігімен ұнайды.
24 жасымда адам әр нәрседе, айтқан сөзінде, іс-әрекетінде шынайы болу керек екенін түсіндім. Меніңше, шынайылық болмаса, табыс та болмайтын сияқты. Мінсіз болмаса да, бастысы, шын пейілмен шықса болды, ән тыңдаушысының жүрегіне жетеді. Сондықтан менің басты ұстанымым — шынайылық пен адалдық.
Мені өмірімде орын алатын түрлі оқиғалар шабыттандырады. Тіпті олар көңілсіз болса да, мен олардан әрқашан құнды нәрсе аламын. Осылайша, мұндай өмірлік оқиғалар жаңа туындыма шабыт сыйлайды.
Жоспарлары жайлы
Жоспарымда — оқу. Маған психология және оқытушылық ұнайды, соларды біріктірсем деймін. Болашақта жасөспірімдермен жұмыс істеп, балаларға көмектескім келеді.
Сондай-ақ жоспарымда жаңа әндер жазу бар, бәлкім, альбом да шығарып қалармын.