Аймұрат Мәмбетниязов, 22 жаста, қаласы — Лондон, Meta-да Software Engineer, @aymurat_m
Қоныс аударуы туралы
Мен Шығыс Қазақстан облысы Қалбатау ауылында туып-өстім. Георгиевский орта мектебінде оқыдым. Ал мектеп бітірген соң Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға оқуға түстім. Міне, биыл бакалавр дәрежесін алып, Лондонға қоныс аудардым. Қазіргі таңда Meta компаниясында бағдарлама әзірлеушісі ретінде жұмыс істеймін.
Ұлыбританияға шілде айында көшіп келдім. Менде екі таңдау болды: Варшавадағы Google немесе Лондондағы Meta. Meta-да жұмысқа қабылдау процесі жылдамырақ болды, осылайша маған ұсыныс түсті. Басқа компанияның уақытын босқа алмайын деп, Ұлыбританияға көштім.
Ұлыбритания өзінің ағылшындық атмосферасымен баурап алады. Гай Ричидің бірнеше фильмін көргеннен кейін, мен сол ортаның өмірін сезінуді армандадым. Батыл, гангстерлік, дегенмен талғампаз — Лондонды осылай сипаттар едім.
Жаңа өмірге бейімделуі және қиындықтар туралы
Алғашында жаңа уақыт белдеуіне үйрену қиын болды. Мен әрең өткен екінші қиындық азық-түлік бағасы болды. Өйткені бағалары Қазақстанға қарағанда әлдеқайда жоғары.
Тіл білмесең, Лондондағы өмірің де қиындауы мүмкін. Мен университет қабырғасында оқып келген ағылшын тілі мен Ұлыбританиядағы нағыз таңғажайып ағылшын тілі мүлде басқаша естіледі. Алайда мұнда шетелдіктер көп болғандықтан, адамдар келушілерге түсіністікпен қарап, жан-жақты көмек көрсетеді. Бұл жағынан еш қиындық болмады.
Осы үш айдың ішінде жергілікті ортаға толығымен сіңісіп кеттім
Осы үш айдың ішінде жергілікті ортаға толығымен сіңісіп кеттім. Ал бір апта бұрын алғаш рет ағылшын тілінде түс көрдім.
Компания менің көшуіме басынан аяғына дейін көмектескендіктен, бүкіл процесс жеңіл өтті. Әр аттаған сайын компанияның өзінен де, Meta-мен жұмыс істейтін агенттіктерден де қолдауды сезіндім.
Бұл елдегі алғашқы әсерлер жақсы болды. Олар мені Уэмбли стадионының жанына орналастырды. Мен бірде жаяу жүргіншілер өткелінде тұрып, жасыл түстің көлік жүргізушілеріне жанғанын байқамай қалыппын. Алайда көліктер орындарынан тапжылмады, тіпті бір жүргізуші маған өте бер деп ишарат етті. Мен бұған қатты таңғалдым.
Адамдардың мейірімді әрі ашық екеніне де таң-тамаша болдым. Мен абайсызда біреудің аяғын басып кетсем, дөрекі жауап орнына тек «Sorry» дегенді естимін. Мұндай атмосферада еріксіз позитивті жанға айналасыз.
Мен сізге фунттағы жергілікті бағаларды теңгеге шаққанда қанша болатынын есептемеуге кеңес беремін. Әсіресе бірінші жалақыға дейін. Өйткені айырмашылық көп болғандықтан, көңіл күйіңізді түсіруі мүмкін. Ағылшын тілін білмесеңіз де, адамдармен қорықпай сөйлесіңіз. Сөйлемді құрастыруға тырыспаңыз, одан да ойыңызды жақсырақ жеткізуге тырысыңыз. Осылайша, ағылшын тілі тезірек дамиды, сөйлеуде еркіндік пайда болады.
Лондонда қалай жұмыс іздеуге болады
2021 жылдың жазында мен Мәскеуге көштім. «Яндексте» алғашқы тағылымдамадан өтті. Ал әрі қарай штатқа тұрақты қызметкер ретінде алды да, 15-деңгеймен марапаттады. Бұл Middle Software Engineer деңгейінің баламасы.
