«Менің тілімнің шекарасы – менің әлемімнің шекарасы»
Людвиг Витгенштейн, австриялық философ және логик.
Адам баласының өз ойын еркін айта алатын тілдер саны әрқашан білімділігі мен мәдениет деңгейінің, кей елдерде қонақжайлылығының көрсеткіші болып есептеледі. Бүгінгі күннің шындығы сол, еліміздегі өз-өзін дамытқысы келетін әр адам қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгеруге тырысады. БІЗ үштілділіктің жағдайы мен оны қалай орнықтыруға болатынын сұрастырып білуді ұйғардық.
Қанат Тасыбеков, 57 жаста, туған қаласы – Астана, жазушы
ТІЛДІҢ МӘНІ
Әлбетте, бір тілді ғана білу – аз, адам қаншалықты көп тіл білсе, соншалықты бәсекеге қабілетті бола түседі. Чехов: «Адам қанша тілді білсе, сонша адам ретінде саналады» дейді. Әр тіл – бүтін бір халықтың жаңа әлемі. Себебі, барлық мәдениет, барша құндылықтар тілде жинақталған.
ҮШ КИТ: ҚАЗАҚ, ОРЫС, АҒЫЛШЫН ТІЛДЕРІ
Үш тілді еркін меңгерген адамдар аз. Халықтың негізгі бөлігі – бір жарым тілді адамдар. Бір тілді бірлік ретінде қарастырсақ, үш тіл – үш ұпай. Мысалы, орыс тілді қазақтар орыс тілінде сөйлейді – бұл бір ұпай, және аздап қазақша біледі – бұл жарты ұпай.
25 жылда қазақ тілі айналасындағы дауда ешқандай ілгерілеушілікке жете алмадық. Қазіргі кездегі прогресс 3 негізгі факторға байланысты: бірінші – қазақ тілді отбасылардағы демография, екінші – оралмандар, және үшіншісі – қазақ мектептерін бітіретіндер санының артуы.
Егерде қазақ әдебиеті туралы айтатын болсақ, бізде қазақ тіліндегі заманауи, қызықты контент жетіспейді.
Пеле Бразилияда футбол ойнап, үлкен жетістікке қол жеткізгенде «Мен Пелемін» атты автобиографиялық кітап жазған. Тек осы кітапты оқу үшін ғана миллиондаған адам тіл үйренді. Маяковскийдің мынадай хрестоматиялық жолдары бар: «Мен орыс тілін тек Лениннің осы тілде сөйлегені үшін ғана үйренер едім». Әлемде миллиондаған адам Beatles-тің не туралы ән айтатынын түсіну үшін ағылшын тілін үйренген. Қазақ тілінде ауыл, мал, дала және махаббат жайында жазылады. Бірақ әзірге, бізде заманауи түрлі бағыттағы әдебиет, әдеби ағымдар жоқ.
ҮШТІЛДІЛІКТІҢ ҚИЫНДЫҚТАРЫ
Үштілділік ресми түрде мәлімделді, алайда қоғамда әлі қолдау таба қойған жоқ. Себебі, біз алдымен қазақ тілінің мәселесін шешіп алуымыз керек, содан кейін барып, екі және үштілділік бағытына қадам жасауымыз қажет. Бұл жақсы мақсат болғанмен, мектептегі барлық оқушыларға үш тілді қатар меңгерту өте қиын.
«Кімде-кім басқа тілді білмесе, өз тілі туралы ештеңе білмейді»
Иоганн Вольфганг фон Гете, неміс ақыны
Күләш Шәмшидинова, 58 жаста, туған қаласы – Талдықорған, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ААҚ басқарма төрайымы.
ТІЛДІҢ МӘНІ
Бүгінде мемлекет және әр адам тіл білудің қаншалықты маңызды екенін біледі. Бір ғана тілде сөйлеу жеткіліксіз, себебі, біз белгілі бір геосаяси кеңістікте өмір сүреміз. Бүгінгі күннің жастары тіл білмесе, кәсіби жоғарылауға қажетті ақпараттан да тыс қалады.
