Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары республикалық «Зерде» байқауында топ жарды. Бас-аяғы 500 бала қатысқан сайыста маңғыстаулық өрендер әзірлеген жобалар көпшілікті тәнті етті. Биология және физика пәндері бойынша оқушылар ойлап тапқан жаңалықтарды қазылар алқасы жоғары бағалап, авторлары бірінші орындарға ие болды. 7-сынып оқушысы Аружан Нұрлан сабақтан бос уақытын Каспий жағасында өткізгенді ұнатады. Толқын жағалауға шығарып тастаған теңіз балдырын жинап, құрамын зерттеп келеді. Өзіне тән иісі бар өсімдік ыстық күндері баяу кебеді. Демек тыңайтқышқа айналдыруға болады. Осыны түсінген оқушы оны шалғам өсіруде қолданып көреді. Екі аптада балдыр араласқан топырақта жасыл желек өсіп шыққан соң өз жобасын білім байқауына ұсынып, сәтті қорғап шықты.
Дерек көзі: 24.kz