«Яндексте» мен көптеген қызықты нәрселерді бастан өткердім. Секундына 20 миллионнан астам сұраныс жасап, Рунет тарихындағы ең үлкен DDoS шабуылын сәтті тойтарған «Антиробот» тобында тағылымдамадан өтті. Тағылымдамадан кейін тауарлық іздеуді іске қосуға қатыстым. Содан бері іздеу жүйелерін ұнатып кеттім деуге болады.
Қай елге көшсем де, менің қолымда әрқашан жұмыс туралы ұсыныс болатын. Сондықтан көшкеннен кейін жұмыс іздеп көрмедім.
Жұмыс табу үшін дағды мен білім ғана емес, пікірлестер ортасы қажет
Жұмыс табу үшін дағды мен білім ғана емес, ұқсас мақсатқа ұмтылатын пікірлес адамдар ортасы да қажет. Білімі де, дағдысы да бар, бірақ ортасы дұрыс емес талантты жігіттерді білемін. Мұндай жағдайда психологиялық кедергіні жеңу қиын.
Элиталық мектеп лицейінде білім алу, қалалық болу немесе ҚБТУ, НУ сияқты университеттерде оқу міндетті емес. Мұның бәрі әрине, «жақсы бонустар», бірақ негізгі компоненттер емес. Ментордың қолдауын алыңыз, ортаңызды құрыңыз немесе ортаңыз болса, сіңісіп кетіңіз.
Қауымдастықта жұмыс істеу — мақсатқа жетудің ең сенімді жолы. Ал егер сіз ҚазҰУ АТФ студенті болсаңыз, біздің университет қабырғасында өзіңізге қолайлы орта бар, олимпиадалық қозғалыс бар екенін біліңіз. Онда сіз түйіндеме талқылап, бірге есептер шешуге болады, жаттығу мақсатында сұхбаттар өткізуге және тәжірибе алмасуға болады.
Meta-дағы жұмысы жайлы
Meta-да мен виртуалды шындықта жұмыс істейтін көршілес командалар үшін инфрақұрылымды дамытамын. Біздің команданың негізгі міндеті — виртуалды шындыққа арналған құрылғылардың бағдарламалық жасақтамасын жаңарту процесін оңтайландыру.
«Take your time» — мен компанияда осы үш сөзді жиі естимін және бұл маған ұнайды. Егер сіз бірдеңеге үлгере алмай жатсаңыз, олар сізге әрқашан көмектеседі. Менеджер жұмысқа да, тұрмыстық мәселелерге де қолдау көрсете алады. Мұнда адамдар сегіз сағаттық жұмыс күнінен гөрі «ақылмен» жұмыс істегенді жөн көреді. Менде механикалық түрде орындайтын монотонды жұмыс ешқашан болған емес.
«Егер сіз енгізген нәрсе біреуге пайдалы болса, сіз керемет әзірлеушісіз. Бірақ жұмысыңыздың нәтижелерімен ғана емес, алған біліміңізбен бөлісе алсаңыз — бұл тіптен тамаша!», — деді менеджер маған бірінші кездесуде.
Қоныс аудару қалай әсер етті
Мен жақын адамдарымды көбірек бағалай бастадым. Көшкен соң мен өзіме өмір құндылықтары туралы сұрақтар қойдым. Менің әлемге деген көзқарасым өзгерді.
Менің Лондонда тұрып жатқаныма төрт ай болды, бірақ мен жаңа орта таптым. Мен Қазақстаннан келген достарыммен хабарласып тұрамын. Отбасыммен телефонмен жиі сөйлесіп тұратын болдым.
Міндетті түрде мінсіз болудың және барлық сұрақтардың жауабын білудің қажет емес екенін түсіндім. Әлсіз болу, қателесу, мақсат қою және жарты жолда бас тарту да — қалыпты жағдай. Тек сәтсіздік туындап жатса, одан кейін қайта жаңа күшпен кіріскен дұрыс!