Жамал Жақсытай, Taspa Films атқарушы продюсері, @baqytty_jamal
Сериалдары: «Саған Cендім», «Тағы да сүй», «Мұздағы жалын»
Өзім жайлы
Журналистика факультетін бітірген соң, әрине, журналист болуды армандадым. Алайда 2018 жылы Taspa Films компаниясы мені ТВ-сериалдың сценарисі болуға шақырды. Бұл сценарист ретіндегі менің алғашқы жобам болды.
Қазақстанда сериалдар индустриясы қалай жұмыс істейді
Жыл сайын қыркүйектен қарашаға дейін Salem Social Media сияқты телеарналар мен платформалар белгілі бір тақырып бойынша контент шығаруға конкурс өткізеді. Продакшен-компаниялар питчингіге қатысып, ақпан айында іріктеу нәтижелерін алады.
Іріктеу кезінде продакшендердің бұрынғы тәжірибесі және олардың портфолиосы ескеріледі. Сондықтан жаңадан келген сценаристер мен идея авторлары продакшендерге өз жобаларымен келеді, ал олар өз кезегінде конкурстарға қатысады.
Жоба бекітілгеннен кейін команда құрылады. Бізде кинода жұмыс істейтін мамандардың базасы бар, олар жобаның жанрына сәйкес жұмысқа алынады. Яғни тарихи фильм үшін осы жанрда жұмыс істейтін гримерлер мен костюмерлер тартылады.
Продакшендер мен телеарналар нарық сұранысын қанағаттандырады, сондықтан көбінесе комедиялық сериалдар түсіріледі. Бірақ көрермендер триллер, драма және детектив контентін көбірек сұрай бастайды деп ойлаймын. Продакшендер осы жанрларда сапалы контент түсіре алуы керек.
Сериал түсірудегі ең қиыны — түсірілімге жақсы жағдайдың жоқтығы. Қазақстанда кино павильондары жоқ. Кафеде немесе көшеде түсіретін болсақ, оны қалың адамдардың ортасында жасаймыз. Түсірілім бойынша мекемелермен келісу мүмкін болса да, бұл сондағы клиенттерге қолайсыздық тудыруы мүмкін. Сондықтан командадан түсірілімді тездетіп аяқтау сұралады.
Шетелдерде, мысалы, Түркия, АҚШ және Оңтүстік Кореяда түсірілімге жағдай жасалған. Мұнда кафелер, бизнес орталықтары, көшелер мен кеңселер орналасқан кино павильондары бар. Командалар үй-жайды пайдаланғаны үшін ақы төлеп, жабдықтары бар аумақтарды пайдаланады. Бізде Қонаев қаласының бағытында орналасқан бір ғана тарихи орын – «Көшпенділер тарихы» ғана бар, ал заманауи кино түсіретін бірде-бір павильон жоқ.
Тапсырыспен түсірілген ТВ-сериалдардан бөлек, демеушілердің қатысуымен веб-сериалдарды түсіру тәжірибесі де жүріп жатыр. Бірақ бюджеттердің аздығына байланысты веб-сериалдардың сапасы көбінесе ақсап жатады. Мысалы, «Жездуха» интернет-сериалында кейіпкерлерде ілгекті микрофондар ілінгенін көруге болады.
Телехикаяларда әдетте микрофонның кадрда көрініп қалмауын қамтамасыз ететін арнайы мамандар жұмыс істейді. Тіпті мұндай кішкентай нәрсенің өзі сериалды қабылдауға әсер етуі мүмкін, өйткені көрермен экраннан «өмірді» көріп, болып жатқан оқиғаның қақ ортасында жүруді күтеді.
Режиссер мен актерлердің жұмысы да маңызды рөл атқарады. Бірақ сценарийсіз ешбір жоба сәтті шықпайды. Сондықтан отандық киноиндустрияны дамыту үшін сценаристер мектебі жетпей жатады. Жалпы алғанда, бізде сценарий жазу дағдыларын үйренетін институттар жоқ.
Біздің драмалық және биографиялық туындылар түсіруге көшуіміз керек. Жобаға назар аударту мақсатында балағат сөздерді қолдану — бұл өткеннің сарқыншағы. Кино әдепсіз мінез-құлықты насихаттамауы керек.