ҮШ КИТ: ҚАЗАҚ, ОРЫС, АҒЫЛШЫН ТІЛДЕРІ
Қазір бізде қазақ тілін үйрететін оқу құралы жоқ деуге болмайды. Бірақ, олар әр түрлі жастағы адамдарға қаншалықты қолжетімді деген сұрақ бар.
Тілді дамыту үшін тілдік орта керек. Біздің Қазақстанда қазақ, орыс тілді орта бар, ал ағылшын тілді орта әлсіз. Бірақ, елімізде 3,5 мыңдай шетелдік компания жұмыс істейді екен. Сондықтан, жасанды тілдік орта құру қажет.
Кәдімгідей бірнеше тілді меңгеруге болатын тағы бір жүйе бар. Мысалы, мұғалім қазақ тілінде сабақ жүргізсе, онда ол мектепте барлығымен тек қазақша сөйлесуі тиіс. Орыс тілінде сабақ берсе, бәрімен орысша сөйлеседі, ағылшын тілінің мұғалімдері де дәл осылай істейді.
ҮШТІЛДІЛІКТІҢ ӘСЕРІ
Еуропалық кәсіпорынардың 11%-ында шет тілін білетін қызметкерлердің жетіспеушілігінен, өзара тиімді келісімшарттар жасалмай қалған. Жалпы, ортақ қарым-қатынас тілі, тауар айналымын 70%-ға арттырады. Тек ағылшынша сөйлегендіктері үшін ғана британиялық фирмалар тауар айналымының 20%-ынан айырылған, ал бұл тілде сөйлемейтін елдер де бар. Швейцарияда жүргізілген зерттеулер, екі немесе одан да көп тілді меңгеру, жоғары еңбек төлемі мен халықтың жұмыспен қамтылу дәрежесінің жоғарылауына әкелетінін көрсеткен.
ҮШТІЛДІЛІКТІҢ ҚИЫНДЫҚТАРЫ
Қандай да бір міндетті жүзеге асыру үшін нақты, анық мақсат болу керек: «Неге қол жеткізгіміз келеді?» Қазақ тілін үйренуге мектептерде 11 жыл бойы аптасына алты сағаттан бөлініп келеді. Содан кейін оны арнаулы оқу орындары (колледждер) мен жоғары оқу орындарында да оқытуды жалғастырады. Алайда, балалар оқу орнынан шыға бере, бұл тілде сөйлемейді. Себебі, мемлекетіміздегі оқу бағдарламасы оқытудың грамматикалық-аударма әдісіне бағытталған. Бұл бүгінгі күні төрт қажетті машықты: оқу, сөйлеу, тыңдау және жазуды дамытуға кедергі келтіретін үлкен мәселеге айналып отыр.
Барлық тасымал құралдарына, телефонға қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйренуге арналған жақсы оқу материалдарын жүктеп ала алсақ, керемет болар еді. Автобуста келе жатқанда құлаққапты киіп аласың да, оқисың, тыңдайсың немесе үйренесің. Міне, осылай істеу керек. Бұл үшін қазақстандықтарға арнап осындай нәрселер жасайтын кәсіпқой мамандар, ұстаздар мен программисттер, бағдарлама әзірлеушілерден құралған топ қажет.
Үштілділік бұл – қазір мемлекет тарапынан болсын, қоғам тарапынан болсын көп көңіл бөлініп отырған бағыт. Бүгінде үштілділік мәселесін, бұл бағдарламаның даму әдістерін көпшілік әр түрлі түсінеді. Бірақ, бұның БІЗДІҢ ортақ міндетіміз бен жауапкершілігіміз екенін естен шығармауымыз керек. Себебі, БІЗ бүгін өзіміздің ертеңімізді құрып жатырмыз. Бұл сұраққа ғылыми тұрғыда қарау,инновациялық әдістерді пайдалану мен енгізу, сондай-ақ, тілдерді үйретуде өз септігін тигізетін тәжірбиемізді қолдану негізінде үш тілде сөйлейтін адамдардың санын арттыруға болады.