Біздің «Город24» медиамыздың «Қалалық бизнес» айдары аясында біз қазақстандық кәсіпкермен кездесіп, киім мен аксессуарлардың жеке брендін жасауға не қажет екенін сұрап білдік.
Динара Сұлтанова, 38 жаста, қаласы — Алматы, дизайнер, @blackhorse.kz
Бәрі қалай басталды
Алматыда тұрып жатқаныма 10 жыл болды. Қостанайда туып-өскенмін. Бала кезімнен таулы жерде өмір сүруді армандадым. Осылайша 28 жасымда Алматыға қоныс аудардым.
BLACKHORSE бренді төрт жыл бұрын пайда болды. Осы уақыт ішінде ол Қазақстан шекарасынан асып, Ресейде, БАӘ және Еуропада танылды. Бірақ мен кәсібімді бастаған кезде SULPAK-та жұмыс істеп жүрген едім. Сөйтіп жұмыс арасында былғары тапсырыстарыммен айналыстым.
Жоба жайлы
BLACKHORSE — жеке тапсырыстарды ғана жасамайды, PREMIUM бағытындағы дайын коллекциялары да бар.
Брендтің екі негізгі бағыты бар.
BASIC — күнделікті қолдануға арналған таза былғарыдан жасалған негізгі бұйымдар: белдік, корсет, сөмке, портупея. Оларды жеке дизайным бойынша менің командам жасайды.
PREMIUM — салтанатты шараларға арналған өнімдер. Бұлар негізінен мен өзім жасайтын эксклюзивті дизайндағы корсеттер. Олар бір данада жасалған және оларды жасау үшін мен патенттеген үлгілер пайдаланылады. Болашақта әрбір PREMIUM өнімінің өзіндік ерекше белгісі болады.
Брендтің миссиясы — қыздарға өнім арқылы өзін жеке тұлға ретінде көрсетуге, мінезінің мықты тұстарын, батылдықты, сән-салтанат пен даралықты көрсетуге мүмкіндік беру. Менің корсетімде сіз міндетті түрде елдің назарында боласыз. Өнімдердің табиғаты адамдардың мықты жақтарын аша түседі.
PREMIUM бағытындағы заттар дизайнер Татьяна Янның шоурумында орналасқан. Ал BASIC менің шеберханамда тапсырысқа жеке жасалады.
Тұтынушылар жайлы
Маған әртүрлі қыздар келеді, бірақ олардың барлығына ортақ бір нәрсе бар. Бұл олардың жасырын немесе айқын көрінетін батылдық мінезі. Олардың кейбірі — өмірде көш бастап жүргендер. Мұндай тұтынушылар қандай корсет немесе образ қалайтынын анық біледі.
Жоба қалаға қалай әсер етеді
BLACKHORSE брендін street fashion образдарына қосады: ол адамның күш-жігерін, мінезін және өзін көрсетуге көмектеседі.
Ерекше дизайндағы былғары белбеу, корсет және сөмке қыздарға өзін көрсетуге мүмкіндік береді.
Стилистердің көмегі көп. Олар брендті әлеуметтік желілерде насихаттайды. Мысалы, Жанайдар Жеңісбеков бір кездері маған түсірілім үшін образдар сұрап келген болатын. Содан бері біздің достығымыз серіктестік пен табысты ынтымақтастыққа айналды.
Асылхан Қаныбаев брендті қазақстандық эстрада жұлдыздары арасында насихаттап жүр. Ал Алуа Кенжебек пен Ажар Құдайбергенова журналдарға түсіру үшін үнемі бренд өнімдерін пайдаланады.
Осы жолда мені қолдаған екі брендке ерекше алғыс айтамын: ARUNAZ және TATYANA YAN.
BLACKHORSE — сүйікті брендтердің бірі, себебі ол әрбір тұтынушыға сапа, эксклюзив береді. Сондай-ақ тұрақты тұтынушылардың әлі біздің тұтынушымыз болып үлгермегендерге қарағанда керемет артықшылықтары бар. Мен клиенттердің көңілінен шығуға тырысамын.
Ақыл-кеңес
Дара және мықты болыңыз.
Биіктерге ұмтылып, көңіл көкжиегіңізді кеңейтіңіз.
Іс-әрекетіңіз бен идеяларыңыз басқалардан 10 қадам алда болсын. Клиентті таңғалдырудан жалықпаңыз және оны тонуста ұстаңыз. Сапаны сақтап, оны арттыра беріңіз.
Өзіңізбен жұмыс жасаңыз. Басқа кәсіпкерлермен қарым-қатынаста болыңыз.