Көз үйренген қазақы костюмдердің болмауы, ертегі кейіпкерлерінің сахнада рэп оқуы балалардың ғана емес, ересектердің өзінің таңдайын қақтырып, тамсантты. Ер Төстіктің тұлпары Шалқұйрықтың ертегіде ғана емес, сахнада да сөйлегенін көрген балалар аң-таң болды. Мюзиклдің басты ерекшелігінің бірі — жер асты мен жер үстіндегі өмірді аса әсерлі эффектілерді қолдана отырып жеткізгені. Ал Төстіктің достары — Таусоғар, Көлтауысар, Епті, Саққұлақ, Қырағы, Желаяқтың әзілқой әрі заманауи образы залдағыларды күлдіріп, таңданыс тудырды. Экранизация мен сахнаның әдемі үйлесімін көрсеткен мюзикл көрерменнің бәрінің дерлік көңілінен шықты. Бұл халықтың қошеметі мен алған әсерінен анық байқалды.Қиял-ғажайып ертегідегі құндылықтар, адами қасиет пен махаббатты шебер сахналап, бүгінгі күнмен үйлестіре білген бұл мюзикл — өткеннің жаңғыруы мен әдеби мұрамызға деген құрмет.
Шара соңында халық ертегісін заманға сай сахналаған режиссер — Есләм Нұртазин сахнаға көтерілгенде халық әр жерден «бәрекелділеп», қошемет көрсеті. Қазақ театр өнерінің қоржынына керемет бір мюзиклдің қосылғанына куә болған көрермен өз рөлдерін тамаша сомдай білген актерлерді қимай, орындарынан тұрып ұзақ қол соқты.