Аяулы Ақылхан АҚШ-тағы қазақстандықтар қауымдастығы мен оның қызметі туралы айтты.
Аяулы Ақылхан, АҚШ, Kazakh American Association президенті, facebook
Өзім туралы
Жұбайым Дархан Нұрмағанбетов екеуміздің АҚШ-та тұрып жатқанымызға 20 жыл болды. Мен АҚШ-тың US Non-profit коммерциялық емес ұйымында қызмет етемін. Бұдан бөлек, Америкадағы қазақстандықтардың қауымдастығында да волонтерлік жұмыс жасаймын. Қазіргі кезде осы қауымдастықтың президентімін.
Бәрі неден басталды
Америка Құрама Штаттарына енді көшіп келген уақытта біз Қазақстаннан келген қыздармен араласа бастадық. Ол кезде олардың саны көп емес еді. Біреуі америкалыққа тұрмысқа шықса, енді біреулері АҚШ-та жұмыс істеп жүрді немесе тағы да басқа себептермен елде қалған. Олардың барлығы табысты еді, өмірде өз орындарын тапқан, отбасылы дегендей. Алайда барлығына ортақ тақырыптарды талқылайтын осындай қауымдастық жетіспейтін. Мысалы, Қазақстандағы туыстарға қалай қоңырау шалған тиімдірек болады немесе басқа да мәселе бойынша кеңесіп, ақылдасу үшін осындай қауымдастық ауадай қажет еді.
Алғашында таңғы ас ұйымдастырдық. Қандастарымыз өздерін жалғыз сезінбесін, жат елде қолдау көрсетуге дайын жандардың бар екенін білсін деген мақсатта таңғы аста кездесіп жүрдік. Келушілердің барлығы тез тіл табысып кетті, ортақ тақырыптарды талқылады.
Іс-шараның келесі форматы пикник болды. Ал кейінірек күйеуім екеуміз Америка Құрама Штаттарында Kazakh American Association ұйымын ресми түрде тіркедік.
Миссия және идея жайында
Қауымдастықтың идеясы — туған жерімен байланыстыратын отандастар қауымдастығын құру. Біз адамдардың бір-біріне көмектескенін, бір-бірімен араласқанын және қызығушылықтарына қарай шағын топтар құрғандарын қаладық.
Біз адамдардың бір-біріне көмектескенін қаладық
Бүгінгі таңда миссиямыз — АҚШ пен Қазақстан арасында мәдени қарым-қатынас дамыту.
Қауымдастықтың қызметі туралы
Біртіндеп қауымдастыққа кірген адамдар саны көбейе бастады. Біз АҚШ-қа жақында келген адамдардың тезірек жаңа орта, таныстар табуы үшін сайт жасап, Facebook-та топ аштық.
Біз түрлі іс-шаралар өткізіп тұрамыз. Жыл сайын Наурыз мейрамын тойлап, пикник өткіземіз. Бұрындары концерт ұйымдастыратынбыз, тіпті қазақ мектебіміз, «Балауса» хоры, балаларға арналған шағын би үйірмесі бар еді. Бұдан бөлек, балаларды жинап, мұражайларға апаратынбыз, Ричмондқа да баратынбыз. Мұның барлығы ерікті негізде, волонтерлік түрінде жүзеге асатын.
Алайда бүгінгі таңда барлығының басын қосу қиындау. Дегенмен қауымдастық мүшелері өздерінің қызығушылықтары бойынша жиналып жүреді. Мысалы, біреу баскетболды жақсы көрсе, ол отандастарымыз үшін спорттық шаралар өткізіп тұрады.
Дегенмен жыл сайын Наурыз мерекесіне жиналып, пикник өткізуді дәстүрге айналдырдық. Өкінішке орай, соңғы екі жылда біз мұндай ірі шаралар өткізген жоқпыз. Бірақ биыл тағы бәріміз бірге бас қосуды жоспарлап отырмыз. Бәлкім, саябақта — ашық аспан астында пикник өткізуіміз мүмкін, себебі іс-шараларға бұрынғыдай 200 емес, 500-ден астам адам келеді.
Қауымдастықтың мүшелігіне қалай кіруге болады
Қауымдастыққа мүше болу үшін Facebook-те тіркелсеңіз, сол жеткілікті. Біздің топқа қосылсаңыз болды, бірден қауымдастықтың мүшесіне айналасыз. Топта өзіңізді қызықтыратын сұрақтар қоюыңызға болады. Мен әрбір сұрақтың жауапсыз қалмауы үшін, сұраныстарды бақылап отырамын.
Біз басқа әлеуметтік желілерді жүргізбейміз, себебі бұл көп уақыт алады.
Мен біздің жастарымызға сүйсіне қараймын. Олар АҚШ-қа келіп білім алады, түрлі іс-шараларға қатысады, жеке тұлға болып қалыптасады және көптеген жетістіктерге жетіп жатады. Мансап жолында көтеріліп, бизнес ашып жатқандар қаншама. АҚШ-та тұратын қазақтар табысты. Олар өте еңбекқор, қиындықтарды жеңуге, бір-біріне көмектесуге әркез дайын тұрады.
Жоспарлар жайлы
Биылғы жылдың наурыз-сәуір, қыркүйек айларында пикник өткізуді жоспарлап отырмыз. Пандемия салдарынан жабылып қалған қазақ мектебінің жұмысын қалпына келтіру де жоспарымызда бар.