Өзі жайында
Мен жақсы адаммын. Дәрігерде жаман болу құқығы жоқ.
Өзіме және айналамдағы адамдарға қатал және сыни тұрғыдан қараймын. Тәртіпті, адалдықты және ұқыптылықты жақсы көремін. Барлық нәрселердің өз уақытында болғанын ұнатамын. Мен үшін берілген сөзде тұру маңызды. Адамдардың бойында адалдықты бағалаймын.
Өмірлік қағидаларым мамандықпен байланысты: адамдарға көмектесу, оларға зиян келтірмеу, жақсылық жасау. Көмегімді ешқашан аямаймын – бұл әдетке айналды.
Өмірлік қағидаларым мамандықпен байланысты: адамдарға көмектесу, оларға зиян келтірмеу, жақсылық жасау
Мен үшін бірінші орында отбасы. Жақындарыммен уақыт өткізуді ұнатамын – бұл өмірдегі ең құнды сәттердің бірі. Бос уақытым болса, оны отбасыммен өткізуді жөн көремін.
Жұмыс істеп, белсенді демалуды жақсы көремін. Табиғатқа шығуды – демалыс күнінде ерте тұрып, тауларға шығып, пикник ұйымдастыруды ұнатамын. Бұл қолымыздан келетін нәрсе, себебі Алматыда табиғи жерлер баршылық. Сонымен қатар бұл денсаулық үшін пайдалы.
Сонымен қатар достарымызбен ірі спорттық іс-шараларға жиі барып отырамыз – оларды жіберіп алмауға тырысамын.
Алматы жайында
Мен Таразда туып өстім. Мені бұл қаламен жылы естеліктер, көп бақытты сәттер байланыстырады.
Алматы да сүйікті қалам болып табылады. Мектеп бітіргесін, осында көшіп келдім, Асфендияров атындағы медициналық университетке түстім. Осында тұрып жатқаныма 15 жыл болды.
Алматыда сөзбен жеткізе алмайтын өзіндік атмсофера бар. Осында көшіп келетін адамдардың басым бөлігі қалаға ғашық болып, кетуді қаламайды.
Осында менің отбасым тұрады, біз тауларға шығуды, қаланың орталығында, Президент саябағында серуендеуді ұнатамыз.
Біліктілікті арттыру, тәжірибе алмасу үшін шетелге барған кезде, сол жер қаншалықты әдемі жане жақсы болғанымен, бір-екі аптадан кейін мен Алматыны сағына бастаймын. Жақсы өмір сүру үшін шетелге барсаңыз, ештеңе өзгермейді деп санаймын. Барлығы өзімізге байланысты. Біз осында да жақсы өмір сүре аламыз.
Жанашыр адамдар және олардың өмірлік істері
Мен дәрігермін. Пациенттерді емдеп, оларға көмектесу – менің өмірлік ісім.
Менің үлкен ағам – дәрігер-хирург. Ол әрқашан мен үшін үлгі болатын және бұл мамандықты таңдауыма ықпал етті. Мен мықты медициналық университеттердің біріне түстім. Сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасы бойынша Литваның денсаулық ғылымдары университетінде оқып, біліктілігімді арттырдым.
Оқу кезінде сабақтар Қалалық кардиологиялық орталықта өтетін, сол жерде мен медициналық қызметкер ретінде жұмыс істей бастадым. Кейін кардиология, кардиохирургия, жан сақтау бөлімдерінде дәрігер қызметін атқардым. Жаныма жақын болып, ең көп қызықтырғаны аритмология бөлімі еді. Сол себепті университетті аяқтағаннан кейін, мен бұл саланы таңдадым. Мамандығым бойынша мен дәрігер-аритмологпын – пациенттердің жүрек ырғағының бұзылғанын емдейтін маман. Кардиологиялық орталықта жұмыс істеп жатқаныма он жыл болды.
Таңдалған мамандықты ұнатсаң, сол мәртебеге сай болу керек
Дәрігер болу – бұл ерекше қабілеттілік. Таңдалған мамандықты ұнатсаң, сол мәртебеге сай болу керек. Менің жұмыс күнім сағат 17:00-де аяқтала бермейді. Мен әрқашан байланыстамын, егер бірдеңе болып қалса, жұмысқа шығуға дайынмын, бұл талқыланбайды.
Мен жұмысқа рахаттанып барамын, жұмысымды атқаруды, адамдарға көмектесуді қалаймын. Үйге де сондай рахатпен қайтамын.
Әрбір пациент емделіп шыққан кезде, дәрігер айналысып жатқан ісін одан сайын бағалайды. Өзінің маңыздылығын, өмірдегі орнын ұғынады. Өз орныңды тауып, адамдарға пайда әкелу маңызды.
Көмектесе алмайтын күрделі жағдайлар да болып тұрады. Біз пациенттің бастан кешетін қиындықтардың барлығын сезінеміз, бірақ бұны көрсетпейміз. Жақсы күйде жүру маңызды, себебі бұл басқа адамдарға беріледі. Көтеріңкі көңіл-күймен келіп, байланыс орнатып, пациентті жақсы көңіл‑күймен алып кету керек. Әртүрлі жағдайларға қарамастан, позитивті өмір сүруге дағдыландым.
Жұмыс өзіңді іске асыруға мүмкіндік береді. Бірақ мен үшін мамандыққа және медицинаға жақсы нәрсе беру маңыздырақ. Биыл мен Алматының үздік дәрігері атандым. Медициналық қауымдастық және пациенттер жетістіктерімді мойындайды, демек менің бағытым дұрыс.
Бүгінгі күндегі рухының күйі
Әрқашан позитивті күйдемін. Өмірімді және ісімді бағалаймын.