Жаңа оқу жылынан бастап елордамыздың 15 мектебінде зияткерлік сыныптар ашылады. Мұнда білім алатын балалар өзінің келешек мамандығын таңдауға бағыт-бағдар алады. Қазірден бастап бұл мектептер жоғары оқу орындары және кәсіпорындармен келіссөз жүргізіп жатыр. Жергілікті мамандар зияткерлік сынып оқушыларына сабақ өткізіп, таңдалған кәсіп аясында терең білім береді. Бұл туралы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Педагогикалық идеялар панорамасы» атты диалог алаңында айтылды. Бұл басқосу ұстаздар арасында білім беру саласындағы инновациялық әдістемелермен алмасу мақсатында ұйымдастырылған. Шара бүкіл республика аумағында өткізілді. Болашақта оның қорытындылары бойынша үздік педагогикалық идеялар жинағы шығарылады.
Дерек көзі: 24.kz