Гүльнур Мамасарипова, CGCinema, продюсер және негізін қалаушы, @gulnur_mamasaripova
Сериалдары: «Келiнжан», «Шымкент — менің махаббатым», Режиссер — «Ана жүрегі»
Өзім жайлы
Менің телехикаялар саласында жұмыс істеп жүргеніме 10 жылдан асты. Мамандығым бойынша мен журналиспін, теледидарда жұмыс істедім. Одан кейін аутсорсер болып жұмыс істедім. Біздің компания тапсырыс бойынша телешоулар мен сериалдар шығаратын алғашқылардың бірі болды. Жеті жыл ішінде «Ана жүрегі», «Қарлығаш ұя
салғанда», «Армандастар» т.б. түсірдік. Ең сәтті жоба «Келінжан» телехикаясы болды.
Қазақстанда сериалдар индустриясы қалай жұмыс істейді
Алғашында барлық телеарна бірдей сериалға тапсырыс берген жоқ. Бүгінде телехикаяларды шығаруға көбінесе мемлекет тапсырыс беретіндіктен, сала жақсырақ дамуда. Ал интернеттің дамуының арқасында Salem Social Media сияқты платформалар пайда болды.
Еліміздегі сериалдар индустриясы сапа жағынан да, сан жағынан да өсіп келеді: жаңа платформалар, тақырыптар, жанрлар мен жұртшылық күткен контенттер пайда болды. Қазақстанда, сондай-ақ жалпы әлемде сериал саласын дамытудың прогрессивті тенденциясы байқалады.
Бізде YouTube, қазақстандық Aitube сияқты цифрлық платформаларда жарияланған веб-сериалдар да танымал. Бұл теледидар аудиториясының интернет аудиториясынан төмен болуымен байланысты.
Продакшендер көрермендердің назарын аудару үшін жергілікті сілтемелерді қабылдауы және мәдени кодтарды пайдалануы тиіс. Біздің қоржынымызда «Келінжан» дәл осындай сериалға айналды. Балағат сөздер мен ашық көріністерге бармай-ақ көрерменнің сүйіспеншілігіне ие болдық.
Бізде күрделі қойылымдар, детектив, экшн сынды жанрлар да аз. Сериалдарға ойын-сауық жетіспейді. Оның басты себебі — бюджет тапшылығы. Егер нарықта сериалдарды түсіруге қаражат пен демеушілер жинауға маманданған жарнама агенттіктері пайда болса, бұл мәселенің ішінара шешілуі мүмкін еді.
Сериалдарды шығаруда бәрі қиын деуге болады. Нысандармен келіссөздер жүргізу, қалада жүріп түсіру, көшеде немесе түнде түсіру де қиын. Жолдарды жабу қиын болуы мүмкін. Тарихи сериалдарды немесе 90-шы жылдарды түсіру кезінде қолайлы реквизиттерді табуда қиындықтар туындайды.
Табыстың кілті — дұрыс таңдалған шығармашылық түсірілім тобы. Ал саланың дамуы мен аудиторияның қызығушылығының артуы контенке байланысты.
Акылбек Досжанов, BASpro бас продюсері, @akylkz
Сериалдары: «Саке», «Саке 2», «Вузеры», «БАЖА»
Өзім жайлы
Мен сериалдар саласына 2010 жылы келдім. Бәрі әзіл-оспақтан басталды. Мен Astana_kz КВН командасының мүшесі болдым, онда ұйымдастыру мәселелеріне жауапты едім, одан бөлек, өнер де көрсеттім. Кейінірек әзілге толы скетчтер мен сериалдар түсіруге телеарналардан тапсырыстар түсе бастады. Әзілдің болашағын теледидардан көрдім. Алайда қиындықтар да болды. Басында бізге сенбеді, қаржы болмады. Алғашқы «Вузеры» жобасына біз бір жарым жыл бойы қаржы іздедік. Тағы бір сәтті шыққан «Патруль» сериалының жетінші маусымын дайындап жатырмыз.
Қазақстанда сериалдар индустриясы қалай жұмыс істейді
Көптеген студиялар сияқты, біз де тапсырыспен жұмыс істейміз. Өзіміз түсіргіміз келетін және көрерменнің көңілінен шығатын сериалдар табыс табуға мүмкіндік бермейді.
Salem Social Media және Aitube сияқты қазақстандық платформалардың дамып жатқанына қуаныштымыз, өйткені бұл продакшендерге интернет-аудиторияға қызықты нәрселерді түсіруге қосымша мүмкіндік береді. Бұл тренд тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде байқалады. Интернет-сериаларды түсіру кезінде командалар редакциялау және шығармашылық тұрғысынан өте еркін.
Біз тапсырыстармен жұмыс істейміз. Қазақстанда түсірілгендердің 70-80 пайызы әзілге толы контент. Көрермендер ауыр сюжеттер көргісі келмейді, өйткені күнделікті өмірде ле проблемалар жеткілікті. Ал киноға келген көрерменнің демалғысы келеді, өзін басты кейіпкерлермен салыстырып, ұқсастықтар тапқысы келеді. Сондықтан «Саке», «БАЖА», «Келінжан», «Жездуха» сияқты сериалдар көпшіліктің көңілінен шықты.
Бірақ 5:32 сериалының табысты болғанына қарап, қорқыныш жанрына деген қызығушылықтың артқанын көріп отырмыз. Біз көбінесе көрерменнің циклдік қызығушылығын байқаймыз. Олар алдымен комедияға, мелодрамаға, криминалға қызығады, ал содан кейін қорқыныш жанрына ауысады.
Тарихи сериалдарды көбірек түсіргім келеді. Қазіргі барлары — «сөреден» алып түсірілгендер. Оларды ешкім көрмейді, танымал емес.
Көп сериялы сериалдар түсіруді қолға алса екен деймін. Коммерциялық тұрғыдан мұндай сериалдар продакшендерге тиімдірек, ал көрерменде көру әдеті қалыптасады.
Сериал түсіру — тек ақша емес, сонымен бірге энергия, уақыт, уайымдау, ұйқының болмауы және түсірілім тобының денсаулығы. Сериал шығару құны маусым мен эпизодтардың санына байланысты. Интернет-жобалар үшін ең оңтайлы бюджет бір серияға алты миллион теңгені құрайды.
Еуропа мен Ресей нарығына шығу жоспарымызда бар. Біз қазақстандық «Патруль» сериалының франшизасын Польшаның танымал Polot media продюсерлік студиясына бірінші болып сатқанымызға қуаныштымыз. Жобаға қызығушылық Ресейде де байқалды.
Атхам Сайдулаев, digital-продюсер, Kak Budto режиссері
Сериалдары: «Жол», «Сыныптас» 2-маусым, 1-маусым, «Не план»
Өзім жайлы
Мен сериалдар индустриясына 2019 жылы келдім. Алғашқы жобам сол қалпы шықпай қалған скетч болды. Одан кейін алғашқы сәтті жоба болған «Сыныптас» сериалында жұмыс істедім. Содан кейін бізде «Не план», «Жол» және «Комната 209» жобалары болды.
Қазақстанда сериалдар индустриясы қалай жұмыс істейді
Сала ойыншыларының 70%-ы — шағын сериалдар мен скетчтер түсіретін КВН-нен шыққандар.
Продакшен студиялардың өскеніне қарамастан, мен үлкен ойыншылар деп Salem Social Media, BAS Production және BAYGuys-ты атай аламын.
Комедиялық сериалдарға тойған көрермен картиналардың сапасына мән бере бастады. Сондықтан танымал сериалдардың қатарында «5:32» триллері, «Сержан Братан» драмасы және Sheker криминал бар. Бұл жобалардың барлығы орыс тілінде. Өкінішке орай, қазақ тіліндегі контент картина сапасы жағынан артта қалып отыр. Біз өз алдымызға осы бағытта дамып, қазақ тіліндегі контенттің сапасын арттыруды міндет етіп қойдық.
Біздің елде фантастика жанры әлі онша дамымаған, сапалы өнім аз. Бұл жанрдың Қазақстанда дамуын бақылау қызық болар еді.
Сериалдарды шығаруда көптеген кедергілер бар. Контенттің сапасы команданың өз жобаларына қаржы тарту мүмкіндігіне әсер етеді. Алдымен сіз жақсы контент жасай алатыныңызды, оның қаралымы жақсы екенін дәлелдеуіңіз керек. Қаралымы жақсы болып шықса, компаниялар мен брендтерге продакт-плейсментті, жарнамалық ұсыныстарды және серіктестіктерді ұсынуға болады. Біз коммерциялық ұсыныс жасаймыз, онда біз қаралым, аудитория және оның төлеу мүмкіндігі туралы ақпаратты қосамыз.
Сериалды түсірудегі ең бастысы – идея мен сценарий. Қазақстандағы сериал саласының дамуының табысы жаңа ойыншылардың пайда болуына, бәсекелестіктің күшеюіне байланысты, бұл да сериалдардың сапасы мен санының артуына әкеледі.